«Ақ желеңді абзал жандар — адам жанының арашашысы» деген сөз ел аузында жиі айтылады. Шынымен де, басы ауырып, балтыры сыздаған жұртшылық дертіне шипа іздегенде дәрігер-лердің көмегіне жүгінетіні сөзсіз. Сөйтіп, білікті мамандардың арқасында ауруынан құлан таза айығып, алғысын жаудырып жатқан тұрғындар арамызда аз емес. Керісінше, «біліксіз дәрігердің» кесірінен теріс ем-дом алып, дерті дендеп кеткендер де баршылық. Мұндай жағдайға тап болғандардың дәрігерге деген сеніміне селкеу түсіп, емдеу мекемесіне емес, халық емшілеріне барғанды жөн деп санайтындары жетерлік. Отандық медицина саласында осындай олқылықтың орын алмауы үшін не істеу керек? Білімді мамандарды тәрбиелеудің қандай жолы бар? Жалпы, дәрігер біліктілігін қалай арттыруға болады? Бұл сұрақтарды «Алаңның» талқысына салып көрген едік.
Сағит ИМАНҒАЗИНОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
— Дәрігерлерге жүктелетін жауапкершілік зор. Сондықтан мамандарымыз өте білімді, дұрыс диагноз қоя алатындай білікті болуы тиіс. Әрине, әсіресе жас дәрігерлер өз ісіне сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен қарауы қажет. Ал тәжірибе жүре келе қалыптаса береді. Жалпы, жақсы дәрігер болуы үшін соған сай жақсы мүмкіндік де қарастырылуы қажет. Мысалы, ауыл-аудандарда медицина маманы тапшы. Себебі, алыстағы елді мекендерде жеткілікті деңгейде жағдай жасалмаған. Осыған мән беру керек. Сондай-ақ, менің бір байқағаным, кейбір резидентурада оқитын жастар тәжірибелі дәрігерлермен бірге жүріп, бәрін меңгеріп алған. Солардан кем түспейді. Яғни, оларға осындай орта керек. Тағы бір мәселе – қазір дәрігерлерге біліктілігін жетілдіру үшін бюджеттен арнайы ақша төленбейді. Мәселен, біздің жас кезімізде 1 ай оқысақ та, 8 ай оқысақ та жұмыстан босатып, ақша төлейтін. Басқа қалаға барсақ, жолақымызды өтеп беретін. Ал бүгінде дәрігерлерді жұмыстан босатпайды, бірақ, «оқы» дейді. Бұлай болмайды ғой. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін осындай мәселелерді шешіп, нақты жоспар жасау керек. Сонда ғана нәтиже шығады.
Рыстай АХМЕТОВА, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз, Ақсу қаласының тұрғыны:
— Қазір заманнан ба, әлде адамнан ба, әйтеуір екінің бірі аурушаң. Әрине, осыдан кейін көпшілік дәрігер көмегіне жүгінеді. Бірінші Алладан, екінші ақ желеңділерден дертіне шипа сұрайды. Алдына келген науқасты емдеу үшін аянбай тер төгіп, адал еңбекақысын алып жүрген абзал жандар жоқ емес. Оларға әрдайым ризамыз. Алайда, өз ісін жетік білмейтін біліксіз мамандар да баршылық. Соның салдарынан қаншама тұрғын кемтар болып қалып жатыр? Сондықтан адамның өміріне жауапты осы сала өкілдері өз мамандығын жақсы көріп, өте білімді, тәжірибелі болуы тиіс. Ол үшін үнемі оқып, ізденіп, білімдерін тереңдетіп отыруы қажет. Жыл сайын медицина саласы заманауи аппараттармен, құрал-жабдықтармен толығуда. Оның тілін меңгеріп, түсіну үшін де мол білім керек. Бұл ретте, шетелдік мамандармен шеберлік сағаттарын көбірек өткізген дұрыс. Ол үшін мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалуы қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар, дәрігер болуды армандайтын жастар көп. Осы саланы сүйетін мұндай жастарға мүмкіндік беріп, грант санын ұлғайту керек.
Тельман ӘЛҒОЖИН, Облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары:
— Осы мақсатта біздің диспансерде жас мамандарға бағыт-бағдар беру, тәжірибе алмасу жұмыстары жыл сайын жүйелі түрде қолға алынады. Мұндай іс-шаралар өзге де емдеу мекемелерінде ұйымдастырылғаны жөн деп есептеймін. Шыны керек, медициналық жоғары оқу орнын бітірген жастар бірден білікті маман болып кетпейді. Сол үшін олар үнемі үздіксіз білімдерін жетілдіріп отыруы қажет. Себебі, қазір медицина саласы қарыштап дамуда, неше түрлі компьютерлік томография жасайтын заманауи құрылғылар шығуда. Осының бәрін жетік меңгеруіміз керек. Бұл ретте, облысымызда кадрларды оқытуға мән беріледі, бірақ, мәселе жоқ емес. Әсіресе, жас дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жасауға көңіл бөлінсе деген тілегіміз бар. Қазіргі күні қалада жас мамандарға тұрғын үй де, жатақхана да мүлдем берілмейді. Содан кейін олар көп тұрақтамайды. Яғни, енді ғана тәжірибе жинап келе жатқан мамандар кетіп қала-ды. Сондай-ақ, мемлекеттік емдеу мекемелерінде құжат жұмыстары көп, дәрігерлерге ақпараттық жүйе жағынан бақылау басым. Ал жеке меншік медициналық ұйымдарда мұндай мәселе жоқ. Осы жағы назарға алынса екен деймін.
«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.