Үй маңындағы дүкендерге жеңілдік жасау керек пе?

Қаң 20, 2026

Жыл басында елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі толықты. Бұған дейін тұтынушылар 19 өнім түрін жеңілдетілген бағамен ала алса, енді 31 өнімнің бағасы мемлекет тарапынан реттелетін болды. Яғни, оларға 15 пайыздан артық үстемеақы қосуға болмайды. Дегенмен, кейбір қоғам белсенділері мұндай талапты тек ірі сауда желілеріне қатысты қолданып, үй маңындағы шағын дүкендерге жеңілдік жасау керек деген пікір білдіруде. Бұл қаншалықты қисынды? Осы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

 

Қобыланбек ҚОЖИН, Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы:

– Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімінің кеңейгені қуантады. Сол арқылы тұтынушыларға бірінші кезекте керек азық-түлік өнімдерін арзандатылған бағаға алуға мүмкіндік туады. Ал үстемеақыны белгіленген пайыздық мөлшерлемеден артық қоспау міндеті барлығына ортақ болуы тиіс. Себебі, жақын жердегі шағын сауда нүктесінен қалталы азамат та, жағдайы орташа тұтынушы да тауар алуы мүмкін. Яғни, көпқабатты тұрғын үйлер жанындағы дүкендердегі бағаны аспандатып жіберетін болса, тұтынушылардың таңдауы болмай қалады. Арзан өнім барлығына бірдей қолжетімді болуы керек. Ол сауда желісі, үй маңындағы шағын дүкен болса да. Тағы бір айта кететіні, әр қалада әлеуметтік осал топтар мен отбасылар тізімі бар. Яғни мемлекет тарапынан және белгілі қайырымдылық ұйымдары осындай жандарға жүйелі түрде  тікелей көмек көрсетсе, жөн болар еді.

 

 Рада МАУТИНА, кәсіпкер:

– Үй маңындағы дүкенінің иесі ретінде мен бұл бастаманы толығымен қолдаймын.  Шағын бөлшек саудасы ірі желілермен бәсекеге түсе алмайды. Мұндай желілік дүкендерде жеткізушілердің бонустары мен ретробонустары, төлемдерді кейінге қалдыру сынды тиімді тетіктер бар. Сонымен қатар, сатып алу бағалары төмен әрі орталықтандырылған логистика бар. Ал шағын дүкендерде мұндай мүмкіндік жоқ. Үй маңындағы сауда нүктелері өнімдерден тек 2-8 пайыз көлемінде ғана табыс көреді. Оның өзі жалға алу ақысын төлеу, жұмысшыларға жалақы беру, коммуналдық қызметтер ақысын өтеу сынды мақсаттарға жұмсалады. Кейде «жыртықтарды жамауға» жетпей қалатыны да бар. Ал тауарды әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы алмаған жағдайда мәселе одан сайын қиындай түседі. Сол себепті шағын дүкендерге жеңілдік жасау керек деп есептеймін. Әлеуметтік маңызды өнімдерге үстемеақыны шығындарды есепке алу арқылы белгілеген оңтайлы. Бұл ретте кәсіпкерлер өздерінің жауапкершілігін сезініп, бағаны шарықтатып жібермейді деген пікірдемін.

 

Альфия ҚҰНАНБАЙ, Павлодар қаласының тұрғыны:

– Күнделікті пайдаланатын тағамдардың бағасы күрт өсуде. Әрине, мұндай инфляция көмекке мұқтаж жандар үшін екі есе ауыр тиеді. Оған қоса, әр үйдің жанында орналасқан дүкендердің бағасы әртүрлі. Біздің көшенің маңында орналасқан дүкендегі азық-түліктің бағасы тұрақты деп айта алмаймын. Бірі тауардың бағасын айтарлықтай қымбаттатып қойса, екінші сауда нүктесінде оның бағасы әлдеқайда тиімді. Сондықтан арзан бағаны белгілеген дүкенді іздеп жүреміз. Меніңше, тұтынушыларға мұндай қолайсыздық болмас үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бірдей етіп белгілеп, олардың үстемеақысын тиісті көлемнен асырмай белгілеу керек. Тіпті, бірінші кезекте өнімдер қойылған жеке сөре қарастырылса артық болмас. Мұндай сөрелердің кей сауда желілерінде барын білемін, бірақ олар сирек кездеседі. Сонымен қатар, әлеуметтік сауда нүктелерінің санының артуы тиіс. Мұндай жағдайда үй маңындағы дүкендерде картоп, пияз, ұн, тізімге жаңадан қосылған қияр, қызанақ сынды өнімдердің бағасы қолжетімді болар еді. Біз де тұтынушы ретінде алысқа бармай-ақ қалаған тағамдарды үй маңынан алатын едік.

 

«Алаңды» үйлестірген – Салтанат ҒАББАС.