Павлодар облысының ауруханаларына жаңа жедел жәрдем көліктері берілді. Облыстың шалғай ауылдарының денсаулық сақшылары шұғыл медициналық қызмет көрсететін 6 көліктің кілтіне ие болды. 

Павлодар ауданына берілген үш жедел жәрдем Чернорецк, Новоямышев және Ефремовка тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бұл ауылдар облыс орталығынан 70 шақырым жерде орналасқан.

– 2017 жылдан бастап санитарлық көлік сатып алынған жоқ. Енді қолданыстағы 2011 жылғы санитарлық машиналарды жаңа жедел жәрдем көліктері алмас-
тырады. Жүкті әйелдер мен ауыр науқастарды, жол-көлік оқиғаларынан  зардап шеккендерді облыс орталығына жеткіземіз. Науқасты тасымалдау үшін фельдшер мен жүргізуші оны жұмсақ зембілге салып, көтеруі керек. Жаңа жедел жәрдемдегі арбалардың көмегімен пациенттерді көлікке отырғызу қиындық тудырмайды, – дейді Павлодар ауданы емханасының басшысы Гүлнар Қайырбаева. Чернорецк ауылының дәрігерлері де көліктің ауыстырылғанына қуанышты.

– Бізде шұғыл шақыртуларға екі жедел жәрдем қызмет көрсетеді. Төрт ауылға қызмет көрсетеміз. Көліктер ескіргендіктен, жиі сынады. Әсіресе, қыста боранда науқасты жеткізе алмай қиналамыз. Жаңа көліктің артықшылығы – құрал-жабдықтар, ыңғайлы зембілдері, каталкасы бар, — деді дәрігерлік амбулаторияның жалпы практика дәрігері Дәулет Болатбаев. Облыс әкімдігі санитарлық көліктерді кезең-кезеңмен жаңартуды қолдап отыр. Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, жыл соңына дейін тағы 31 санитарлық көлік келеді деп күтілуде. Жалпы, жыл сайын 37 санитарлық машина сатып алу жоспарлануда. Бұл ауруханалар, емханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларды биыл 51 пайыздан 68 пайызға дейін жабдықтауға, ал 2025 жылға қарай толық жаңартуға мүмкіндік береді.

Өз тілшіміз.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.