«Достық үйінде»  өткен «Жақсы келін — ырысың» атты облыстық сайыстың әрбір қатысушысы осындай атқа лайық екендерін көрсетіп, көпшілікті тамсандырды. Бір-бір әулеттің берекесін келтіріп отырған келіндер, өнерден де құр алақан емес екен.

Аймағымыздың үш қаласы мен он ауданынан жан-жақты дайындық-пен келген келіндер бес кезеңнен тұратын жарыста барларын ортаға салды. Сән-салтанаты келіскен сайыс Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығының қолдауымен «Қоғамдық келісім» мекемесі және «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлес-тігінің ұйымдастыруымен өтті. Ұйым-дастырушылар мұндай жарыстар арқылы отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұлттық тәлім-тәрбиені насихаттауды мақсат етті. Келіннің ата-енеге деген, өз отбасына деген құрметі мен сыйластығын арттыру көзделген. Қазақтың келіндері «Сәлем – сөздің атасы» кезеңінде өздерін өлеңдете таныстырса, «Ойлы болсаң озып көр»-де салт-дәстүр, мақал-мәтелдерге қатысты сұрақтарға жауап берді. «Өнерлі келін» атты кезеңде қатысушылардың бірі би билесе, бірі тамылжыта ән салды. Енді бірі әдемі қойылыммен көрерменнің көңілінен шықты. «Шеберлікте шек жоқ» кезеңінде келіндердің қолынан келмейтін іс жоқ екені байқалды. «Сымбатты келін» бөлімінде ұлттық киім салтанат құрды. Етегі жерге төгілген, көздің жауын алатын әсем көйлек, камзол киген келіндер әдемі көрініске куә етті. Қазақтың шаңырағына келін болып, қазақтың салт-дәстүрін, тілін дәріптеуде ешкімнен кем түспеген өзге ұлт өкілдері де болды.

— Қатысушылардың әсемдігі, өнері, бәрі-бәрі жарасымды. Бірі-бірінен өтеді. Шыны керек, үздік үштікті таңдау оңай болған жоқ. Бәріне бірінші орын берсе де артық болмас еді. Әр шаңырақта береке, сыйластық барын сезіне алдық. Тіл байлықтарына тәнті болдым. Бойлары — тұнған өнер. «Қазақтың келіндері-ай» деген атқа лайық екенін көрдім. Осындай келіндер барда ұлтымыздың болашағына алаңдамаса болады, — дейді «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қазылар алқасының төрағасы Бақытжамал Максилова. Сайыс нәтижесінде бірінші орынды баянауылдық келін Мөлдір Әсетқызы иеленсе, екінші орын екібастұздық Марал Айтуғанға бұйырды. Үшінші орынға Ертіс ауданынан келген Мәдина Пазылбекова ие болды. Қалған қатысушыларға «Пысық келін», «Ақылды келін», «Инабатты келін», «Көрікті келін», «Шебер келін», «Мейірімді келін», «Жомарт алақан» атақтары берілді. «Ақылды келін» атанған тереңкөлдік Қарлығаш Қажыбаева сайыстан зор әсер алғанын айтады. Ол шаңырақтағы сыйластық береке-бірлікті арттыратынына сенімді.

Г.МАҒЖАН.