Алты ай ақылы демалыс беру дұрыс па?

Шіл 9, 2026

Қазіргі таңда әлемнің бірқатар елінде еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа бастамалар қолға алынып, қызмет пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ерекше мән берілуде. Бұл мәселе біздің елде де көтеріліп отыр. Сондай ұсыныстардың бірі – жұмысын оқумен немесе ғылыммен ұштастырып жүрген қызметкерлерге алты айлық ақылы еңбек демалысын беру мәселесі қоғамда қызу талқылануда. Алайда біреулер мұндай қадам азаматтардың денсаулығын нығайтып, өмір сапасын жақсартады деп қолдау білдірсе, енді біреулер керісінше, бұл жағдай жұмыс берушілерге түсетін қаржылық жүктемені көбейтіп, экономикаға кері әсер етуі мүмкін деген ой айтуда.

Сонымен, алты ай бойы еңбек етпей, айлық алып отыру – әлеуметтік әділеттілік пе, әлде экономикаға салмақ па? Егер бұл ұсыныс жүзеге асса, ұтамыз ба, ұтыламыз ба? Аталған мәселені «Алаңның» талқысына да салып көрген едік. 

 

Гүлбарам НАУРАЗБАЕВА, «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» Павлодар облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Бұл бастаманы қолдаймын. Өйткені, қазіргі таңда көптеген жас педагог жұмыс істеп жүріп магистратура немесе докторантурада білім алып, ғылыммен айналысуда. Ғылым жолы ауыр екені белгілі. Сондықтан мемлекет тарапынан білім мен ғылымды қатар алып жүрген жастарға қосымша әлеуметтік қолдау көрсетілсе, ертең оның игілігін бүкіл ел көреді деп ойлаймын. Бірақ бұл жерде алты айлық ақылы еңбек демалысын кез келген қызметкерге бере бермей, нақты бір талаптары болуы тиіс деген пікірдемін. Бастысы, жастарымыз жалқау болып кетпеуі қажет. Сонда ғана отандық білім сапасы артып, ғылым дамитын болады. Алты ай уақыт аралығында педагог ғылыми жұмысын аяқтап, жаңа әдістемелерді меңгеріп, біліктілігін жетілдіре алады.

Әрине, біз жастардың білімді, бәсекеге қабілетті болғанын қалаймыз дейміз. Сол үшін осы мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін әлеуметтік кепілдіктерді де ұсынуымыз керек. Білім мен ғылым жолын таңдаған жастарды қолдау – шығын емес, елдің интеллектуалдық әлеуетіне құйылған қаржы деп түсіну қажет. Сондықтан кәсіподақ өкілі ретінде бұл бастаманы жан-жақты зерделеп, кезең-кезеңімен енгізуді құптаймын.

 

Досжан МҰРАТБЕК, кәсіпкер:

– Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту – кез келген жұмыс берушінің басты міндеттерінің бірі. Дегенмен де, мен алты айлық ақылы еңбек демалысын енгізу туралы ұсынысты толық қолдай алмаймын. Себебі, бұл алдымен жұмыс берушілерге үлкен қаржылық салмақ түсіреді.

Қазіргі нарық заманында кез келген кәсіпорынның дамуы үшін жұмысы үздіксіз жүруі керек. Егер қызметкер алты ай бойы жұмысқа шықпай, жалақысын алатын болса, оның орнына басқа маман жалдауға тура келеді. Яғни, бір жұмыс орны үшін екі адамға еңбекақы төлеу қажеттілігі туындайды. Мұндай шығынды ірі компаниялар көтеруі мүмкін, ал шағын және орта бизнес үшін оңай емес. Сонымен қатар, ұзақ уақыт жұмыстан қол үзу өндірістің қарқынына, ұжымдағы жұмыс процесіне де әсер етуі ықтимал. Сондықтан қызметкерлердің демалыс құқығын кеңейтудің өзге де тиімді жолдарын қарастырған дұрыс деп есептеймін. Мәселен, жыл сайынғы еңбек демалысының ұзақтығын кезең-кезеңімен арттыру, ыңғайлы жұмыс кестесін енгізу немесе кәсіби дамуға арналған қысқа мерзімді ақылы демалыстар беру сияқты шешімдер әлдеқайда тиімді болар еді деп ойлаймын.

 

Айнаш ЖАНАТ, Марғұлан университетінің магистранты:

– Мен «қызметкерлерге алты айлық ақылы еңбек демалысын беру керек» деген ұсынысты толық қолдаймын. Бұл әсіресе, біз сияқты жұмыспен қатар магистратурада оқып жүрген жандар үшін өте тиімді болар еді. Олай дейтінім, өз басым мектепте мұғаліммін. Ұстаздың жұмысы тек сабақ өткізумен шектелмейді. Күн сайын сабаққа дайындаламыз, дәптер тексереміз, құжат толтырамыз, біліктілігімізді үздіксіз жетілдіреміз дегендей… Әрине, әр саланың өз қиындығы бар. Мұның бәрі үлкен жауапкершілікпен қатар, психологиялық тұрғыда төзімділікті талап етеді. Сондықтан магистратура мен докторантурада білім алатын азаматтар үшін оқу мен жұмысты қатар алып жүру өте қиын. Өйткені, адам шаршайды, уақыты жетпейді. Сол себепті қызметкердің кәсіби және тұлғалық дамуына жағдай жасау қажет деп санаймын. Ол үшін осы ұсынысты жүзеге асырған жөн. Бұл бастаманы мамандарға жасалған жеңілдік емес, болашаққа салынған инвестиция деп түсіну керек. Себебі, демалған, білімін толықтырған қызметкер жұмыс орнына жаңа идеямен, тың серпінмен оралатыны сөзсіз.

 

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.