Аққулы ауданы — облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келе жатқан өңірлердің бірі. Аудан тұрғындарының бірқатары атакәсіп – мал шаруашылығы мен егіншілікті қатар ұстап, тынбай еңбектеніп, жерден несібесін тауып келеді. Енді бір бөлігі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану арқылы отбасының ырысын арттырып отыр.

 

Мектеп жаңа кейіпке енді

Аққулы ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы табысты іске асырылуда. Жамбыл ауылының тұрғындары бағдарламаның қызығын көріп, ауылдары көркейіп келе жатқанына қуанышты. Биыл Аққулы ауданының Жамбыл орта мектебі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтті. Білім ордасы 2017 жылы кішігірім жөндеу жұмыста-рынан өткізілген, шатыры жөнделіп, бірқатар әйнектері ауыстырылған. Ал биыл мектеп күрделі жөндеуден толық өткізілді. Конкурс негізінде Жамбыл орта мектебіне шымкенттік «ГрадСтройСервис» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жобаға 247 млн теңге қаражат бөлінген. Мектеп оқушылары жаңа оқу жылын жаңартылған мектепте қарсы алды. Аралас мектепте бүгінде 136 бала білім алады. 1968 жылы салынған мектеп ғимаратына жаңа едендер, терезелер мен есіктер қойылған. Жоба бойынша электр кабелі, ванна бөлмелері, жылыту батареялары ауыстырылып, едендері жаңартылды. Спорт залы, мәжіліс  залы жаңа кейіпке еніп, асханасы кеңейтілген. Сонымен қатар, мектепке Wi-Fi орнатылған. Сондай-ақ, Жамбыл орта мектебінің оқушыларына қысы-жазы хоккей ойнауға мүмкіндік бар. Себебі жаңа хоккей кортына дренаж жүйесі тартылып, жасанды жабын төселген. Мектеп директоры Қанат Сұлтанғазиннің айтуынша, жоба бойынша мекеменің аумағына қысқы хоккей кортын салу ғана қарастырылған. Білікті басшының ұсынысымен нысан әмбебап алаңға айналған.

– Жабынды алып тастау мүмкін емес, оның дренаж жүйесі бар. Жауған қарды таптап, үстіне мұз айдыны құйылады. Көктемде су еріп, жабындыдан өтеді, – дейді Қанат Сұлтанғазин. Сондай-ақ мекемеде спорт алаңы, шағын футбол алаңы абаттандырылып, жоғары сынып оқушыларына алғашқы әскери дайындық сабақтарына қажетті құрал-жабдықтар қалпына келтірілген. Шағын ауылдардан жоғары сыныпта оқитын 24 бала автобуспен тасымалданады.

Мәдениет үйі көркейді

Биыл Аққулы ауданының Жамбыл ауылында мәдениет үйі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілді. 1987 жылы  салынған нысанның жөндеу жұмыстарын «Иман» ЖШС жүзеге асырды. Бұл мақсатқа бюджеттен 110 миллион теңге бөлінген. 2011 жылы жартылай жөнделген нысанның жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, ғимараттың терезелері мен жылыту жүйесі, электр желілері ауыстырылды. Сонымен қатар, кафель салынып, ғимараттың қасбеті металл сайдингпен қапталды. Осылайша екі қабатты ғимараттың іші-сырты толығымен жаңартылды. Мәдениет үйінің аумағы қоршалып, алаңы абаттандырылып, қима тастар төселді. Өнер ордасында вокал және би, драма театр үйірмелері жұмыс істейді. Мәдениет үйі жаңарған Жамбыл ауылының жастары ауданның мәдени өміріне белсенді қатысады. Алдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енбеген фельдшерлік-акушерлік пункт пен 25 орындық «Күншуақ» бала-бақшасын облыстық бюджет есебінен жөндеу қарастырылуда. Екі нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы, сонымен қатар, үш ауылдың кіреберіс жолдарын жөндеу және жарықтандыру жобалары да дайын. Округтегі шағын ауылдардың орталық көшелеріне жол салу жоспарланып отыр.

Жолдар жөнделді

Жамбыл ауылдық округ әкімі Нұрман Айтуғановтың мәліметінше, биыл Жамбыл ауылында аудандық бюджет есебінен жалпы ұзындығы 6,1 шақырымды жолдар жөндеу жұмысын «Дорстрой» ЖШС мердігер ұйымы атқарды. Оған 237 млн теңге қаражат бөлінген. Ынтымақ, Жамбыл, Гагарин, Тәуелсіздік, Красный рыбак, оған қоса үнемделген қаражат есебінен Бірлік көшесі қоса жөнделіп, көшелердің қиылысы да қамтылды. Ауылдық округ әкімінің айтуынша, ауылдың Қалиев және Қазақстанның 40 жылдығы көшелері алдағы уақытта жөнделмек. Сонымен қатар, ауылда саябақтарға асфальт төселіп, көшелер толығымен жарық-тандырылған.

Көшелер жарықтанды

Аққулы ауданының Ямышев ауылдық округіне қарасты Ауылдық округ тұрғындары есептік кездесулерде балалар алаңын салу мәселесін жиі көтеретін. Биыл Қызылқоғам, Тілектес ауылдары тұрғындарының тілегі орындалып, ойын алаңдары салынды. Ауылдық округтің әкімі Бақытжамал Рахметованың айтуынша, биыл Ямышев ауылына кіреберіс жол жөнделді. Оған 53 млн теңге қаражат бөлініп, 1,1 шақырым жолға орташа жөндеу жасалған. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен жарықтандыруға 13 миллион теңге бөлінді. Ямышев ауылында үш көше және кіреберіс жолы, Тілектес, Қызылқоғам ауыл-дарының кіреберіс жолдары және бір-бір көшесі жарықтандырылды.

— Алдағы жылы Қызылқоғам ауылына кіреберіс 1,2 шақырым жол салынады. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Оған аудандық бюджеттен 54 млн теңге бөлінбек. Қызылқоғам ауылына футбол алаңын салу жоспарланып отыр. Ямышев ауылына мектеп пен балабақша алаңына кеспетас төселеді. Сонымен қатар, осы ауылдың екінші кіреберісі жөнделеді, — дейді ауылдық округтің әкімі Б.Рахметова. Сонымен қатар, келер жылы Тілектес орта мектебі мен бала-бақшасын күрделі жөндеу жоспарланып отыр.

Сумен жабдықталды

Ямышев ауылдық округінің Қызылқоғам ауылында су құбыры салынуда. 85 үйге су құбыры өткізілді. Қызылқоғам ауылы орталық сумен жабдықталуда. Су құбырлары тікелей үйлерге дейін  тартылды. Қызылқоғам ауылында барлығы 300 адам тұрады. Су құбырының құрылысы мамыр айында басталған және жоспарланған 6,5 шақырым құбыр салынған. Мердігер Санатбек Магмуровтың айтуынша, бірінші көтергіш сорғы суды сақтау резервуарларына көтереді, екінші көтергіш сорғы тазартылған суды орталық жүйеге шығарады.

–  Мұндағы су нашар, тазартуды қажет етеді. Электр қуатын үнемдеу үшін тазарту станциясы мен сорғыны бір ғимаратқа орналастырамыз, – дейді мердігер ұйымның директоры С.Магмуров. 248 тұрғыны бар Тілектес ауылы әзірге кешенді блок-модуль суын пайдаланып отыр. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарын орталықтандырылған сапалы ауыз—сумен қамтамасыз ету көзделген. Биыл судың сапасы зерттеуге алынған. Ендігі жылы жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленбек.

Байланыс сапасы да жақсарады

Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жаңатаң, Әйтей ауылдарында мемлекеттік бағдарлама бойынша байланыс мұнарасы орнатылған. Қазір елді мекендердегі интернет желісі және байланыс сапасы жақсы. Алайда Жамбыл ауылында байланыс мәселесі әзірге шешімін таппай отыр. Ауыл аудан орталығынан сегіз километр қашықтықта орналасқанымен, байланыс сапасы көңіл көншітпейді. Ендігі кезек – 1187 тұрғыны бар Жамбыл ауылында. Ауылдық округ әкімі Нұрман Айтуғановтың айтуынша, жақында ауылға демеушілер есебінен байланыс мұнарасы орнатылмақ.

– Округте 18 шаруа қожалығы бар. Жаңатаң ауылында «Агросервис Аққу» ЖШС атты үлкен шаруашылықтың басшысы Әлібек Несіпбеков ауылға мұнара сатып алуға 1 миллион теңге бөліп отыр. Мұнараның биіктігі – 25 метр. Тасымалдау және орнату үшін тендер өткізілді. Экономиканың нақты секторы бөлімі оған 2,5 миллион теңге бөлді. Жақында мұнараны орнатып, байланыс сапасын жақсартамыз, – деді округ әкімі. Әкімнің айтуынша, мұнараны орналастыру жері ауыл тұрғындарымен келісілген. Болашақ мұнара ауылдың орталығында орнатылмақ. Жалпы, Аққулы ауданында берекелі істердің көптігі көңіл қуантады.

«Талбесікті» әзірлеген – Торғын ОРАЗАЛЫ,

Аққулы ауданы.

Суреттерді түсірген – Константин Шелков.