Соңғы уақытта жиі талқыланатын тақырып – азаматтардың зейнетақы жинақтары туралы. Оның жөні де бар. Себебі, қордағы қаржысын басқару – ертеңгі күнге деген сенімділік. Артық жинағын тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емге пайдалану – азаматтардың заңды мүмкіндігі. Өткен жылдың аяғында осы салада біршама өзгерістер енгізілген еді. Биыл жыл басынан бері де жаңашылдықтар енгізілді. Соларға кезек-
пен тоқталайық.
Емге пайдалану тоқтатылды
Отбасы банктің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 12 қаңтар сағат 19:00-ден бастап enpf-otbasy.kz платформасында емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша өтінім қабылдау тоқтатылды. Бұл шешім Отбасы Банк, Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысына байланысты қабылданған.
Мамандардың хабарлауынша, алдағы уақытта емделуге зейнетақы жинақтарын пайдалану талаптары қайта қаралып, ақпараттық жүйелерді өзара біріктіру арқылы зейнетақы қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу тетіктері күшейтіледі. Емделуге арналған өтінімдерді қабылдау жаңа талаптар толық пысықталғаннан кейін қайта басталады. Бұл туралы қосымша хабарланбақ.
Айта кетелік, 2025 жылдың желтоқсанында қазақстандықтар жаппай зейнетақы қорындағы артық жинақтарын емделуге және тұрғын үй алу мақсатында алуға өтініш білдірген. «Бірінші кредиттік бюроның» мәліметінше, былтырғы жылы радиохиругиялық емделу мақсатында жинағын алуға өтініш білдірушілер қатары күрт көбейген. Тек бір айда 7 154 өтініш түскен. Олар бойынша аударылған қаржының сомасы 5,6 млрд теңгені құраған.
Бұл емделу түрі — қарапайым емделу емес. Сәулелі терапияның жоғары технологиялық формасы деп аталады. Оның құны да қымбат. Зейнетақы жинақтарын алу тәжірибесі басталғалы бері қазақстандықтар жалпы құны 548 млн теңге болатын 507 өтініш түсірген, тек 2025 жылы бір айда 10 өтініш тіркеліп отырған. Ал 2025 жылдың аяғында бұл көрсеткіш күрт көбейіп кеткен. Бұл мақсатта желтоқсан айында бір мыңнан астам өтініш түскен. Мамандар оның артында тағы да қаржыны алуды бір тәсілін іздеу жатқан жоқ па деген күдік барын жасырмады.
Айта кетелік, бұған дейін зейнетақы жинағын стоматологиялық емделуге алуға тыйым салынды. Онда алаяқтық фактілері көрініс таба бастады. Одан кейін тек емделудің аса күрделі —
радиохирургия, орфанды ауруларды емдеу, радионуклидті және радиойодтерапия, протонды терапия түрлері ғана рұқсат етілген болатын.
Баспанаға пайдалану азайған жоқ
Зейнетақы жинағының шектік мөлшерден артық қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін алу көрсеткіші де кеміген емес. Ол – азаматтардың жинақты пайдаланатын негізгі бағыттарының бірі. Желтоқсан айында медици-налық мақсаттан басқа баспана жағдайына алу туралы өтініштер де өсті. 2025 жылы желтоқсанда 339,1 мың өтініш бойынша 221,4 млрд теңге аударылған. Осы жылдың қараша айындағы көрсеткішпен салыстырғанда өтініш саны 3 есеге, қаржы көлемі 2,8 есеге артқан.
Азаматтар негізінен тұрғын үй жинақ банкіне одан әрі жинақтау үшін алуға бел буған. Ол мақсатта түскен өтініштер саны 182 мыңды құрады.
Мамандар дәл желтоқсан айында жинағын алуға ниет білдіргендердің көбею себептерін де біліп отыр. Әдетте, олар өз шотындағы салымдардың жыл аяғына дейін толыққанын ғана күтетін. Оған Отбасы банкте пайыздық өсім де қосылатын. Сондықтан адамдар жыл соңына дейін жинақ сомасының өсуін күтіп, өтінішті аяғында бір-ақ беретіні де бар. Биыл болса, жағдай өзгеше. Оның үстіне, зейнетақы қоры желтоқсанда алдағы уақытта өзгерістер болатынын мәлімдеді.
Алдымен, 2026 жылға жас мөлшері бойынша азаматтарға шектік жинақ мөлшері өсірілетінін жарияланды. Бұл өзгеріс едәуір соманы құрайды. Егер қазір жинақта артық ақша қалдыратын болсаңыз, оның келесі жылы демде «жұтылып» кетіп, тіпті минусқа кіріп кететінін адамдар лезде ұғынды. Сол себепті, бірден артық ақшасын Отбасы жинағына аударып жіберуді жөн деп тапты. Келесі жылдың табысы одан әрі қалай болатынын уақыт көрсетеді деп сенді. Өйткені ескі шек пен жаңа шек мөлшерінің айырмашылығы орташа есеппен алғанда 10 пайызды құрады. Бұл өзгеріс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді.
Табыс салығынан босатылады
Осыған дейін азаматтардың зейнетақы жинақтарынан салық ұсталатын еді. Нақтыласақ, зейнетақы төлемдеріне 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынатын. Мамандардың айтуынша, бұл салық кодексіне сәйкес норма болатын. Өйткені әуелде зейнетақы жинағының сомасы еңбекақыдан есептеп қорға аударылған сәтте
10 пайыздық табыс салығы ұсталмай, бірден қорға жіберілетін. Артынан зейнетақы жинағын пайдаланған кезде, не бірден он пайыздық мөлшерді ұстап қалады, не зейнет жасына жеткенде ұсталатын борыш түрінде сақтала береді.
Жаңа салық кодексіне сәйкес, бұл норма енді қолданылмайды. Енді қазақстандықтардың зейнет-ақысынан жеке табыс салығы ұсталмайды. Сондай-ақ бұған дейін салық төлегендерге қаражат кері қайтарылмайды. Ал әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін 882 айлық есептік көрсеткішке дейін салықтық шегерім жасау құқығы сақталады. Сонымен қатар, азамат Қазақстан резиденті болмаса, жеке табыс салығын төлеуге міндеттеледі.
«БЖЗҚ» АҚ төлемдерді ұйымдастыру және хабарландыру департаментінің басқарма басшысы Гүлнұр Ақайдарова бұл туралы былай түсініктеме берді:
«Жаңа жылдан бастап, жеке табыс салығы тек қана Қазақстан Республикасының бейрези-денттеріне ғана салынатын болады. Сондай-ақ 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсатында пайдалану кезінде кейінге қалдырылған салық міндеттемелері толығымен жойылады. Айта кететін жайт, жаңа салық кодексінде бұрын ұсталған және төленіп қойған ЖТС-ны кері қайтару көзделмеген».
Инвестициялық кіріс өсті
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) шоғырландырылған зейнетақы активтерінің таза инвестициялық кірісі 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 13,43 трлн теңгеден асты.
Инвестициялық кіріс азамат-тардың зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. 2014 жылдан бері зейнетақы активтерін инвестициялау тиімділігі айтарлықтай артты, бұл салымшылардың (алушылардың) жинақтарының жалпы көлемінің едәуір өсуіне ықпал етті.
Қазақстандағы зейнетақы жинақтары – азаматтардың зейнет жасындағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық инвестициялық құрал. Икемді инвес-тициялық саясат пен активтерді әртараптандыру ұзақ мерзімді кезеңде тұрақты оң динамиканы қамтамасыз етеді. Қысқа мерзімді кезеңдердегі табыстылық зейнетақы активтерін басқару тиімділігінің негізгі көрсеткіші бола алмайды, өйткені қысқа уақыт аралығында есептелетін қаржы құралдары бойынша сыйақы мен өзге де табыстар бағалы қағаздар құны мен валюта бағамдарының ауытқуын әрдайым толық өтей бермейді. Сондықтан инвестициялық кірістің нақты мөлшерін кемінде бір жылдық кезеңде талдаған жөн.
Орта және ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы жинақ-тарының нақты, яғни жинақталған инфляциядан жоғары табыстылығы қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бастап 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі кезеңде жинақталған инвестициялық кірістілік 1054,45%-ға жетті, ал осы кезеңдегі инфляция деңгейі 933,55% болды.
Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік берілетінін еске саламыз. Салымшының төлемге құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне кері әсерін тигізген жекелеген кезеңдердегі кірістіліктің төмендеуі жағдайында айырманың өтемақысына мемлекет кепілдік береді.
Зейнетақы активтерін инвес-тициялық басқару мен есепке алу жүйесі толықтай ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар.
Зейнетақы төлемдері 5 пайызға өседі
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері зейнетақы төлемдерін бұрыннан алып жүрген зейнеткерлер үшін 5 пайызға ұлғаяды.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады. Аталған әдістемеге сәйкес, зейнетақы төлемдерін алғаш рет ала бастайтын азаматтар үшін ай сайынғы төлем мынадай тәртіппен есептеледі: зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарын төлеу мөлшерлемесі — 6,5 пайызға көбейтіліп, 12 айға бөлінеді. Кейінгі жылдары ай сайынғы төлем мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшер-лемесіне сәйкес 5 пайызға арттырылады.
БЖЗҚ-дан жүзеге асырылатын ай сайынғы зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТК) кемінде 70 пайызына тең. 2026 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі — 50 851 теңге. Ал ай сайынғы зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшері шектелмейді және ол алушының зейнетақы жинақтарының көлеміне тікелей байланысты.
БЖЗҚ-дан берілетін төлемдер жеке зейнетақы шотындағы қаражат толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Жеке зейнетақы жинақтары салымшының меншігі болып табылатындықтан, олар азаматтық заңнамада белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.
Сұрақ жауап
Серік, Ақсу қаласының тұрғыны:
— Мен жуырда өз шотымдағы зейнетақы жинағының кеміп кеткенін байқадым. Бұл жағдай не себепті болғанын түсіндіре аласыздар ма?
БЖЗҚ өкілінің жауабы:
— Сұрағыңыз түсінікті. Инвестициялық табыс әр сейсенбіде және айдың соңғы күнінде өзгеріп тұрады. Ол күндері табыс өсіп те, төмендеп те кетуі мүмкін. Сондықтан артық шектік қаржыны алу бойынша өтінішті сейсенбіден сәрсенбіге қараған күні берген дұрыс. Айдың соңғы күнін де бақылап отырған жөн. Шекті соманы сұрағанда, мөлшерін сәл төменірек көрсеткен дұрыс, өйткені инвестициялық табыс теріс болып кетсе, қаражат жеткіліксіз болуы мүмкін.
Әзірлеген — Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.
