ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармония оркестрі Павлодар облысына гастрольдік сапармен келді. Аталмыш шығармашылық топ Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында өнер көрсетті.
Дирижер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Қанат Ахметов, солистер – Игорь Благодарный, Береке Еңкебаева.
ҚР мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің концертмейстері Мұрат Бисенғалиев филармонияның тарихымен таныстырып өтті.
— Біздің мемлекеттік үрмелі оркестр 1990 жылы ашылды. Сол кезден бері қызмет етіп келемін. Осы уақыт аралығында мол жетістіктікке жеттік. Түрлі қалаларда, тіпті шетелдерге гастрольдік іссапарлармен барып, бас жүлделерге ие болдық. Әр жыл сайын шығармашылық кешімізді беруге тырысамыз. Ұжымдағы барлық қызметкер талантты, — дейді М.Бисенғалиев.
Күні кеше Павлодар қаласында өткен алғашқы концерт Ертіс өңірінің өнерсүйер қауымына ғажайып атмосферамен бірге әдемі әсер сыйлады. Оркестрдің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Ахметов дирижерлік еткен кеште отандық және шетелдік қомпозиторлардың тамаша туындылары орындалды. Сондай-ақ, концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Игорь Благодарный және халықаралық байқаулардың лауреаты Береке Еңкебаева, дирижер Жанат Әбілқасымов өнер көрсетіп, көптің ықыласына бөленді.
Айта кетейік, аталмыш филармония Екібастұз қаласындағы «Өнер» қалалық мәдениет сарайында өңір тұрғындарына қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық кешін өткізді. Сондай-ақ, концерт Ақсу қаласындағы С.Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында жалғасын тапты.
Өз тілшіміз.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.