Май ауданында жылдар бойы шешімін күткен мәселелер аз емес. Олардың қатарында понтондық көпірді салу, ауруханадағы инженерлік желілердің жұмысын реттеу, аудан орталығындағы мектепті жөндеу бар. Аталған түйткілдерді тарқату үшін биыл қазынадан қомақты қаражат қарастырылып отыр. Сонымен қатар, ауданның экономикалық әлеуетін арттыра түсу үшін жаңа инвестициялық жобалар мықтап қолға алынбақ.

Облыс әкімі Асайын Байханов Май ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданның тыныс-тіршілігін байқап, күрмеулі мәселелерді шешу жолдарын тұрғындармен талқылады.

Алдымен аймақ басшысы Көктөбе ауылындағы мектепке барды. 1967 жылы пайдалануға берілген ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Мектептерді жаңғырту» бағдарламасы аясында осы жылы жүзеге аспақ. Ол үшін облыстық бюджет есебінен қаржы бөлінетін болады. Сонымен қатар, Асайын Қуандықұлы көшелердегі жолдар мен жарықтандыру желісінің жұмысын тексерді. Осы орайда жауапты сала мамандарына бірқатар тапсырма берді.

Кейін аудандық мәдениет үйінде жергілікті жұртшылықпен бірге ауданның алдағы уақыттағы даму бағытын талқылады. Атап өту керек, тұрғындар бұған дейін көтерген кей мәселелер бүгінде оң шешімін тауып үлгерді. Айталық, көпшіліктің өтініші бойынша Көктөбе мектебінде модульдік қазандық орнатылды. Ендігі ретте ауылдағы ағайынды алаңдатқан өзге де күрмеулі жайттар шешілмек. Мәселен, тұрғындардың шөп тасымалдауына кедергі келтіріп отырған жайтқа баса назар аударылды. Бұған дейін шабындыққа апаратын көпір апаттық болып, оның үстімен мал азығын тасымалдау қиындық тудырса, биыл жаңа понтондық көпірдің құрылысы қолға алынбақ. Сол сияқты біраз уақыттан бері аудандық аурухананың «бас ауруына» айналған инженерлік желілердің жағдайы реттеледі. Яғни, су бұру жүйесі салынады. Сөйтіп, жертөлені су баспауы тиіс.

Ауданға қарасты ауылдардың мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Көктемде Қаратерек ауылында спорт кешенінің, Ақжар мен Ақшиманда заманауи медициналық орталықтардың іргетасы қаланатын болады.

Сондай-ақ, Асайын Байханов ауданға сапары барысында Малайсары батырдың ұрпағы Мақат қажы және рухани ағартушы Ақбалық хазіреттің кесенелеріне барды. Сол жерде Ақшимандағы «Қалмаққырылған» саябағының жобасы талқыланды.

Атап өтерлігі, соңғы уақытта аудан аумағында тың өндіріс бастап, инвестиция құюға ниетті кәсіпкерлердің қатары артуда. Олардың бірі Көктас кен орнында мыс кендерін өңдеу бойынша инвестициялық жобаны іске асырмақ. Инвестор жобаға өз қаражаты есебінен 10,4 млрд теңге салуды көздеп отыр. Соның нәтижесінде жаңадан 273 жұмыс орны құрылады.

Ауыл шаруашылығы саласында да бұрын-соңды болмаған жоба қолға алынбақ. «Қара шеңгел» қыстағында Алтайдан әкелінген мамық жүнді таулы-алтай тұқымды ешкілер өсіріледі. Әзірше біздің елде дәл осындай шаруашылық жалғыз. Мұнда ет консервілері, кашемир мамығы дайындалып, экспортқа шығарылады.

Аталған жобалардың барысымен танысқан аймақ басшысы аудан әкіміне инвестициялық жобаларды бақылап, ауданның ішкі туризмі мен инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін киелі орындардың инфрақұрылымын дамытуды жүктеді.

Өз тілшіміз.