Оркестрдің «жүрегі»

Мам 21, 2026

Оркестр – тұтас бір ұжым, ал сол ұжымды бір арнаға тоғыстырып, әр дыбысты үйлесімге келтіру – дирижердің жауапты міндеті. Сырт көзге бұл іс тек қол қимылымен шектелетіндей көрінгенімен, шын мәнінде ол – тынымсыз ізденіс пен зор еңбекті талап ететін күрделі өнер. Шығарманың нотасы қолына тиген сәттен бастап, оны тыңдарман жүрегіне жеткізгенге дейінгі аралықта дирижер оркестрмен біте қайнасып, әр дыбыстың дәл әрі әсерлі шығуы үшін қажымай-талмай еңбек етеді. Демек, дирижер еңбегі тек шеберлікті емес, қажырлылық пен терең ізденісті де қажет етеді. Сондай жауапты істі абыроймен атқарып жүрген жандардың бірі – Рүстембек Омаров атындағы Қазақ ұлт аспаптары оркестрінің екінші дирижері Берік Ақатаев.

Берік Абылайұлының өнерге деген қызығушылығы ерте жастан-ақ қалыптаса бастады. 1993 жылы Павлодар қаласындағы №35 мектептің 1-сыныбына барған ол бала кезінен шығармашылыққа бейім болып өсті. 3-сыныптан бастап мектеп жанындағы домбыра үйірмесіне қатысуы оның болашақ өмір жолын айқындаған алғашқы маңызды қадамдарының бірі болды.

– Домбыра үні мені бірден баурап алды. Әр дыбыс, әр әуен ерекше әсер ететін. Сол кездің өзінде музыкаға деген ішкі тартылысым күшті еді. Уақыт өте келе музыкаға деген қызығушылығым тереңдеп, 5-сыныптан бастап Оқушылар сарайындағы домбыра үйірмесіне ауыстым. Осылайша сахнамен, көрерменмен және шығармашылық ортамен ерте таныса бастадым. Бірнеше концерттік шараға қатысып, өзімнің сахналық тәжірибемді қалыптастырдым. 7–9-сынып аралығында «Жас дарын» мектебінде білім алып, 2002 жылы Чайковский атындағы музыкалық колледжге домбыра сыныбы бойынша оқуға түстім. Алғашқы жылдары оркестр сабағы болмаса да, мен үлкен оркестрдің дайындықтарын жібермей тыңдайтынмын. Дирижердің әр қимылы мені ерекше қызықтыратын. Сол кезде-ақ мен осы өнерге жақындай түскенімді сездім. 2006 жылы колледжді аяқтап, сол жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне түсіп, 2010 жылы оны тәмамдадым, – деп еске алады ол.

Өнер иесінің дирижерлік жолына бағыт берген тұлға – оның ұстазы, дирижерлік пәнінің оқытушысы Талғат Кәрімов. Ұстазы жас музыканттың бойындағы қабілетті ерте байқап, оны дирижерлік өнерге баули бастайды.

– Ұстазым менің бойымдағы дирижерлікке бейімділікті байқап, осы салаға бағыт берді. Сол кісінің сенімі мен үшін зор жауапкершілік болды. Кейін түсіндім: дирижерлік – тек музыканы басқару емес, ол — терең ой мен сезімді қажет ететін өнер, – дейді ол.

Кейін Берік Ақатаев Иса Байзақов атындағы облыстық филармония жанынан құрылған Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестріне домбырашы ретінде қосылып, ұжымның қалыптасу кезеңінен бастап белсенді еңбек етеді. Уақыт өте келе оның кәсіби тәжірибесі мен қабілеті ескеріліп, оркестрдің екінші дирижері қызметіне тағайындалады. Оның сөзінше, оркестрмен жұмыс тек музыкалық білімді емес, үлкен ұйымдастырушылық қабілет пен психологиялық үйлесімді талап етеді. Дирижер әр музыканттың мүмкіндігін ескеріп, ортақ дыбыстық тепе-теңдікті табуы тиіс.

– Дирижерлік өнер – сырт көзге тек қимыл арқылы музыканы басқару сияқты көрінгенімен, шын мәнінде ол – күрделі шығармашылық әрі психологиялық процесс. Дирижер – оркестрдің жүрегі іспетті тұлға. Ол тек ырғақты көрсетіп қоймай, тұтас ұжымның тынысын, эмоциясын және көркемдік идеясын бір арнаға тоғыстырады. Әр қимыл – музыкалық ойдың көрінісі. Қол қозғалысы, көзқарас, ішкі сезім – барлығы орындаушыларға тікелей әсер етіп, шығарманың көркемдік бейнесін қалыптастырады. Гастрольдік сапарлар да — дирижерлік қызметтің ажырамас бөлігі. Әр қала, әр сахна, әр тыңдарман шығармашылыққа жаңа серпін береді, – деп алға тартады Б.Ақатаев.

Бүгінде тәжірибелі маман ретінде Берік Абылайұлы жас музыканттарға үнемі ізденісті тоқтатпауға, классикалық музыканы терең тыңдап, зерделеуге, сахнадан қаймықпауға кеңес береді. Оның пікірінше, нағыз шеберлік тек үздіксіз тәжірибе мен еңбектің нәтижесінде қалыптасады.

Берік Ақатаевтың өмір жолы – өнерге адалдықтың, үздіксіз еңбектің және кәсіби ізденістің жарқын үлгісі. Оның шығармашылық болмысы жас музыканттарға бағыт-бағдар беріп, қазақ ұлттық музыка өнерінің дамуына өз үлесін қосып келеді.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген —  Есенжол Исабек.