Бабамыздың үнісің сен…

Шіл 2, 2026

Қазақтың қара домбырасы – ұлттың жаны, халықтың рухани мұрасы. Сан ғасырдан бері халқымыздың қуанышы мен қайғысын, тарихы мен тағдырын қоңыр үніне сыйдырған қасиетті аспаптың қадірі ешқашан кеміген емес. Ал сол асыл мұраны жаңғыртып, домбыра жасаудың дәстүрлі өнерін бүгінгі күнге жеткізіп жүрген шеберлердің еңбегі ерекше құрметке лайық. Солардың бірі – павлодарлық шебер Ғалым Мәдениетұлы Мәліков.

Ғалым Мәдениетұлының негізгі мамандығы – еңбек пәнінің мұғалімі. Ұзақ жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, ағаш өңдеу ісінің қыр-сырын үйреткен ұстаз бүгінде ұлттық аспап жасауды өмірлік ісіне айналдырған. Соңғы 10 жылдан бері қара домбыра жасап жүрген шебер қазіргі таңда облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы жанындағы шеберханада еңбек етеді. Мұнда ол ұлттық қолөнерді дамытып қана қоймай, жастардың осы өнерге қызығушылығын арттыруға да үлес қосып келеді.

Оның айтуынша, домбыра жасау үшін асқан шыдамдылық, музыкалық білім, ең бастысы, ептілік керек. Бойында аталған 3 қасиет болмаған адамның қолынан шыққан дүние бәрі-бір ойдағыдай болмайды екен.
10 жылда 100-ден астам домбыра жасағанын айтқан ағаш шебері шикізатты арнайы тапсырыспен жергілікті ағаш өндіретін орындардан және Алматы секілді қалалардан алдыртатынын білдік.

– «Домбыраның жақсысы – ағашынан» демекші, ең жақсы деген материалдарды қолдануға тырысамын. Көбінесе қайың, қарағай, шырша ағаштарын қолданамын. Кейде бір домбыраның өзіне бірнеше ағаш түрі пайдаланылады. Бұл ұлттық аспаптың дыбысы күмбір-леп, таза шығуына да зор рөл атқарады.

Ағашты жонып, аспаптың қалыбын жасау соншалықты қиын емес. Талапқа сай дыбысын шығару біраз жұмысты қажет етеді. Негізі, домбыра жасағанда әуелі үлгісін сызып, шанағын пешке салып иіп аламыз, одан кейін мойын бетін 4-ке бөлеміз. Арасында тегістеп, желімдеу жұмыстары бар. Артынша бет қақпағын жасауға кірісеміз. Ең соңында ғана сырлап, әрлеу ісіне көшеміз. Қысқасы, бұл – үлкен процесс, – дейді шебер.

Шебердің қолынан әртүрлі үлгідегі домбыралар шығады. Бес жастағы бүлдіршіндерге арналған «Балдырған» домбырасынан бастап, кәсіби орындаушыларға лайық «Абай» үлгісіндегі аспаптарға дейін әзірленеді. Әр домбыра тапсырыс берушінің жасына, бойына және орындаушылық деңгейіне қарай жасалады. Сондықтан олардың бағасы да бірдей емес. Ғалым Мәліковтің айтуынша, аспаптың құны қолданылған ағаштың сапасына, жасалу күрделілігіне, дыбыс ерекшелігіне және оған жұмсалған еңбекке байланысты белгіленеді. Қарапайым үлгідегі домбыралар қолжетімді бағамен ұсынылса, жоғары сапалы, кәсіби орындаушыларға арналған аспаптардың бағасы 200 мың теңгеге дейін жетеді.

– Әр домбыраның өз ерекшелігі бар. Оның бағасы сапасына, жасалу тәсіліне және дыбысына қарай қалыптасады. Ең бастысы – сыртқы сәні емес, үні. Домбыра күмбірлеп, таза дыбыс беруі керек. Сонда ғана оның шынайы құндылығы артады, – дейді шебер.

Ғалым Мәліков тек домбыра жасаумен шектелмейді. Ол ұлттық қолөнерді насихаттап, ағаш өңдеу ісінің қыр-сырын жас буынға үйретуге де ерекше көңіл бөледі. Жергілікті мектептерге барып, оқушыларға ағаш таңдау, оны өңдеу, домбыраның әр бөлшегін жасау және үнін келтірудің әдіс-тәсілдерін көрсетіп, ата кәсіптің сабақтастығын жалғастыруға күш салып келеді.

– Бүгінде домбыраға қызығатын жастардың қатары көбейіп келеді. Баласын домбыра үйірмесіне беретін ата-аналар да аз емес. Өз қолыммен жасаған аспаптың біреудің өнер жолына серік болғанын көргенде ерекше қуаныш сезінемін. Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ол – ұлттың рухын сақтайтын қасиетті мұра, – дейді ол.

Ұлттық өнердің өміршеңдігі – оны жалғастыратын шеберлердің еңбегінде. Қасиетті қара домбыраға жан бітіріп жүрген Ғалым Мәліковтің қолынан шыққан әрбір аспап – тек ағаштан жасалған бұйым емес, халқымыздың тарихы мен рухын бойына сіңірген қастерлі мұра. Осындай азаматтардың еңбегі арқылы қазақтың қоңыр үні әлі талай ұрпақтың жүрегінен орын алып, ұлттық өнердің мәңгілік жасай беретіні анық.

Айдана Боранбаева.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.