Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы Заңның қабылдануы қоғамның әлеуметтік және моральдік әділеттілікке деген жаппай сұранысына лайықты жауап болды. Осындай пікірін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров айтты.
«Бұл заң — елімізде әлеуметтік әділеттілікті құрудың өте маңызды тетігі, өйткені 30 жыл ішінде елде, әрине, экономикалық реформалар жүргізіліп, белгілі бір даму болды. Бірақ еліміздің азаматтары мен резидент емес азаматтардың өте шектеулі бөлігі Қазақстанның ұлттық байлығының негізгі бөлігін иемденгенін жоққа шығара алмаймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тек 162 адам — еліміздің ең бай адамдары екенін және Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жартысынан астамын иеленетінін атап өткені есте шығар. Сондықтан ерте ме, кеш пе, әлеуметтік әділеттілік орнауы керек және бұл заң заңсыз сатып алынған активтерді біртіндеп эволюциялық қайтару механизмі болып табылады», — деді Мәжіліс депутаты. Оның айтуынша, қабыданып отырған заң өте маңызды әрі қажет. Ең бастысы құжатта заңсыз сатып алынған активтерді қайтарудың нақты механизмі бар. «Егер мемлекет бұл активтің заңсыз сатып алынғанын дәлелдесе, оны алып қоюға болады. Сондықтан бұл заң тұрғысынан өте маңызды. Нақты заңды механизм бар. Менің ойымша, бұл заң қажет. Бұл ел халқының үлкен бөлігінің тілегі. Біз аймақтарға барған кезімізде көптеген тұрғындар кейбір адамдардың «көлеңкелі» жолмен табылған активтері бар екенін, олардың қашан қайтарылатынын сұрады. Бұл қоғамның әлеуметтік және адамгершілік әділеттілікке қатысты туындаған жаппай сұрағына жауап деп ойлаймын», — деп толықтырды Ерлан Саиров. Еске сала кетейік, өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңға қол қойды.
Өз тілшіміз.