«Ақсу» ел чемпионатының кезекті турында шымкенттік «Ордабасыны» қабылдап, 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Кінә бас бапкерде емес-ау. Қазір шетелден мықты жаттықтырушыны шақыртсаң да, ақсулықтардың әуселесі белгілі. Футболшылардың көздерінде от жоқ.

«Ордабасы» жыл сайын үздік алтылықтың қатарында жүреді. Биылғы аяқ алысы жаман емес. Бұл кездесуге дейін турнир кестесінде екінші орында тұрған еді. Чемпионатта 26 гол соғып, қарсылас қақпасына тоғытқан доп саны бойынша көш бастап тұрғанын атап өткен жөн. Шымкенттіктердің қорғанысы да осал емес. Қақпасына 10 доп қана өткізген. Бұл көрсеткіш бойынша тек «Қызылжарға» ғана жол беріп тұр.

«Ақсу» мен «Ордабасы» арасындағы кездесу тартысты өтті деуге келмес. Кездесудің тағдырын жалғыз доп шешті. Ойынның 66-минутында Владислав Васильев мергенділігімен көзге түсті. Сөйтіп, қонақтар үш ұпайды қоржынға салып, чемпиондыққа тағы бір қадам жақындай түсті. Қазір шымкенттіктер 13 кездесуден кейін 32 ұпаймен екінші орында тұр. «Астана» 35 ұпаймен көш бастағанымен, «Ордабасыға» қарағанда екі ойын артық өткізген. Үшінші орында келе жатқан «Ақтөбенің» қоржынында 25 ұпай бар. Байқағандарыңыздай, «Астана» мен «Ордабасы» бәсекелестерінен ұзай түскен. «Ақсу» 7 ұпаймен көш соңында.

О.АХМАДИЯ.