Аймақта көктемгі дала жұмыстары қыза түсті. Биыл облыс диқандары егіс көлемін ұлғайтып қана қоймай, егіншілік саласын әртараптандыруға да басымдық беріп отыр. Соның нәтижесінде өңірдегі жалпы егіс алқабы 1 млн 703 мың гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,2 мың гектарға артық.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Хамза Оразбековтің айтуынша, соңғы жылдары аймақта дәстүрлі бидай алқаптарын қысқартып, табысы жоғары майлы дақылдарға көшу үрдісі байқалады.
Биыл майлы дақылдардың егіс көлемі тағы 31 мың гектарға ұлғаймақ. Әсіресе күнбағыс алқабының 497,4 мың гектарға дейін кеңеюі өңірдегі майлы дақылдарға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар, зығыр, рапс, қыша мен соя егістіктері де көбейіп келеді. Ал қарақұмық алқабы 60,9 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7 мың гектарға артты. Жалпы, биыл дәнді дақылдар 849,1 мың гектарға, майлы дақылдар 549,7 мың гектарға орналастырылады. Малазықтық дақылдар 264,4 мың гектарды қамтыса, картоп пен көкөніс-бақша дақылдары 40 мың гектарға жуық алқапқа егіледі.
– Шаруаларды қолдау мақсатында облысқа 27,3 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Литрі 275 теңгеден ұсынылып отырған жанармай нарық бағасынан айтарлықтай төмен. Бүгінде 24,5 мың тоннаға өтінім беріліп, оның 15,2 мың тоннасы жеткізілді. Барлық ауылшаруашылық техникасы егіс науқанына толықтай дайын. Көктемгі науқанға 3 мыңнан астам трактор, мыңдаған сепкіш, тырма мен культиватор, сондай-ақ 266 заманауи егіс кешені тартылды. Бұл дала жұмыстарының уақытылы әрі сапалы орындалуына жол ашып отыр. Қазіргі уақытта 1 млн гектардан астам жерде ылғал жабу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар, көктемгі жырту мен егіс алдындағы топырақ өңдеу шаралары белгіленген жоспарға сай жүзеге асуда, – деді Х.Оразбеков.
Бүгінде облыс бойынша 514,7 мың гектар жерге егін себілді. Оның басым бөлігін майлы және дәнді дақылдар құрайды. Диқандар картоп, көкөніс, бақша және малазықтық дақылдарды да уақытылы орналастыруда. Егіс науқанының табысты өтуі үшін барлық қажетті ресурс алдын ала дайындалған.
Айдана БОРАНБАЕВА.
