Адамды адам ететін — еңбек. Ердің елге танылуы да — сол еңбектің арқасы. Қызметіне адал, жұмысына мығым сондай жандардың бірі — ұзақ жыл бойы
ҚазКСР, кейін Қазақстан Республикасы ұлттық қауіп-сіздік органдарында қызмет еткен Құрметті ардагер, отставкадағы полковник Қаркен Бұқарбаев.
Қаркен Қайырбайұлы 1950 жылы 22 наурызда Ақсу қаласына қарасты Айнакөл ауылында (бұрынғы Ермак ауданының Потанин совхозы) қарапайым отбасында дүниеге келді. Ата-анасы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеді. Өзі орта мектептің 10-сыныбында оқып жүргенде әкесінен, араға бір жыл салып анасынан айырылды. Қабырғаны қайыстыратын қайғылы жағдай бозбаланы бірден есейтті. Мектептегі оқуын аяқтаған соң Павлодар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсті. Оны ойдағыдай тәмамдап, арнайы жолдама арқылы Ақтоғай (бұрынғы Краснокутск) ауданындағы орта мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастады. Сол жылы аудандық әскери комиссариаттан өзі сұранып, азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына аттанды. Отан алдындағы міндетін Ресейдің солтүстігіндегі Мурманск облысындағы жазы қысқа, қысы өте суық аудандарда абыроймен атқарды. 1972 жылдың қаңтарында елге қайта оралды. Бірақ сол тұста мектепте бос жұмыс орны болған жоқ. Сол себепті қызметін Краснокутск аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы болып жалғастырды. Кейін бөлім меңгерушісі болды. Аз уақыт аралығында білімі мен біліктілігі, ұйымдастырушылығы мен әр істі иіріп алып кететін қасиетімен көзге түсіп, 1973 жылы аудандық комитеттің 2-ші хатшысы лауазымына сайланып, облыстық комсомол, партия қызметтерінде резервке қойылды. Болашағынан зор үміт күттіретін, ісіне тиянақты жас жігітті сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлері бірден байқады. 1974 жылдың күзінде ҚазКСР МҚК-нің Павлодар облыстық басқармасына әскери қызметке шақырылып, сол жылы Минск қаласындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары мектебіне біржылдық қайта дайындау курсына оқуға жіберілді. Осылайша, Қаркен Қайырбайұлының мемлекеттік қауіпсіздік саласындағы қызметі басталды. Павлодар облысы бойынша мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздік басқармасындағы еңбек жолы лейтенант әскери атағынан полковникке дейін, жедел өкіл қызметінен облыстық басқарма басшысының орынбасары лауазымына дейін жоғарылап, түрлі сатыдан өтті. 1996 жылы запасқа шыққанға дейін шетелдік барлау қызметтеріне қарсы барлау бөлімшелеріне жетекшілік етіп, арнайы іс-шаралардың дұрыс ұйымдастырылуына бас-көз бола білді. Соның арқасында шетелдік барлаушылардың теріс пиғылдық ойларына жол берілген жоқ. Арнайы іссапармен Еуропа елдерінде де болып қайтты. Жасыратыны жоқ, Кеңес одағы таратылған соң алдыңғы қатардағы, тәжірибелі, білікті мамандар, әсіресе өзге ұлт өкілдері өздерінің тарихи отандарына үдере көше бастады. Енді бірі сол кездегі нарық жағдайына байланысты жеке кәсіпке бет бұрды. Мұндай өзгерістер барлық дерлік салаға салқынын тигізіп, қиындық туғызғаны белгілі. Еліміз егемендігін алған алғашқы жылдары Қаркен Қайырбайұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша басқармасы басшысының кадр мәселесі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Сол ауқымды жұмысты зор жауапкершілікпен атқарып, еліне адал, тәрбиелі, білімді де білікті азаматтардың әскери қызметке жүйелі түрде шақырылуын жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Сонымен қатар, ұжымның тәжірибелі қызметкерлерінің біліктіліктеріне сай бөлімшелерге орналасуына, органның қалыптасуына өз үлесін қосып, оның дамуы жолында қалтқысыз қызмет етті. Өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, қызметіне адал бола білген азаматтың еңбегі еленді. КСКО, ҚазКСР мемлекеттік, ҚР ҰҚК, ҚР ҚМ бірнеше медалі, арнайы құнды сыйлықтары, төсбелгілері табысталып, бірқатар марапатқа ие болды. Қаркен Қайырбайұлы — өнегелі әке ретінде де үлгі тұтарлық адам. Өмірлік серігі, адал жары, шаңырағының ұйытқысы Жамал Қайроллақызы да әскери қызметтің қызығы мен қиындығын бірге бөлісе білді. Ол Павлодар қаласының ауруханаларында көп жыл дәрігерлік қызметін атқарып, талай адамның өміріне араша түсті. Отбасының берекесін келтіріп, ұл-қыздарына саналы тәлім-тәрбие берді. Қаркен Қайырбайұлы мен Жамал Хайроллақызы Нұрғат, Серік есімді ұлдарын, Әлия, Зағипа есімді қыздарын еліміздің лайықты азаматтары етіп өсірді. Бүгінде перзенттері жоғары оқу орнын үздік тәмамдап, әрқайсысы өздері қалаған салада табысты еңбек етіп жүр. Нұрғат әке жолын жалғап, Алматы арнайы әскери академиясын үздік аяқтап, қазір полковник әскери атағымен Астана қаласында лауазымды қызмет атқарады. Әлия мен Зағипа Алматы қаласында, Серік Павлодарда тұрады. Біздің пайымымызша, кез келген сала ардагерінің ұзақ жыл бойы жинаған білім-біліктілігі, тәжірибесі арқылы кейінгі жастарға бағыт-бағдар беруі өте құнды. Сол арқылы саланың дамуына, өркендеуіне де сүбелі үлес қоса алады. Бұл тұрғыдан алғанда Ұлттық қауіпсіздік саласының ардагері Қаркен Қайырбайұлының еңбегі ерен. Ол әлі де өмірін арнаған қызметтен қол үзбей, ізін басып келе жатқан кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп келеді. Алдағы уақытта да айтарыңыз көп, отбасыңыз аман, денсаулығыңыз мықты болсын деп тілейміз.
Райымбек АХМЕТОВ,
«ҚР ҰҚК органдарының ардагерлері» РҚБ облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, отставкадағы полковник.