Жас балуандар — боз кілемде!

Мам 21, 2026

15-17 мамыр аралығында Павлодар қаласындағы «Баянтау» спорт сарайында Ұлы Отан соғысының ардагері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Рымтай Ізбастинді еске алуға арналған қазақ күресінен 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтті.

Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған жарысқа еліміздің 20 өңірінен келген 350-ге жуық жас балуан қатысты. Турнирдің негізгі мақсаты – қазақ күресін жасөспірімдер арасында кеңінен насихаттау, ұлттық спортты дамыту және болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларды анықтау.

Спорттық сайыстың салтанатты ашылуына Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов, Рымтай Ізбастиннің ұрпақтары қатысып, сөз сөйледі.

Дәстүрлі турнирдің биылғы ерекшелігінің бірі – жеңімпаздарға жоғары оқу орындарының білім гранттарының табысталуы. Нәтижесінде тоғыз салмақ дәрежесінде топ жарған балуандарға Satbayev University, Toraighyrov University, Margulan University және Kozybayev University оқу орындарының гранттары беріледі. Сонымен қатар жарысқа халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген танымал спортшылар – Шавкат Рахмонов, Юрий Мельниченко, Садриддин Ахметов, Жәнібек Әлімханұлы және Айбек Нұғымаров арнайы қатысып, жас өрендерге қолдау білдірді.

Қазақ күресінің халықаралық дәрежедегі төрешісі Болат Ақжігітовтің айтуынша, биылғы турнирдің деңгейі жоғары.

– Осындай жарыстардың арқасында жасөспірім спортшылардың шыңда-луына үлкен мүмкіндік жасалып жатыр. Бұл жерден болашақта Қазақстан чемпионаттарында жүлде алатын мықты балуандар
шығады деп сенеміз. Биыл тоғыз салмақ дәрежесі бойынша белдесулер өтеді. Бірінші күні төрт салмақ дәрежесінде, екінші күні қалған бесеуінен жеңім-паздар анықталады. Қазақстанға және әлемге танымал спортшылардың келуі жас балуандарға ерекше мотивация береді. Оларды көрген балалардың бойында рух оянып, болашақта сондай деңгейге жетуге сенімі артады, – деді ол.

Турнирдің алғашқы жарыс күнінде 50-65 келі салмақ дәрежесіндегі жас балуандар боз кілемде бақ сынады. 50 келіде Павлодар облысының өкілі Расул Шарапхан топ жарса, 55 келіде Абай облысынан келген Ералы Қанатбеков жеңімпаз атанды. Ал 60 келіде Алматы қаласының балуаны Бекнұр Болат үздік шықты. 65 келі салмақ дәрежесінде Абай облысының спортшысы Ілияс Балтақаев бірінші орынды иеленді. Ал турнирдің екінші күні қалған бес салмақ дәрежесі бойынша, яғни 70-90 келі аралығындағы жас балуандардың белдесулері өтті. 70 келіде Астана қаласының тумасы Ислам Ұзақбай жеңімпаз атанса, 76 келіде Павлодар облысының өкілі Санжар Амангелдинов бірінші орынға ие болды. 82 келі салмақта Астана қаласынан келген Әлижан Ирсаев топ жарды. Ал 90 келіде Абай облысының тумасы Аңсар Арманұлы мен Қарағанды облысының балуаны Әлішер Салық жеңіс тұғырынан көрінді.

Нұрайым ҚАЛЫБЕК.