Екібастұз қаласында көшелерді жөндеу, аулаларды абаттандыру және балалар мен спорт алаңдарының құрылысы жүйелі түрде атқарылуда. Биыл бірқатар көшенің жол жабыны жаңартылып, ұзақ жылдан бері еш жөндеу көрмеген учаскелер кезең-кезеңімен қалпына келтірілуде. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен аймақ басшысы Асайын Байханов Екібастұз қаласына жұмыс сапары барысында танысып қайтты.
Ұсыныстар назарға алынды
Алдымен облыс әкімі жергілікті ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, денсаулық сақтау, мәдениет және ардагерлерге қолдау көрсету бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесуде алғаш болып сөз алған Асайын Қуандықұлы соңғы жылдары Екібастұз қаласында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға тоқталып, шаһардың даму қарқыны артып келе жатқанын атап өтті.
– Екібастұз қаласында соңғы жылдары ауқымды өзгерістер орын алып жатыр. Мәселен, тек абаттандыру жұмыстарының өзіне соңғы 3 жылда 40 миллиард теңге бөлінді. Қалада 9 ірі өндіріс орны іске қосылды. Бұл – жаңа жұмыс орындары ашылып, экономиканың дамуына серпін береді деген сөз. Егер біз өндірісті дамытпасақ, жастарды өңірде ұстап қала алмаймыз. Қазірдің өзінде көптеген жас маман Астана және Алматы қалаларына көшіп жатыр. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – Екібастұзды көмір өндірісіне ғана тәуелді моноқаладан экономикасы әртараптандырылған, заманауи индустриялық қалаға айналдыру, – деді облыс әкімі.
Жиында Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов ұйымның атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде егде жастағы тұрғындар арасында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» сұраныс жоғары. Мұндай орталық ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізіп, денсаулығын нығайтуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.
– Бүгінде ардагерлер арасында әртүрлі үйірмеге қатысқысы келетін жандардың саны артып келеді. Оларға арналған аэробика, теннис, шахмат, тігін курстары, домбыра және вокал үйірмелері де бар. Алайда қазіргі ғимарат оларға тарлық етеді. Сондықтан Екібастұз қаласында болашақта жеке «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ғимараты қолданысқа берілсе дейміз, – деді С.Рамазанов.
Сондай-ақ, кездесу барысында ардагерлер денсаулық сақтау саласындағы түйткілдерге назар аударып, ауруханалардағы медициналық жабдықтарды жаңарту қажеттігін жеткізді. Бұдан бөлек, қаладағы қазақ театрына арнайы жеке ғимарат беру мәселесі де көтерілді. Олардың айтуынша, бұл өңірдегі мәдениетті дамытуға және ұлттық өнерді насихаттауға жол ашады.
Кездесу соңында аймақ басшысы көтерілген ұсыныстар мен мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтып, бірқатар бастама кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді. Кейін ұйымға Hyundai автокөлігінің кілтін табыстады.
Белсенді жастар бас қосты
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» акциялары аясында өткен «Ekibastuz fest: Заң мен тәртіп» атты ауқымды жастар фестиваліне қатысты. Шаһардың «Қазақстан» алаңында өткен аталмыш шараға өңірдің белсенді оқушылары, студенттер және жұмысшы жастар қатысты.
Аймақ басшысы өз сөзінде жастардың қоғам өміріндегі белсенділігіне ерекше тоқталып, олардың ел болашағы үшін маңызды күш екенін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидасына ерекше назар аударып, әділетті қоғам құру жолында жастардың рөлі зор екенін айтты.
– Шын мәнінде, «Заң мен тәртіп» – әділетті мемлекеттің басты қағидасы. Ел Президенті Қасым–Жомарт Тоқаев айтқандай, біз өз Отанымызды бірге қалыптастыруымыз керек. Екібастұз жас-тары – білімге құштар, еңбекке жігерлі. Олар қоғамдық шараларға үнемі белсенді қатысып, алдыңғы қатарлардан көрініп келеді. Сондықтан сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Болашақта жауапты, белсенді әрі білімді азамат болып қалыптасатындарыңызға сенімдімін, – деді А.Байханов.
Фестиваль барысында белсенді жастар мен қоғам белсенділері облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Екібастұз қалалық Жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы Бекарыс Абдулла мен Екібастұз жастар мәслихатының депутаты Нұрлыбахыт Нұрланұлы, Екібастұз политехникалық колледжінің студенті Нұркелді Озғанбай, Жастар бастамаларын дамыту орталығының инспекторы Индира Рахымжанова және Шідерті кенті ауыл жастары кеңесінің мүшесі Бекжан Тау бар.
Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Ирина Темірғалиеваның айтуынша, фестиваль бағдарламасы бірнеше бағытты қамтыған. Олардың қатарында есірткі қылмысына қарсы күрес, интернет алаяқтықтың алдын алу және салауатты өмір салтын ұстану бағыттары енген. Одан бөлек, қаланың бірнеше аумағында профилактикалық акциялар, есірткі жарнамаларын өшіру жұмыс-тары жүргізілуде.
– Негізгі шаралар «Қазақстан» алаңы мен №26 мектепте ұйымдастырылды. Аталмыш білім ордасында алғашқы
«Прокурорлық сынып» бұрышы ашылды.Жаңа арнайы сынып жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру алаңына айналады. Мұнда оқушылар заң негіздерін, медиасауаттылық пен цифрлық қауіпсіздікті меңгеріп, прокуратура мен полиция өкілдерімен кездесулерге қатысады, – деді И.Темірғалиева.
Сондай-ақ, Екібастұз қаласының полиция автопаркі әртүрлі мақсаттағы 25 жаңа автокөлікпен толықты. Олардың қатарында арнайы бөлімшелерге, патрульдік қызметтерге, учаскелік инспекторларға және тергеу-оперативтік топтарға арналған техника бар.
Айта кетейік, шаһарда есірткінің алдын алу мақсатында 1 мыңнан астам граффити жарнамасы боялса, «Айқын нәтиже» бағдарламасы аясындағы «Қауіпсіз шағын аудан» жобасы шеңберінде 11 мыңнан астам шара қолға алынған.
Жаңарту жұмыстары жалғасуда
Кеншілер қаласында жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жаңа балалар мен спорт алаңдары орнатылып жатыр. Қала әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, биыл қаладағы жол жөндеу жұмыстарына бюджеттен 4 миллиард теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар бірнеше көшеде жол жабынын жаңарту, шұңқырларды жөндеу және инфрақұрылымды ретке келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоспар бойынша биыл 18 көшені жөндеу көзделсе, олардың бірқатары қазірдің өзінде толық ретке келтірілген. Сонымен қатар, ұзақ жыл бойы жөндеу көрмеген көшелер де кезең-кезеңімен жаңартылуда.
– Қазірде Северный шағын ауданында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда ескі асфальт жабындысы алынып, жол учаскелері жаңартуға дайындалуда. Алдымен жолдарға қиыршық тас төселіп, содан кейін толықтай асфальт жабындысы салынады. Аталған шағын ауданда 50-ден астам көше бар. Сондықтан жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Осындай инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жаңа су құбыры тартылып жатқан аумақтарда да қолға алынған. Сонымен қатар, кәріз жүйесі құрылысының екінші кезеңі жүргізіліп жатқан Южный шағын ауданында да жолдарды ретке келтіру және абаттандыру жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Жеке сектордағы әлі күнге дейін қатты жабыны жоқ көшелерді асфальттау да өзекті міндеттердің бірі болып отыр. Қалада мұндай көшелер саны 120-дан асады, – деді Аян Уахитұлы.
Аталған жұмыстардың барысымен танысқан Асайын Қуандықұлы бұл мәселені 2028 жылға дейін толық шешуді және барлық жұмыс кезеңін алдын ала нақты жоспарлауды тапсырды.
Соңғы жылдары қалада 200-ге жуық аула абаттандырылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілген. Алайда жаңартуды қажет ететін тағы 80-нен астам аула бар. Биыл облыстық бюджеттен 50 балалар ойын кешенін орнатуға 950 миллион теңге бөлінген. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер аяқталып, мердігер ұйымдар іске кірісті. Жоспар бойынша ойын алаңдарын орнату жұмыстары маусым айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, шаһарда 7 футбол алаңының негізі дайындалған. Енді оларды толық жабдықтап, пайдалануға беру көзделіп отыр. Жауапты мекемелер барлық жұмысты маусым айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Асайын Байханов аталмыш жұмыстарға қаржыландырудың қарастырылғанын айтып, тиісті органдарға жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде орындауды тапсырды. Сондай-ақ, алаңдардың күтімі мен ағымдағы жай-күйіне жауап беретін мердігер ұйымдарды анықтауды жүктеді.
Айдана БОРАНБАЕВА
Екібастұз қаласы.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.
