Бюджет нақтыланды

Мам 2, 2025

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті. Маңызды жиында 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет көлемі нақтыланды.

Сессия отырысына Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко, депутаттар қатысты. Алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук баяндама жасап, 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау жобасын ұсынды. Оның айтуынша, бюджетті нақтылаудағы негізгі басымдық – Ақсу қаласы әкімдігінің 2023 жылғы әлеуметтік кредиттік тұрғын үй құрылысын салу және іске асыру мақсатында алынған негізгі қарызды өтеу мәселесін шешуге бағытталған.

— 2 тұрғын үйдің құрылысына бағытталған облигациялық қарыздың көлемі 3,2 млрд теңгені құрады. Несиелік тұрғын үйдің айналым мерзімі – 24 ай. Алайда тұрғын үйлердің уақытылы тапсырылмауына байланысты пәтерлерді сату ісі үш айға кешіккен. Бұл жұмыс өткен жылдың қазан айында басталуы керек еді. Тек биыл 1 қаңтарда ғана қолға алынды. Ақсу қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта 216 пәтердің 72-сі сатылып, тағы 50 өтінім қаралуда. Бірақ қала бюджетіне тек 20 пәтерден 308,9 млн теңге  түскен. Қалған 805,9 млн теңге 2025 жылғы сәуір-қыркүйек айлары аралығында шарттарға сәйкес түседі деп күтілуде, — деді И.Назарчук.

Ирина Петровна бюджетті нақтылау кезінде спорт саласындағы мәселелер назарға алынғанын атап өтті. Бұл ретте «Екібастұз» футбол кәсіби клубының легионерлерін ұстауға 20,9 млн теңге, Ақтоғай ауданы Ақжол ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ұстауға 11,9 млн теңге қарастырылған. Оңтайландырылған қаражат есебінен 182,2 млн теңге республикалық және халықаралық жарыстарға дайындалуға және қатысуға, балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін жабдықтауға бағытталды. Бұған қоса, Павлодар қаласының «Достық» шағын ауданында №27 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау үшін 1,6 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару қарастырылды, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға жататын кезектегі азаматтарға тұрғын үй сатып алу үшін 8,0 млрд теңге бөлінді.

Сессия отырысында облыста жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларын бекіту де ұсынылды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы  Ержан Иманзайыпов жаңа қағидаға сәйкес, қала мен аудан әкімдері тиісті аумақта жылыту маусымына дайындық жөніндегі іс-шаралар жоспарын қаулымен бекітетінін айтты. Бұл іс-шараларды жоспарлау сапасын және дайындау мен орындауда әкімдердің жауапкершілігін арттырады. Қала-аудан мәслихат депутаттары жұмыстың орындалуына мониторинг жүргізеді. Бұған дейін жылыту маусымына дайындық бойынша іс-шаралар жоспары облыс әкімінің қаулысымен бекітілген.

Маңызды жиында облыстық прокуратура өкілдері жер және аграрлық мәселелер жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы мәселені бекітуді ұсынды. Облыстық мәслихат депутаттары жоғарыда аталған қағидаларды бірауыздан қолдап, дауыс берді.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.