Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мақсатында Павлодар облысының аумағында «Нелегал -2024» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Ол үшін полиция департаментінің көші-қон қызметі, криминалдық полиция, жергілікті полиция қызметі және басқа да жедел қызметтердің өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылды.

Аталған шараға жұмылдырылған қызметкерлердің мобильді топтары адам саудасы фактілерін, заңсыз көші-қон арналарын анықтау және қылмыскерлерді іздестіру бойынша базарларда, салынып жатқан нысандарда, шаруа қожалықтарында, шетел азаматтарының уақытша болу орындарында рейдтік іс-шаралар өткізеді. Сондай-ақ, мобильді топ облыс тұрғындарына қолданыстағы көші-қон заңнамасын түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізеді. Атап өтетін жайт, полиция қызметкерлері «Нелегал» жедел алдын алу іс-шарасы аяқталғаннан кейін де уәкілетті органның рұқсатынсыз шетелдік азаматтардың еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша бұзушылықтарды анықтау үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізеді.

Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Дәулет Ысқақовтың мәліметінше, рейд барысында полиция департаментінің қызметкерлері Павлодар облысының аумағындағы шет мемлекеттердің азаматтарын уақытылы тіркеуге тұру және көші-қон заңнамасын қатаң сақтау қажеттілігі туралы хабардар етеді. Полицейлер шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану фактілерін анықтауға, шетелдіктерді азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шығарып жіберуге, көші-қон заңнамасын бұзудың қылмыстық-жазаланатын фактілерін анықтауға ерекше назар аударатын болады. Полиция департаменті шетел азаматтарын көші-қон тәртібін бұзбауға және тиісті құжаттарды уақытылы ресімдеуге шақырады.

— Жедел-профилактикалық іс-шара барысында тәртіп сақшылары қонақ үйлерді аралап, «Халықтың көші-қон туралы» Заңның талаптарын сақтау туралы, қоныстанған шетелдіктер жайлы хабардар ету қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Заңсыз
көші-қонды анықтау және жолын кесу жұмыстары құзыретті органның тұрақты бақылауында. Мәселен, кешенді іс-шаралар нәтижесінде Павлодар қаласында құрылыс нысандарының бірінде Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз еңбек қызметін жүзеге асыратын Тәжікстан Республикасының азаматы анықталып, ұсталды. Ол 2023 жылғы маусымда Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының шешімі бойынша кінәлі деп танылып, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарылып жіберілуі тиіс еді. Алайда, бұл азамат бір жыл ішінде қасақана жалтарып, шығарып жіберу туралы сот шешімін орындамаған, — деп атап өтті көші-қон ведомствосының басшысы.

Аталған шетел азаматы құжаттандыру және Отанына оралу туралы куәлік алу үшін Астана қаласындағы Тәжікстан Республикасының елшілігіне дейін көші-қон қызметінің қызмет-керлерімен еріп жүрді. Құжаттама мен қажетті рәсімдер жүргізілгеннен кейін шетелдік азамат соттың шығарып жіберу туралы шешімін одан әрі орындау үшін шекара қызметінің қызметкерлеріне берілді. Бүгінгі таңда Тәжікстан Республикасының азаматы жер аударылды.

Сонымен қатар, рейд барысында Ақсу қаласының аумағында еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырған Өзбекстан Республика-сының азаматтары анықталды.

— «Нелегал-2024» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында суармалы алқаптарды тексеру кезінде тиісті құжаттарсыз жұмыс істеген Өзбекстан Республикасының тоғыз азаматы анықталды. Заңнаманы бұзғаны үшін шетелдіктер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материал сотта қаралды. Сот шешімімен барлық шетелдік азаматтар Қазақстан Республикасынан шығарылды. Бұдан басқа, шетелдік азаматтарды жұмысқа тартқан, бірақ олардың болуын заңдастыруға үлгермеген жұмыс беруші де жазаланады. Жұмыс берушіге 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерді елден шығарып жіберу жұмыстары жалғасуда, — деді Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Дулат Төкенов.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ