Павлодарлық дәрігерлер бүйрегі жұмыс істемей қалған кішкентай сәбиді аман алып қалды. Ақ желеңділер тұңғыш рет 2 жастағы балаға гемодиализ жасады.

Ұл баланың жағдайы бүйректің жеткіліксіздігінен қиындап, несеп қуыққа түспегені салдарынан облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Денесі ісініп, қан талдамасында кейбір көрсеткіштер шамадан тыс жоғары болған. Дәрігерлер аз уақыттың ішінде сәбиді «Рrismafex» аппараты арқылы гемодиафильтрация шарасын бастау туралы шешім қабылдайды. Бұл жағдайда қанды тазарту үшін ағзаға тамыр арқылы алмастырғыш сұйықтық енгізіледі.

– Бұған дейін балалар ауруханасында мұндай құрылғы болған емес. Өткен жылы ғана сатып алынды. Дәрігерлер жасы үлкен балаға гемодиализ жасалады деп ойлаған еді. Бірақ кішкентай сәбидің жағдайында ойлануға уақыт болмады. Әр минут санаулы болды. Астанаға тасымалдауға мүмкіндік болмады, – дейді облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметі.

Елімізде балаларға гемодиафильтрация сеанстары Астана, Алматы қалаларындағы клиникаларда өткізіледі. Сондықтан күрделі шара Павлодар облысында бірінші рет жасалды. Дәрігерлердің жедел әрекеті нәтижесінде баланың ағзасындағы ісіну бір күннен кейін азая бастады. Баланың бүйрек қызметі толығымен қалпына келтірілді.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, кардионефрология бөліміне ауыстырылды.

Атап өтерлігі, кішкентай сәбиге гемодиализ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жүргізілді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.