Ұлт және тіл жанашыры, адамгершілік, еңбекқорлық сынды асыл қасиеттерді бойына жинаған жан Ульян Мақұлұлының есімі өңірімізге етене таныс. Асыл азаматтың өмірден өткеніне бір жыл болды. Ол саналы ғұмырын еліне қызмет етуге, ұрпақ тәрбиесіне арнаған еді.

 

Ульян Мақұлұлы Мақұлов 1939 жылғы 15 маусымда Батыс Қазақстан облысы Чапаев ауданындағы Еңбек ауылында туды. Әкесі – Мақұл, анасы – Мұһмина ұжымшар мүшелері болды.

Ульян Мақұлұлы Орал педагогикалық училищесі мен А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1958 жылы Павлодар облысы Ермак ауданындағы Құркөл жетіжылдық мектебінде бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастап, кейін сол мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды. 1962-1972 жылдары Орал облысы Чапаев ауданындағы М.И.Калинин атындағы орта мектепте мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1972-1976 жылдары Орал облысы Чапаев аудандық партия комитеті саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, 1976-1982 жылдары Павлодар облысы Май аудандық партия комитетінде нұсқаушы, насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, 1982-1987 жылдары Павлодар қаласындағы Ильич аудандық және қалалық партия комитеттерінде нұсқаушы қызметтерін атқарды.

1987 жылы еңбек жолын «Қызыл ту» газетінде партия тұрмысы бөлімінің аға тілшісі ретінде жалғастырды. Ал 1990- 2005 жылдары халық депутаттары Павлодар облыстық атқару комитеті мен облыс әкімінің аппаратында сектор меңгерушісі, құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2005-2014 жылдары Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында бақылау және құжаттамамен қамтамасыз ету, ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу бөлімдерінің бастығы, 2014-2017 жылдары облыстық Мәшһүр Жүсіп мешітінде аппарат басшысы, 2018-2020 жылдары «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болды.

Ол соңғы 30 жыл дересінде мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы талаптары мен «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру және ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәсе-лелермен айналысты.

Ульян Мақұлұлы мемлекеттік тіл мерейінің облыс көлемінде артуына көп еңбек сіңірді. Оның Павлодар облысы әкімшілігі аппаратында және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында жұмыс атқарған жылдары осы мақсатта дайындаған әдістемелік, көмекші және анықтамалық құралдары аз емес. Олардың қатарында «Ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселелері», «Мемлекеттік тіл күнделікті жұмыс және ісқағаздарын жүргізу тілі», «Ісқағаздарын мемлекеттік тілде сауатты жүргізу мәселелері», «Ұлтыңды сүйсең, ана тіліңді ұлықта, азамат!» «Рухани құндылықтарымыз, мақтанышымыз», «Сатира, юмор, әзіл-қалжың тәрбие құралы әрі жанға азық» сынды еңбектері бар.

Маманның тілге, тіл мәдение-тіне, аударма және ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге арналған зерттеу еңбектері облыстық «Saryarqa samaly», «Ертіс дидары» газеттерінде және әр деңгейдегі мәслихаттар жинақтарында жарияланды. Оның туған тілді насихаттауда осы кезең ішінде жинақталған мол тәжірибесін бөлісудегі, аймағымыздың түрлі сала мамандарын оқыту және тәрбиелеу жолындағы жұмысы айтарлық. ПМПИ-дің құрылымдық бөлімшелерінде ісқағаздарын жүргізумен айналысатын мамандардың біліктілігін арттыруда қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған іс-шара-ларды жүйелі ұйымдастырды. Ішкі аудитор ретінде құрылымдық бөлімшелерде ісқағаздарын ұйым-дастыру және ұйымдастыру-басқару құжаттамасын рәсімдеуде институт сапа менеджменті жүйесі құжаттарын дайындаушылардың бірі, тәртіптік және ардагерлер кеңестерінің мүшесі, кәсіподақ ұйымы тексеру комиссиясының төрағасы болды.

Облыстық Мәшһүр Жүсіп мешітінде кызмет еткен уақытта мешіт ұжымын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талаптарына сай жұмыс атқаруға жұмылдырды. Жұртшылық арасында дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттауға белсене атсалысты. Тағылымды мақалалары облыстық баспасөзде жарияланды.

«Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде бірлестік мүшелерінің алдына «Рухани жаңғыру» бағдарламасын белсенділікпен насихаттау, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу бағытында біршама іс-шара атқарды. Тағылымды той өткізу жөнінде өңір жұртшылығына Үндеу, жарияланды. Аталы сөзіміз – батаны үйренуге кішілер мен үлкен-дердің назары аударылды. Осы мақсатта облыстық, аудандық байқаулар да өткізілді.

Ульян Мақұлұлының қажырлы еңбегі Кеңес үкіметі тұсында да еленіп, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, еліміз Тәуелсіздік алған соң да Қазақстан Респуб-ликасы Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Қ.К.Тоқаевтың Алғыс хаты-
мен, «Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 және 25 жыл» медальдарымен, облыстық мәслихаттың, Павлодар облысы және Павлодар қаласы әкімдерінің, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының, ПМПИ ректорының Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» және «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен марапатталды. 2012 жылы есімі Павлодар қаласының «Еңбек данқы аллеясына» енді.

Ульян Мақұлұлы қоғам жұмысы мен ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, өмірі мен еңбегін халқына арнады.
Ульян Мақұлұлының бойындағы адамгершілік, енбекқорлық, ұйымдастырушылық ізденімпаздық қасиеттері кез келген жанды тәнті етпей қоймады. Көпшілікпен бірлесе отырып құрған «Ақсақалдар тағылымы» бірлестігі мүшелерінің құрметіне ие болды.

Осындай абзал азаматтың фәниден бақиға аттанғанына бір жыл болды. Көзі тірі болса биыл 85 жасқа толған мерейтойын атап өтер едік. Жаны жаннатта болып, артында қалған жұбайы Баукен Мұхтарқызы мен ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін.

 

Құралай УАҚПАЕВА,  «Ақсақалдар тағылымы», «Нұр-Ана әлемі» бірлестіктерінің мүшесі.