Өнермен өрілген өмір

Мам 21, 2026

Алмагүл Өмірзақова – қазақ мәдениетінің рухани әлемін байытуға белсенді үлес қосып жүрген тәжірибелі мамандардың бірі. Оның шығармашылық жолы ұлттық өнердің нәрінен сусындап, сахна мәдениеті мен дәстүрлі құндылықтарды ұштастыра білген талпынысымен ерекшеленеді.

Алмагүл Өмірзаққызы 1974 жылы 19 қарашада Баянауыл ауданы Жұмат Шанин ауылына қарасты Әтей елді мекенінде дүниеге келді. Табиғаты көркем Баянауылдың тау-тасы, саф ауасы мен әнге толы ауыл тіршілігі оның өнерге деген құштарлығын ерте оятты. Бала күнінен әнге ғашық болып өскен оның өнерге жақындығы әкесінен дарыған қасиет еді. Себебі әкесі Өмірзақ Жәкеұлы қоңыр дауысымен домбырамен ән салғанда, елдің көңілін бірден тербеген деседі.

– Бала кезімде әкемнің ән кітабын алып, атқа мініп, қой бағып жүріп, ән айтатынмын. Баянауылдың тау-тасында жаңғырып шыққан бала дауысым мен үшін үлкен сахнадай көрінетін. Жастайымнан Роза Рымбаеваның әндерін тыңдап, өзіне еліктеп өстім. Бірде ауылымызға Роза Қуанышқызы концертпен келетін болды. Біз сол кезде жайлауда едік. Концертке барғым келіп, әкемнен сұрандым. Әкем үндемей ғана көлігін дайындап, мені Жұмат Шанин ауылындағы концертке алып барды. Сол кештен алған әсерім әлі күнге дейін көз алдымда. Сахнадағы ән, көрермен ықыласы, Роза апайдың өнері мені ерекше қанаттандырды. Сол күннен соң менің өнерге деген сенімім одан сайын күшейді. Егер ата-анамның қолдауы болмағанда, бәлкім менің өмір жолым мүлде басқа болар ма еді. Өнерге келуіме алдымен осы кісілер себеп болды, – дейді Алмагүл Өмірзаққызы.

Анасы Нұрпану Баязитқызы да —  сырмақ, алаша, көрпе-жастық тігіп, ұлттық өнерді ұлықтап өткен жан. Үйіне келген қонақты ақ дастарханымен қарсы алып, ауылға сыйлы болған. Осындай ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өскен Алмагүл Өмірзаққызы мектеп қабырғасында жүрген кезінен қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Кейін Ақсу қаласындағы мәдениет саласы бойынша білім ордасына қабылданып, шығармашылық өмірге қадам басты. Сол уақытты кейіпкердің өзі ерекше тебіреніспен еске алады.

– Қабылдау емтиханында композитор Төлеген Мұхамеджановтың «Заман-ай» әнін орындадым. Сонда комиссия мүшелері өнерімді байқап, «Сенің болашағың мәдениет саласында» деп бағыт берген еді. Сол сөз менің өмірлік жолымды айқындады, – дейді ол.

Алмагүл Өмірзаққызы еңбек жолын мәдениет саласында бастап, осы күнге дейін туған елдің рухани өміріне белсенді қызмет етіп келеді. Алдымен Ақсу қаласындағы балалар шығармашылық үйінде «Мұрагер» үйірмесін, одан соң сол шаһардағы С.Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында әдіскер қызметін атқарды. 2000 жылдары ауыл мәдениет ошақтарының жабылып қалған кезеңінде мәдениет үйлерін қайта жандандыру ісіне белсене араласты. Жекемен-шікке өтіп кеткен мәдениет үйлерін мемлекет қарамағына қайтару, жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру, ауыл тұрғындарын мәдени өмірге тарту – оның еңбек жолындағы маңызды белестердің бірі болды. Мәселен, Павлодар қалалық Естай мәдениет сарайында «Қорлан» жетіген ансамблін құрды. Бүгінде ансамбль өз жұмысын табысты жалғастырып келеді. Сонымен қатар, домбыра ансамблін ұйымдастырып, қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттауға күш салды. Алайда бүгінде бұл ансамбль жұмысын тоқтатқан.

Бүгінге дейін Алмагүл Өмірзаққызы Павлодар ауданына қарасты Мичурин ауылдық округіндегі мәдениет үйіне басшылық етіп, елді мекенде бой көтеріп жатқан мәдениет үйінің құрылысына өз үлесін қосты.

Кейіпкеріміздің өнер жолындағы еңбегі еленіп, көптеген марапатқа ие болды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» медалі, «Қазақстан даңқы» халықаралық ордені, «Ақсу қаласының 50 жылдық» медалі, «ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған медаль» сынды марапаттары бар.

Алмагүл Өмірзаққызы үшін отбасы да үлкен құндылық. Жолдасы Жақып Тасболатұлы – өрт сөндіру саласының ардагері. Қызы Айзана – театр актрисасы, ал ұлы Нұр-Жақып техникалық бағытта білім алып жатыр.

Бүгінде Алмагүл Өмірзақова тек мәдениет қызметкері емес, жас буынға бағыт-бағдар беретін тәлімгер, ұлттық өнердің жанашыры ретінде ел құрметіне бөленіп келеді. Осындай руханият жанашырлары барда қазақ мәдениетінің шамшырағы ешқашан сөнбейтіні анық.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.