Осыдан екі жыл бұрын елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы басталған еді. Ол бала сүйе алмай жүрген мыңдаған отбасыға ата-ана бақытын сыйлады.

2021 жылы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Аңсаған сәби» деп аталатын үшжылдық бағдарлама басталды. Соның негізінде экстракорпоральды ұрықтандыру тәсіліне мемлекеттік квота бөлініп, 10 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Енді аталмыш бағдарлама тағы жеті жылға ұзартылмақ. Яғни, 2030 жылға дейін «Аңсаған сәби» жобасының игілігі арқылы ата-ана атануға мүмкіндік бар.

— Елімізде әр алтыншы отбасы бедеуліктен зардап шегеді. Оған экологияның нашарлығы, әйел мен ер азамат денсаулығының төмендігі себеп. Сондықтан да қазір экстракорпоралды ұрықтану (ЭКО) әдісіне сүйенетіндердің саны артып келеді. 2021 жылы Президенттің тапсырмасымен елімізде үш жылға арналған «Аңсаған сәби» бағдарламасы қабылданып, мемлекеттік квотаның саны жеті есеге ұлғайтылған болатын, — дейді Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин. Атап өтсек, 2021- 2023 жылдар аралығында 21 мың отбасына экстракорпоралды ұрықтану әдісі қолданылып, 10 мыңнан астам бала жарық өмір есігін ашты. Бағдарламаның ұзартылуына байланысты дүниеге келетін нәрестелердің саны тағы арта түсуі тиіс. Репродуктолог маманның айтуынша, 2030 жылға дейін әр жыл сайын міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен 7000 жасанды ұрықтану әдісі жасалады. Яғни, алдағы жеті жылда бедеулікке шалдыққан 49 мың отбасы аталған бағдарламаға қатыса алады. Айта кетейік, соңғы статистикалық деректер елімізде ерлер мен әйелдер арасындағы бедеулік 30-35 пайыз болатынын көрсетіп отыр.

 

Әзірлеген — Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.