Павлодар облысының ауылдарында кәмелетке толмағандар жөніндегі комис-сиялар құрылады. Ауыл әкімдерінің немқұрайлылығын көрсеткен Бесқауға ауылы және Шідерті кентіндегі балалардың қаза болуы жағдайлары осындай шара қолдануға ықпал етті. Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы және өзге де өзекті мәселелер талқыланды.

Арнайы комиссиялар құрылады

Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманованың айтуынша, облыс қалаларында жедел әрекет ету топтарының жұмысын талдау мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың әлсіздігін көрсеткен. Балалар қайтыс болғаннан кейін Қоянды ауылдық округі мен Шідерті кентінің әкімдері, сондай-ақ, Екібастұздың әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы лауазымынан босатылып, бірқатар шенеунік тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

— Бесқауға ауылындағы Давыдовтар отбасының мәртебесін анықтау жұмысы жеткілікті деңгейде жүргізілмеген. Барлық мүдделі мемлекеттік органдар оларды тексергенімен, бұл отбасына әлеуметтік қолайсыздықтан шығуға көмектесу үшін ешқандай шара қолданылмаған, — деді Айзада Құрманова. Облыс әкімінің орынбасары қолайсыз отбасылармен жұмыс істеу жүйесінде мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын үйлестірудің бірыңғай операторы қажеттігін алға тартты. Осылайша отбасыларды өмірлік қиын жағдайға тап болған сәттен бастап одан шыққанға дейін бақылау қажет. Сонымен қатар, әкімдіктерге келесі жылы осындай әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау орталықтарын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл коммуналдық мемлекеттік мекеме немесе мемлекеттік тапсырыс механизмі болуы мүмкін. Аппараттық кеңесте кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларды ірі ауылдар мен кенттер әкімдерінің жанынан құру туралы ұсыныс айтылды.

– Шідерті, Солнечный, Майқайың, Ленин кенті секілді облыстың ірі елді мекендерінің базасында арнайы комиссия құру туралы ұсынысты толық қолдаймын. Облыс әкімдігі тарапынан да тұрақты бақылау қажет. Бұл мәселеде депутаттар да шет қалмауы тиіс. Әр округте халық сенім білдірген азаматтар бар, — деді Асайын Байханов. Кейбір елді мекендерде тұрғындар саны көп. Мәселен, Солнечный және Павлодар ауылдарында тұратын халық саны 6 мыңнан асады, ал Ленин және Майқайың кенттерінде 10 мыңнан астам тұрғын бар. Аудандық комиссияларды сол елді мекеннің әкімдері басқарып, белгілі құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады.

Балалар дәрігеріне көмекші беріле ме?

Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында облыс әкімінің орынбасары А.Құрманова оқыс оқиға хронологиясын баяндады. Белгілі болғандай, қыз бала Павлодар қаласының №3 емханасына тіркелген. 1 тамызда анасы балаларымен Ақтоғай ауданына қоныс аударған. Тамыз айының соңынан бастап отбасы Екібастұзда тұрады, бірақ №3 қалалық емханаға тіркелмеді және медициналық көмекке жүгінбеген.

— Аулааралық аралау кезінде отбасы анықталмаған. Медициналық мекемелер арасында ескерту алгоритмі сақталмағандықтан, Павлодар мен Екібастұздың №3 емханаларының басшылығына тәртіптік жаза қолданылды, – деді Айзада Құрманова. Шідерті кентінде 8 айлық нәресте қайтыс болған соң павло-дарлық педиатрларға көмекке үшінші медбике беру мәселесі қарастырылды. Облыс әкімінің орынбасары 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық мекемелер штатына қамқорлыққа жауапты үшінші медбикені енгізуді ұсынды. Бұрын учаскелерде екі қызметкер жұмыс істесе, оның біреуі патронажға жауапты болды.

— Жалпы, облыс бойынша 300-ден астам тұрмысы төмен отбасы бар. Медицина қызметкерле-рінің шалалығы да бар, оған қатысты шаралар қабылданатын болады. Жауапты мемлекеттік органдардың бір-бірімен неге өзара әрекеттеспейтіні түсініксіз, барлық жұмысты қайта қарау қажет, — деді Асайын Байханов. Осы қайғылы жағдайдан соң бұған жол берген Павлодар және Екібастұз қалаларындағы №3 емха-наларының басшыларына тәртіптік жаза қолданылды.

Жосықсыз мердігерлер жазаланады

Облыс әкімі Асайын Байханов әлеуметтік нысандардың құрылыс және жөндеу жұмыстарының мерзімін бұзған проблемалы мердігерлерді жазалауды тапсырды. Аппараттық кеңесте бюджетті және онымен байланысты тәуекелдерді игеру мәселесі қаралды. Мәселен, «Дипломмен – ауылға!» бағдарла-масы бойынша республикалық бюджеттен 177 миллион теңге игерілмеген. Оның себебі – тиісті өтінімдердің болмауы.

— Бұл – ауылдық жерлерге жетіспейтін мамандарды тартуды көздейтін бағдарлама. Аудандар тиісті ресурстарға ие болмай, неліктен мұндай соманы талап ететінін түсіну керек. Нәтижесінде қаржы игерілмей қалады, — деді облыс әкімі Асайын Байханов. Аймақ басшысы, сондай-ақ, бірнеше проблемалық инфрақұрылымдық нысандардағы жұмыстар барысын пысықтады. Павлодар қаласы әкімі Хасар Хабылбеков облыстық мамандандырылған балалар үйінің күрделі жөндеу барысы туралы баяндады. Мердігер «ГрадСтройСервис» ЖШС оны 20 желтоқсанға дейін пайдалануға беруге уәде етті. Павлодар ауданындағы Сычевка мектебінің құрылысы да аяқталуға жақын. Нысанды тапсырудың бастапқы мерзімі аяқталғанымен, мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Оның мердігері – «Құрылыс» МСУ мекемесі. Бұған дейін кәсіпкер барлық жұмыстарды уақытылы аяқтайтынына сендіріп келген.

— Мердігерлерге қатысты ықпал ету шараларын қабылдау керек. Өйткені олар құрылысты кешіктіріп отыр. Біз оны үшінші тоқсанға қоса алмаймыз, ол үшін барлық процедуралардан өтіп, мектепті 20 желтоқсанға дейін тапсыру керек. Құрылыс барысын тексеру қажет, — деді Асайын Байханов. Облыс әкімі «ГрадСтройСервис» ЖШС-не тиісті шараларды қолдануды тапсырды. Жалпы, биыл облыс қазынасына жоспарланған салық пен салықтық емес түсімдер, негізгі капиталдар межеден асып түскені байқалады. Атап айтқанда, 2,1 млрд теңгеге асыра орындалып отыр. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатовтың айтуынша, жыл басынан бері барлығы 257,9 млрд теңге қаржы қазынаға түсті. Дей тұрғанмен, 2958,5 млн теңге орындалмады. Игермеудің негізгі сомалары Екібастұз, Павлодар қалалары, Успен, Ақтоғай, Баянауыл аудандары және құрылыс басқармасына тиесілі. Ендігі ретте, осы бағыттағы жұмыстарды ширата түсу қажет.

Т.ӘБІЛДА.