Биыл ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ертіс ауданының Құрметті азаматы, белгілі балалар ақыны, қаламы жүйрік журналист, талантты жерлесіміз Мүбәрак Кәрімұлы Жаманбалиновтың туғанына 100 жыл толмақ. Ол — саналы ғұмырын шығармашылыққа арнаған асыл азамат. Бүгінде ортамызда өзі жоқ болса да, кейінгі ұрпаққа көзіндей болып мол мұрасы қалды.

Атап өтерлігі, елдегі белгілі ақын-жазушылар Мүбәрак Жаманбалиновтың шығармашылығы мен еңбегін жоғары бағалаған. Мәселен, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырзалиев: «Мүбәрак — қазақ балалар әдебиетін көркейтуге жан-тәнімен қызмет еткен ірі таланттың бірі» деген ой айтса, әдебиет әлемінде жүрген қаламгерлердің көбі Мүбәрак ақынды «Балалар әдебиетінің бір бәйтерегіне» балаған. Бұдан бөлек, оның жазушылық, журналистік қыры — бір төбе. Кезінде ол облыстық «Қызыл ту», яғни қазіргі «Saryarqa samaly» газетінде де тілші болып еңбек еткен.

Міне, осындай Ертіс-Баян елінің елеулі азаматы, павлодарлықтар мақтан тұтар талант иесі, ақын әрі жазушы Мүбәрак Кәрімұлының ғасырлық мерейтойы көп ұзамай аймағымызда аталып өтпек. Осы орайда Павлодар облыстық «Saryarqa samаly» газеті де біртуар жерлесіміз жайлы арнайы жобаны оқырман назарына ұсынғанды жөн көрді.

Тектілер сөзі

Ақын туралы ой орамдары

Аманжол ШАМКЕНОВ, белгілі ақын:

Ақынның танымдық немесе тәрбиелік мәні бар өлеңдерінің орны өзгеше. Өзінің балдырған кейіпкерлерінің тек жақсылығын дәріптеп, не осал жағын мінеп қана қоймайды. Олардың ой-өрістерін кеңейтуге барынша ықпал жасайды. Ол үшін ақын өлең жолдары арқылы айнала төңірекпен таныс-тырып, яғни табиғаттан сабақ бергендей болады. Алғашқы түскен қардан бастап, аяздың сурет салғыш құдіретін, шаңғының кереметін, бұйра бұлттар мен күннің күркүреуін, жаңбырдың нөсері мен бал бұлақтың сылдырын жырға қосады. Әрқайсының өзіне тән ерекшеліктерін атап, бейне жасайды…

Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиет сыншысы:

рек. Айту оңай болғанымен, орындалуы — қиын талап. Сәл ірі айтсаң, өлеңді есейтіп жібереді, сәл сыбырлап айтсаң, балаға жетпей қалады. Мүбәрак ақын қиын мәселенің күрмеуін өзінше шешіпті. Ол табиғат құбылыстарын жырлағанда суреттей отырып суыртпақтап ой айтады. Ол аң, құс, жан-жануарлар жайында өлең жазғанда, танымдық сипатты тәрбиелік оймен бір қосып, ұжымдастырып жібереді. Және бір табысы – бірін-бірі байытар, бірін-бірі тән ретінде аша түсер екі құбылысты өзара шендестіріп, салыстырып бейнелейді.

Сағи ЖИЕНБАЕВ, көрнекті ақын.

…Өн бойында жақсылық атаулыға деген жан сүйсінісі аңғарылады. Ол ақынның өз жаратылысынан, азаматтық ар-иманынан, үлкен жүрегінен шығып жатса керек. Өзі де қарапайым, өлеңі де қарапайым, барлық уақытта бір қалыпты, әдептен озбайтын сырбаз ақын.

Еліне еңбегімен ұнайды адам,

Елі үшін бәріне де шыдайды адам.

Бір жақсы жыр жаза алсам, ол күні мен,

Байымын осы өңірдің мың айдаған.

Осындай көңіл берген Құдай маған.

                                                    М.Жаманбалинов.