Облыста қатерлі ісікке қарсы күрес күшейтіледі. Онкодиспансерде тағы бір заманауи сәулелік құрылғы орнатылады. Екінші желілік үдеткішті орнату келесі жылға жоспарланған.

Бұл туралы облыстық онкологиялық диспансері директорының орынбасары Тельман Әлғожин Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

– Екінші желілік үдеткіш «Қазақстан халқына» қоры қаражатының есебінен алынатын болады. Биыл Орал қаласында осындай аппарат қойылды. Алдын ала болжам бойынша, желілік үдеткіш 2024 жылдың күзінде облысымызға жеткізіледі, – деді Тельман Әлғожин. Мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы кешенді жоспар барысында облыстық онкологиялық диспансерде алғашқы желілік үдеткіш орнатылған. Аталған құрал-жабдықтың көмегімен науқастар сәулелі терапия емін алады. Бұл алтын стандартқа сай терапия болып есептеледі. Тельман Әлғожиннің айтуынша, бүгінде желілік үдеткіште күнделікті негізде 50-60 науқас емін қабылдап жатыр. Жылына бұл көрсеткіш 600-700-ге дейін жетеді.

– Стандартқа сай сәулелік терапиямен қамту көрсеткіші 70 пайызды құрауы тиіс. Бұл ретте Павлодар облысы елімізде көш бастап тұр. Өңірде сәулелік терапиямен 50 пайызға қамтылған. Өзге облыстарда 20 пайызға да жетпейді, – деді Т.Әлғожин. Қазақстанда 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілген. Осыған сәйкес қауіп факторларының алдын алу және басқару, ерте диагностика, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативті көмек және оңалту, кадрлық әлеуетті және ғылымды дамыту бағыттары бойынша жұмыс күшейтіледі. Елімізде аурушаңдық бойынша бірінші орында сүт безі обыры, екінші орында — өкпе обыры, үшінші орында колоректальды және асқазан обыры тұр. Қазір қазақстандықтар сүт безі, жатыр мойны және тік ішектің қатерлі ісігін анықтауға арналған тегін скринингтерден өте алады. Өкпенің қатерлі ісігін анықтау үшін флюорографияға қарағанда томографияны қолдану тиімді. Ал адам папиллома вирусы тудыратын жатыр мойны обырының алдын алу үшін арнайы екпе алуға болады. Мәселен, Австралияда 80-ші жылдары енгізілген HPV вакцинациясы жатыр мойны обырының таралуын төмендетуге мүмкіндік берген. Жалпы, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстанған адамның ұтылмасы анық.

Т.ӘБІЛДА.