Қалдықтарды заңдастырудан не ұтамыз?

Қаң 20, 2026
Коллажды жасаған - М.Мұстафина.

Бүгінде экологиялық ахуал әркімді алаңдатады. Жер-судың, ауаның тазалығын қалаймыз. Әлбетте, жер бетінде тіршілік қайнап жатқан соң ауаға да, топыраққа да түрлі заттар бөлінеді. Оларды барынша азайтуға амалдар жасалуда, оның да әлі аздық ететіні жасырын емес. Жасыратыны жоқ, күнделікті біз бен сіз шығаратын тұрмыстық қатты күл-қоқыс, өндірістің процестен қалатын қалдықтары көбейді. Міне, оларды қайта өңдеу, көлемін кемітуге түрлі тәсілдер қолданылуда. Осы ретте, экология министрлігі Қазақстандағы қалдықтарды бірреттік заңдастыру шарасын жүзеге асыруды ұсынып отыр.

Көлемі беймәлім

Былтыр жыл соңына қарай Үкіметте өткен жиында елімізде қалдықтардың барлық түрлерін басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы таныстырылды. Сонда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев жоспарларын ортаға салған еді. Нақтысы, елімізде қалдықтарды есепке алу, жалпы статистиканың дәлсіз екені айтылды. Салдарынан қалдықтардың түзілу және олардың ары қарайғы қозғалысының толық көрінісі айқындалмаған. Министрлік өкілі қалдықтардың 30 пайызы есепте көрінбейтінін және бақылаудың барлық жүйесінен тыс жоғалып кететінін атап өтті.

– Кәсіпорындардың тек 10 пайызы есепті электронды форматта тапсырады. Қалдықтардың мемлекеттік кадастры мен Техногендік минералды түзілістер бойынша геология комитетінің деректерінде айтарлықтай айырмашылық байқалады, – деді вице-министр.

Осындай олқылықтарды ескерген министрлік ең тиімді жол барлық қалдық түрлерін толық түгендеу және мемлекеттік кадастрды жаңарту деген тоқтамға келген. Сондай-ақ, ақпараттық жүйеде қалдық түзушілердің бәрін міндетті тіркеуге алу, жасанды интеллектті енгізу арқылы саланы цифрландыру ұсынылып отыр.

– Тағы бір қадам – қалдықтарды бірреттік заңдастыру. Бұл қалдық иелерінің жиналған, бірақ есепте көрсетілмеген нақты көлемдерін ешбір салдарсыз декларациялауына мүмкіндік береді. Нәтижесінде біз қалдықтар құрамының пайдалы компонентін ары қарай анықтау және екінші айналымға тарту үшін толық нақты көрініс аламыз, – деді Ж.Әлиев.

Министрлік қалдықтарды басқарудың бірыңғай нормативтік-құқықтық құрылымын құруды алға тартты. Себебі, қазіргі таңда қалдықтарды басқарудың қолданыстағы нормалары бірнеше кодекс пен заңдарда, актілерде көрініс тапқан. Сәйкесінше, талаптарда бірізділік жоқ, функциялардың қайталанып жатқаны байқалған. Сондықтан, бақылау, есепке алуды қиындатады. Қалдықтарды бақылаудың бірыңғай тиімді жүйесін құруға да кедергі келтіреді. Мәселен, қазіргі кезде елімізде техногенді-минералды түзілістер Жер қойнауы туралы кодекспен, ал медициналық қалдықтар Халық денсаулығы туралы кодекспен реттеледі. Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының құрылысы құрылыс және санитарлық нормалармен, экологиялық заңнамамен іске асады.

«Кешіруден» керемет боп кетпейді

Осылайша, бұған дейін жиналып, бірақ, есепке енгізілмеген қалдықтарды бірреттік заңдастыру арқылы бері шығару көзделіп отыр. Мұндай қадам қандай нәтиже береді? Қаншалықты тиімді?

Министрлік осы орайда ең дұрысы қалдық иелеріне бірреттік акция жариялап, заңдастыруға мүмкіндік беруді ұсынып отыр. Бұл бастаманы «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Могилюк құптамайды.

– Қалдықтарды «заңдастыруды» қолдамаймын. Мұндай «акция» – жауапты мемлекеттік органдар өздеріне тиесілі функцияларымен шамасы келмей жатқанының белгісі. Бұл қадам жағдайды еш жақсартпайды, қоршаған ортаға кері әсерді төмендете алмайды. Тек бұған дейін кемшілік жібергендерді жауапкершіліктен арылтады. Сөйтіп, ары қарай да әрекетсіздікке жетелейді, – дейді Светлана Владимировна.

Эколог, керісінше, бақылауды күшейтіп, барлық қалдықтарды нақты түгендеуді, цифрландыруды іске асыру қажет деген ойда. Қазіргі заманауи құралдар бұл жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол экология департаменті жылдық есебін статистикалық ведомстволардың есептерімен салыстырып, анықталған айырмашылық бірден зерделенуі тиіс, дейді.

– Тағы бір айтарым, утильдік алым қаражаты тікелей өз мақсатына жұмсалуы қажет. Бүгінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл қаражатты өздеріне бағынышты ұйымдардың мәселелерін шешуге және қалдықтарды қайта өңдеумен тікелей қатысы жоқ саланы қолдауға пайдалануда. Сөйтіп, қалдықтармен жұмыс қалған қаражат қағидатымен жүріп жатыр. Ақыры бәріне «кешірім» беру және бәрін ақ парақтан бастау идеясы ұсынылып отыр. Одан болып, қалдық ешқайда кетіп қалмайды. Сондықтан, мәселенің шешімі бұл емес дер едім, – дейді С.Могилюк.

Аймақтағы ахуал

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеп, бекіткен қалдықтардың барлық түрлерін басқару тұжырымдамасы экономиканың экологиялық орнықты, ресурс үнемдейтін және айналмалы моделіне жүйелі түрде көшу қажеттілігіне негізделгенін айтады. Сондай-ақ, тұжырымдама өнеркәсіптік, коммуналдық, азық-түлік және өсімдік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, электрондық және электр жабдықтары, қауіпті медициналық, құрамында сынап бар, тарихи ластану және иесіз қалдықтардың жай-күйін жалпы талдауды, қалдықтарды басқару жөніндегі халықаралық тәжірибені қолдануға мүмкіндік береді деген үмітте.

– Тұтастай алғанда, тұжырымдама қайта өңдеу басымдығына, бизнесті тартуға, процестерді цифрландыруға және өңірлік теңгерімге бағдарланған қалдықтарды басқаруды кезең-кезеңімен қалыптастыруға жағдай жасайды, – делінген басқарманың мәліметінде.

Бұдан бөлек, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі «полигондарға қойылатын экологиялық талаптар» Экологиялық кодексінің 350-бабына өзгерістер енгізуге, атап айтқанда, ауылдық полигондарға қойылатын талаптарды жеңілдетуге бастамашылық жасаған көрінеді. Содан кейін облыс билігі қолда бар қоқыс үйінділерін сәйкестендіру жұмыстарын бастамақ. Басқармадағылар бұл ауылдық полигондарға қойылатын талаптарды жеңілдету экологиялық талаптар мен санитарлық ережелерге сәйкес келетін полигондардың үлесін арттыруға жағдай жасайды және бюджет қаражатын үнемдейді деп күтуде.

Құзырлы органның мәліметіне сүйенсек, бүгінде Павлодар облысының аумағында қазіргі уақытта шамамен 3 млн тонна қалдық жинақталған. Аймақта тұрмыстық қатты қалдықтар орналастырылатын 321 объектісі бар, оның үшеуі экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Үшеуі облыстың үш қаласында орналасқан. Қалған 318 полигон бойынша жер учаскелері ресімделіп, жерге актілер алынған екен.

Осы орайда, облыста қалдықтардың қанша көлемі қайта өңделеді деген заңды сұрақ туындайды. Құзырлы басқарманың мәліметі бойынша облыс аумағында кәсіпорындар пластик, қағаз, автомобиль шиналарын, аккумуляторларды және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуді жүзеге асырады. Мұндай іспен «Попов» ЖК, «KazEcoProm» ЖШС, «InterRubberRecycling» ЖШС, «ЭкоГолд» ЖШС, «Завод Гофротара» ЖШС, «Тандем ПВ» ЖШС айналысады.

Бұдан басқа, «Жасыл даму» АҚ тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Павлодар қаласы үшін қоқыс өңдеу зауытын, целлюлозадан жасалған қағаз, картон және қайта өңделген макулатура өндіру зауытын салу, сондай-ақ пайдаланылған аккумуляторлық батареяларды жинау, сақтау, тасымалдау және қайта өңдеу жөніндегі жобаны іске асыру жоспарлануда.

Былтыр Астанада өткен брифинг барысында облыс әкімі Асайын Байханов аймағымызда қатты қалдықтарды басқаруға басымдық берілетінін айтқан еді. Яғни, облыс орталығында алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешені бой көтеруде. Мұнда пластик, металл, қағаз және шыны қайта өңдеуге тапсырылады. Жобаның жалпы инвестициясы — 4,8 млрд теңге. Мұнда 150 мың тонна қалдық өңделмек. Оның 20 пайызы пластик пен полимерлерді өңдеуге арналған. Бұл кешен өңірде тұрмыстық қалдықтарды тиімді әрі экологиялық жолмен қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Кешен биыл мамыр айында іске қосылмақ. Нәтижесінде облыста қайта өңдеуді ұлғайтуға септігін тигізеді.

Жалпы, облыста жыл сайын 300 мың тоннаға жуық коммуналдық қалдық жиналады екен. Облыстық экология департаментінің ақпаратына сәйкес, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыс кәсіпорындары 131,066 млн тонна өндіріс қалдықтарын түзген.  Оның ішінде 41,250 млн тонна қайта өңделген. Алайда, есепте жоқ өндірістік қалдықтар көлемі туралы сұрағымызға нақты жауап болмады. Бәлкім, бізде мұндай олқылық жоқ шығар деген үміттеміз.

Ал елімізде министрліктің мәліметі бойынша жыл сайын 4,5 млн тонна коммуналдық қалдық түзіледі. Бір жыл бұрын қайта өңдеу деңгейі 25,8 пайызды құраған. Міне, осы көрсеткішті жақсарту үшін қалдықтарды жинау, шығару және қайта өңдеуге қажетті заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру көзделген. Облыста іске қосылатын зауыт та осы ахуалды оңалтады деген сенім бар.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды ретке келтіру бағытында сәл де болса алға басушылық байқалған сияқты. Ал кәсіпорындар есепке енгізбегенін енді қалай реттеу керек деген сұрақ туындайды. Бастысы, кез келген бастаманың нәтиже әкелгені қажет. Ал заңдастыру қоршаған ортаға зиян келтіретін қалдықтардың барынша көбірек өңделіп, айналаның тазалығына септігін тигізсе, кәнеки. Бұл ұсыныстың қаншалықты ұтымды болары – уақыт еншісінде.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.