Железин ауданының Алакөл ауылына апаратын бір шақырымға жуық жол биыл ретке келтіріледі. Қазіргі таңда орташа жөндеу жұмыстары басталып кетіпті. Айта кету керек, бұл жолда ешқашан асфальт болмаған.

Демек, енді алакөлдіктер ауылына тас жолмен жетіп, шаңды жолды ұмытатын болады. Жөндеу жұмыстарын іске асыруды «АЗА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып алған. Мердігер компания ауылдың 950 метрлік кіреберіс жолын ағымдағы айда толық аяқтауды жоспарлап отыр. Алакөл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Дильнар Шагееваның айтуынша, бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен бөлінген трансферттік қаржы – 46 млн теңге жұмсалады.

Аталмыш ауылда 570 адам тұрады. Биыл елді мекеннің балаларына да тарту жасалмақ. Яғни, балалар алаңы орнатылады. Оған 10 млн теңге қарастырылыпты. Бірақ, конкурс нәтижесінде 7 млн теңге бағытталатыны белгілі болған. Сондай-ақ, көшелері жарықтандырылады. Бұл мақсатқа 13 млн теңге жоспарланған. Жобалар маусым айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.