1992 жылы 4 маусым күні тәуелсіз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл – елдің егемендігін көрсету үшін қабылданған алғашқы қадамдардың бірі. Павлодар қаласында айтулы күнге арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мемлекеттік рәміздер алаңында Әнұран орындалып, Мемлекеттік Ту көк аспанға көтерілді. Шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов та қатысты.

— Елтаңба, Ту және Әнұран – біздің басты мақтанышымыз. Әнұран орындалып, көк байрағымыз желбіреп тұрғанда бойымызды билейтін ерекше сезім бәрімізге таныс болар деп ойлаймын. Рәміздерімізге қарап халықаралық форумдар мен спорттық жарыстарда елімізді таниды. Әрбір азамат еліміздің шынайы патриоты болуы тиіс. Отанға адал, шын жүректен қызмет ететін патриоттар болғанда ғана еліміз қуатты мемлекетке айналады, — деді Асайын Байханов.

Аймақ басшысы спортта, оқуда және шығармашылықта ерекшеленген алты жасөспі-рімге жеке куәлік табыстады. Мереке қарсаңында олар 16 жасқа толды. Табыстау барысында балаларға «Абай жолы» роман-эпопеясының кітаптары сыйға тартылды.

Алаңға жиналған қала тұрғындарының барлығы бірге Әнұран орындап, ішкі рухты жандандырды. Әскери шені бар адамдар марштық жүруге қатысты.

Шара автошерумен аяқталды. Оған 10 автокөлікте 30-ға жуық адам қатысты. Қатысушылар Мемлекеттік Тумен Лермонтов көшесінен бастап Орталық жағалауға дейін қаланың орталық көшелерімен жүрді.

Арай МАРАЛБАЕВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті.