Жұқпалы дерт тіркелген жоқ

Сәу 2, 2026

Ресейдің Новосібір облысындағы бес бірдей ауданда эпизоотиялық ахуал ушығып тұр. Құтырма және пастереллез ауруларының салдарынан карантин жарияланды. Көрші елдің іргелес жатқан өңіріндегі мұндай жағдай Павлодар облысы жұртшылығын да алаңдатты. Екі өңір арасында алыс-беріс көп болғандықтан, жұқпалы ауру бізге де жете ме деген қауіп бар.

Ресейлік ветеринарлық қызмет ірі қараның құтырма, пастереллез ауруларына шалдыққанын алға тартқанымен, кейбір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының дерегінше сырқат белгілері аусылға ұқсайды. Тұрғындар да аусыл ауруының белгілері байқалатынын айтады. Көрші өңірдегі мұндай жағдай жергілікті жұртшылықты алаңдатпай қоймайды.

Десе де, Павлодар облысының ветеринарлық қызметі алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті. Жауапты басқарма өкілдерінің сөзінше, аймақта аусыл ауруы байқалған жоқ.

— Бүгінгі таңда Павлодар облысында аусыл ауруы бойынша эпизоотиялық жағдай қолайлы. Өңір аумағында аусыл ауруының тіркелген жағдайлары жоқ. Бұған дейін облыстың бірқатар ауданында ірі қара мал арасында аса қауіпті жұқпалы ауруларға ұқсас клиникалық белгілер тіркелген болатын. Диагнозды нақтылау мақсатында жануарлардан биологиялық сынамалар алынып, оларды жоққа шығару үшін Астана қаласындағы Ветеринария ұлттық референттік орталығына жіберілді. Зертханалық талдау нәтижелері бойынша алынған барлық сынамалар теріс нәтиже көрсетті. Яғни, аусыл мен басқа да аса қауіпті ауруларының жоқ екенін дәлелдеді, — делінген облыстық ветеринария басқармасының ресми хабарламасында.

Бұл ретте Ресейдегі жағдай ел билігінің де назарын аудартып отыр. Осыдан бірнеше күн бұрын ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев көрші елдегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлауына байланысты біздің елде төрт түлікке жаппай екпе салу басталатынын айтқан еді. Бұл ретте біздің өңірдегі ірі қараны аусылға қарсы вакцинациялау үшін биыл 1 705 635 доза екпе жеткізілген болатын.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.