Photo Valeriy BUGAYEV

Биыл Аққулы ауданында бірқатар әлеуметтік нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жолдар жөнделуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында да ілкімді істер атқарылуда. Шаруалар мемлекет тарапынан берілетін көмекті тиімді пайдалануда.

 

Жаңа мектеп салынады

Апта басында облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Аққулы ауданына барып, елді мекендердегі атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады.

Алдымен аймақ басшысы Тілектес ауылындағы апатты жағдайда деп танылған мектептің жай-күйімен танысты. Мұндағы білім беру мекемесі 1972 жылы қамыстан салынған. Биылғы оқу жылында 51 оқушы білім алған. Мектепте дене шынықтыру және мәжіліс залы жоқ. Қазіргі уақытта 18 мұғалім мен 12 техникалық қызметкер еңбек етеді. Биыл бес бала 1-сыныпқа барады деп күтілуде. Ал шағын орталықта 8 бала тәрбиеленуде. Аталған мектепте жөндеу жұмыстары 2010 жылы жүргізіліп, жылу жүйесі ауыстырылған. Мектептің жағдайын анықтау мақсатында 2022 жылы мемлекеттік сараптама жасалып, күрделі жөндеу жұмыстары талап етіледі деген қорытынды шығарылған. 2024 жылы қайтадан сараптама жүргізіліп, мектептің техникалық жағдайы одан әрі пайдалану үшін жарамсыз деп танылған.

Апатты жағдайдағы білім беру мекемесінің орнына жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданды. Бұл – тұрғындардың талай жылдан бері орындалмай келе жатқан арманы екен.

Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов жаңа оқу жылында Тілектес ауылының оқушылары елді мекеннен 7 шақырым қашықтықта орналасқан Қызылқоғам ауылындағы мектепте білім алатынын айтты. Бұл ретте білім беру басқармасына автобус бөлу жөнінде өтінім берілген.

Жоба бойынша жаңа мектептің аумағы 1400 шаршы метрды құрамақ. 50 орындыққа шақталған ғимаратта 13 кабинет қарастырылған. Оның ішінде дене шынықтыру залы мен екі киім ауыстыратын орын да болады. Сонымен қатар, 40 орынға асхана, ұл және қыз балаларға арналған технология кабинеті, мәжіліс залы, 20 балаға шағын орталық, пән кабинеттері орналаспақ. Ал абаттандыру бойынша шағын футбол және баскетбол алаңы, балалар ойын алаңы да бой көтереді деп жоспарлануда.

Қазіргі уақытта жек учаскесін таңдау және құжаттарын рәсімдеу жұмыстары басталған.

Асайын Қуандықұлымен кездескен ауыл тұрғындары елді мекенге 100 орындық екі қабатты мектеп салуды сұрады. Аймақ басшысы бұл өтінішті орындай алмайтынын кесіп айтты. Себебі елді мекендегі тұрғындардың саны соңғы бес жылда 46 адамға азайған. Қазіргі уақытта 256 адам тұрады. Өткен оқу жылында 48 бала ғана білім алған. Ауылдағы 63 отбасының 35-і мал ұстамайды екен. Осы жағдайларды ескере отырып, 20 орындық шағын орталығы бар, 50 орындық мектеп салу жөнінде шешім қабылдады.

Ауыл тұрғындары жоғарыда айтылған жаңа оқу жылында балаларын Қызылқоғам ауылындағы мектепке жібере алмайтындарын айтады. Өйткені баланың қауіпсіздігі үшін алаңдаулы. Бұл ретте аймақ басшысы ата-аналардың тілегін ескеріп, қолхат жазу негізінде жаңа мектептің құрылысы аяқталғанша ауыл балалары ескі мектепте білім ала алатынын жеткізді. Тек жауапкершілікті ата-аналар өздеріне алуы тиіс.

– Құрылыс кезінде 100 немесе 50 орындық мектеп салудың айырмашылығы аса көп емес шығар. Бірақ үлкен мектептің қызметі қымбат болатынын ескеру керек. Электр қуаты мен көмір бар. Тіпті, еденді жуудың өзі шаршы метрмен есептеледі. Жаңа мектепте балалар екі ауысым бойынша білім алады. Тұрғындардың күнкөрісі мен балалардың санына динамика жасау арқылы осындай шешімге келдік. Тұрғындардың тілегі бойынша оқушылар ескі мектепте оқуларын жалғастыратын болады. Ал жаңа мектептің құрылысы шамамен 7 айға созылуы мүмкін, – деді Асайын Қуандықұлы.

Жолдар жөнделуде

Жұмыс сапары барысында облыс басшысы облыстық бюджеттен бөлінген бонустық трансферт есебінен салынған Қызылқоғам ауылындағы шағын футбол алаңының сапасын тексерді. Биыл бонустық трансферт шеңберінде Бесқарағай, Тақыр, Қазантай, Майқарағай, Төсағаш, Шақа ауылдарында балалар алаңы, Әйтей, Қызылқоғам, Тақыр, Төсағаш, Жабағылы, Шәмші ауылдарында шағын футбол алаңы жабдықталады деп жоспарлануда.

Облыс әкімі Қарақала-Қазы-Баймолдин автожолының 7,5 км және Аққулы-Қазы-Майқарағай жолының 7,5 км жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, жолдарды абаттандыру жұмыстары басталды.

Биыл ауданда 34,7 км жолға орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда, оның ішінде 15 км – аудандық маңызы бар Қарақала-Қазы-Баймолдин және Аққулы-Қазы-Майқарағай жолдары. Аудан әкімі Руслан Мұқановтың айтуынша, биыл облыстық бюджеттен 5 ауылға кіреберіс жол төсеуге 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта Мерғалым ауылындағы жұмыс толық атқа-рылған. Малыбай ауылындағы ұзындығы 4 шақырым кіреберіс жолға асфальт төселуде, Қызылқоғам ауылындағы жұмыстарды мердігер осы айдың соңына дейін аяқтамақ. Ал Төсағаш ауылындағы ұзындығы 13 шақырым кіреберіс жолды мердігер «АЗА» ЖШС шілде айында аяқтайды. Сонымен қатар, Шарбақты ауылындағы 600 метр кіреберіс жол да жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта елді мекендердегі кіре беріс жолдың жөнделу көрсеткіші 58 пайызды құрайды. 2025 жылы мұндай жұмыс тағы 7 ауылда жүргізілмек. Нәтижесінде ауылдағы кіре беріс жолдардың асфальтталу көрсеткіші 95 пайызға жеткізілмек.

– 2026 жылға тек Жабағылы ауылы ғана қалады. Бұл ауылда 200 адам тұрады. Ұзындығы 35 шақырым жолды қалпына келтіру керек. Қымбат жоба болайын деп тұр, – деді аудан әкімі.

Аймақ басшысы жол жөндеу бойынша көп жұмыс атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Жылдар бойы жөндеу көрмеген жолдарға асфальт төселуде. Енді оның сапасын бақылау қажет. Жабағылы ауылындағы жолды жөндеу уақыт еншісінде екенін атап өтті.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдар-ламасы аясында Қарақала ауылында ілкімді істер қолға алынған. Елді мекенде дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы, «Айгөлек» балабақшасында күрделі жөндеу жұмыстары, жалпы ұзын-дығы 4,5 км болатын ауыл ішіндегі Теміржанов, Джанхотов, Арынов, Жабағин көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде дене шынықтыру сауық-тыру орталығының құрылысы аяқталуға жақын, модульдік қазандық толығымен орнатылды. Жобаның құны – 373 миллион теңге. Мердігер – «ALTYN LTD» ЖШС.  Мердігер нысанды маусым айының соңына дейін тапсыруды жоспарлауда. Аймақ басшысы құрылыс нысанының не себепті кешіктірілгенін сұрады. Мердігер Ақылбай Оразов Павлодар облысында бірінші рет жұмыс істеп жатқандарын алға тартып, қыс мезгіліне есеп жасай алмағанын айтты. Қыс айында құйған еден әлі кеппеген. Материалдар толығымен дайын. Облыс әкімі мердігер ұйымға жұмысты сапалы орындауды тапсырды. Өзге нысандарда еңбек етуі осы дене шынықтыру кешенінің сапасына қарай анықталмақ.

«Айгөлек» балабақшасында жұмыстардың жалпы көлемінің 75% орындалған. Асайын Байханов аудан әкіміне әлеуметтік нысандардағы жұмыстардың мерзімдері мен сапасын бақылауды тапсырды.

Шаруалармен жүздесті

Биыл Аққулы ауданындағы егістік көлемі 19 мың 104 гектарды құрамақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға көп.

Аудан әкімі Руслан Мұқанов майлы дақылдар бойынша биыл ауданда алғаш рет 420 гектарға соя отырғызылғанын атап өтті. Жамбыл ауылдық округіндегі «АгроСервис-Аққу» ЖШС былтыр картоп салған болса, биыл соямен айналысуды қолға алған. Сондай-ақ, кәсіпкер 4 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасын салмақ. Бұдан бөлек, ауданда 2024-2025 жылдар аралығындағы инвестициялық жобалар да жүзеге асырылмақ. Бұл ретте облыс әкімі «Дәнекер» ШҚ ЖШС-нің 932 га алқапта суармалы жерді іске қосу бойынша инвестициялық жобаның іске асырылуын, сондай-ақ, қуаттылығы 2100 текше метр болатын сорғы станциясының құрылыс барысын тексерді. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңге, оның 800 млн теңгесі меншікті.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы 1200 бас асыл тұқымды мал және бақша дақыл-дарын өсірумен айналысатын «Қайрат» шаруа қожалығына барды. Шаруашылық бақша дақылдары бойынша тұқым өсіру мәртебесіне ие болды. Биыл 200 гектарға тұқым себілген. Өнімді кеңейту мақсатында қожалық басшысы асқабақ тұқымын дайындау цехын ашты. Облыс әкімі жергілікті шаруалармен кездесіп, жайылым, субсидия мәселелерін талқылады. Шаруалар биылғы толассыз жаңбыр мол астық жинауға мүмкіндік беретінін айтты. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдау үшін ризашылық-тарын жеткізді. Шарауалардың дені субсидияның нәтижесінде техникаларын жаңартқан.

Облыс әкімі аудан басшылығына ауданда іске асырылып жатқан жобаларға қолдау көрсетуді тапсырды.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА, Аққулы ауданы.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.