Облыс әкімі Асайын Байханов аудан-қалаларды аралап, әлеуметтік нысандарға барып, олардың жай-күйін тексеруде. Бұл жолы Ақтоғай, Железин аудандарындағы жергілікті жұртшылықпен жүздесіп, аудандарда жүзеге асып жатқан жобаларды көппен бірге талқылады. Өз кезегінде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, олардың шешу жолдарын ұсынды. Сондай-ақ, аймақ басшысы бірнеше жобаның атқарылу барысын байқады.

Алдымен Асайын Байханов Ақтоғай ауданына ат басын бұрды. Биыл мұнда 29 жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Мүткенов, Әуелбек және Жалаулы ауылдарында 7 су құбыры, 2 спорт кешені, 3 медициналық орталықты салу жұмыстары жалғасуда. Аймақ басшысы аудан әкіміне барлық жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.  Осы орайда Асайын Қуандықұлы Ақтоғай, Қожамжар, Приреченск, Қайран және Қараой ауылдарын сумен қамту сапасын жақсарту үшін Беловод топтық су құбырынан жаңа тармақ тарту қарастырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, аудан әкіміне «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жолболды, Мүткенов, Жалаулы, Барлыбай, Жоламан және Өтес ауылдарын абаттандыру үшін қажетті құжаттаманы дайындауды тапсырды. Аймақ басшысы ауданға сапары барысында бірнеше жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстарды тексерді. Айталық, Әуелбек ауылында мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мердігер қыркүйек айының соңына дейін әрлеу жұмыстарын аяқтап, аумағын абаттандыруды жоспарлап отыр.

Ал Жаңатап ауылында келесі айдың ортасына қарай орталықтандырылған су желісі пайдалануға беріледі. Барлық негізгі жұмыстар орындалды. Бүгінде мердігер қажетті жабдықты күтуде, оны орнатқан соң су іске қосылады.  Асайын Байханов Железин ауданында да болды. Мұндағы №1 қазандықтың жылу желілерін қайта жаңарту бойынша жұмыстарымен танысты. Ауданға бұған дейін жасаған сапары кезінде бұл жұмыстарды ерте тапсыруды жүктеген еді. Бүгінде мұнда 2 шақырым құбыр жаңартылып, жаңа 1,8 шақырым желі салынды. Бұл қосымша 40-тан астам абонентті жылуға қосуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, облыс әкімі Моисеевка ауылындағы апаттық мектептің орнына жаңадан салынып жатқан білім ордасында болды. Оның құрылысын қыркүйек айының соңына дейін аяқтайды. Асайын Байханов Железин ауданының тұрғындарымен кездесуде тұрғындарды толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап беріп, сондай-ақ, алдағы жылға жоспарланған жобалар туралы баяндады. 2024 жылы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша Прииртышск ауылындағы мәдениет үйі мен кентішілік жолдарды жөндеу жоспарланған. Аймақ басшысы аудан әкіміне облыстық жауапты басқармасымен бірлесіп Железинка-Веселая роща автожолының 32 шақырымын асфальттау жобасын әзірлеуді тапсырды. Сол арқылы Тереңкөлге дейінгі жол екі есе қысқарады. Облыс әкімі мұндай кездесулер өңірді одан әрі дамыту үшін өте маңызды екенін және тұрғындардың ұсыныстары қойылған міндеттерді шешуде оң әсер беретінін атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.