Соңғы жылдары облыста қысқы туризмді дамытуға баса назар аударылуда. Бұл бағытта Мырзашоқы тау-шаңғы базасының әлеуеті зор.

Облыс тұрғындары мен қонақтары қысқы уақытта шаңғы теуіп, арқанды жолмен жүріп, тау бөктерінен төменге сырғанап түсуді қаласа, Мырзашоқыға баратын болды. Былтыр бұл тау-шаңғы базасы екі ай жұмыс істеп, үш мыңға жуық демалушыны қабылдаған еді. Биыл туристер санын одан да көбейту үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Мәселен, құтқарушылар белдігі, зембіл сатып алынып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Сонымен қатар, 40 куб контейнер жеткізілді.

— Мырзашоқы тау-шаңғы базасына келушілерге жайлы жағдай жасау мақсатында 3,75 шақырым кіреберіс жолын жөндеуге және 2,2 шақырым су құбырын қазу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Бүгінде сараптамадан өтуде, — деді аудан әкімі Ардақ Кісентаев. Сондай-ақ, аудан басшысы Көгенбай шоқысы орналасқан жерді әкімшілік балансына жалға алу бойынша жұмыс жүргізуді жүктеді. Бұл аумақ ауылдық округ балансына алынса, аталған жерді күтіп-ұстау, жақсарту бағытында жобалар басталады.

Өз тілшіміз.