Май ауданында Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына орай ғылыми конференция өтті. Онда оқушылар зерттеу жұмыстарын қорғап, шағын қойылым көрсетті.

Май ауданының білім беру бөлімінің мәліметінше, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы аясында оқушылар арасында аудандық танымдық-зерттеушілік конференциясы өтті. Оған аудан әкімі, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер және мектеп оқушылары қатысты.

Шарада жергілікті ақын Ерлан Аманқожа қазақ тарихында ғана емес, дүние жүзінде геология ғылымының дамуына зор үлес қосқан ұлы тұлға Қанышқа арнауын орындады.

Конференция темірқазық жұлдызы сияқты, алыстан жарқырап, ел болашағы үшін аянбай еңбек еткен тау тұлғаның арманын бейнелейтін Көктөбе орта мектебі дайындаған «Қаныштың арманы» атты шағын қойылыммен жалғасын тапты.

Конференцияға және STEAM көрме-жәрмеңкеcіне белсене қатысқан оқушыларға білім беру бөлімі тарапынан сертификаттар табысталды.

 

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.