Сазы үзілмеген 85 жыл

Там 20, 2026

Өнердің өзегі – дәстүр. Ал дәстүрдің ғұмыры ұрпақпен жалғасқанда ғана баянды. Аймақтың мәдени тыны-сына нәр беріп, талай таланттың бағын ашқан Иса Байзақов атындағы облыстық филармония биыл 85-інші маусымын қарсы алғалы отыр. Мерейтойлы жылды өнер ордасы мазмұнды жобалармен, жаңа бағдарламалармен және үлкен сахналық кештермен атап өтпек.

Қыркүйекте өнер ордасы 85-інші концерттік маусымының шымылдығын түрмек. Мерейтой аясындағы мәдени шаралар өткен жылдың соңынан бастау алып, жыл бойы жалғасын таппақ. Филармония ұжымы бұл кезеңде 85 концерттік бағдарлама мен түрлі шығармашылық жобаны көрермен назарына ұсынуды жоспарлап отыр. Мерейтойлық жылдың шарықтау шегі 4 желтоқсанда өтетін гала-концерт болмақ.

– Мерейтойлық бағдарламаны бір күндік шарамен шектемей, жыл бойына жүйелі түрде өткізуді жөн көрдік. Негізгі мақсатымыз – көрерменге әр жанрдағы сапалы концерттер ұсынып, филармонияның 85 жылдық тарихын бүгінгі өнермен сабақтастыра көрсету. Сонымен қатар, концерттік бағдарламаларды облысқа қарасты елді мекендерде де өткізуді жоспарлап отырмыз, –
дейді филармония басшысы Амангелді Қожанов.

Филармонияның шығармашылық тынысы биыл халықаралық деңгейде де кеңейе түспек. Көршілес Қырғызстан елінде өтетін Дүние-жүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсету мәртебесі филармонияның «Нұр» би ансамбліне бұйырған. Қазіргі уақытта аталмыш ұжым сол елде қызу дайындық үстінде. Сонымен қатар, филармония ұжымы алдағы уақытта Абай облысына шығар-машылық сапармен барып, жергілікті көрерменге концерттік бағдарлама ұсынуды көздеп отыр.

Өнердің өрісін кеңейту үшін талант және еңбекпен қатар, заманауи мүмкіндік те қажет екені анық. Осы тұрғыдан алғанда, филармонияның материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға бағытталған қолдау ұжым үшін зор қуаныш болды.

Амангелді Хасенұлының айту-ынша, өткен жылы облыс әкімі Асайын Байханов филармонияға арнайы келіп, өнер ордасының тыныс-тіршілігімен, шығармашылық ұжымдардың жұмысымен танысқан болатын. Көп ұзамай мекемеге қомақты қаржы бөлу жөнінде шешім қабылданды.

– Аймақ басшысы филармонияға 235 миллион теңге қаржы бөлуді тапсырды. Бұл қаражаттың есебінен келесі жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жөндеудің ғылыми-сараптамалық құжаттамасын әзірлеуге 35 миллион теңге арнайы бөлінді. Қалған қаражат сахналық киімдерге, жарық құрылғылары мен түрлі жабдыққа бағытталды. Олардың алғашқы легі күні кеше жеткізілді. Қуантатыны, филар-монияда бұрын болмаған аспаптар да алынды. Олардың қатарында 69-ншы нөмірлі флейта, вибрафон, фагот секілді аспаптар бар. Мұндай қолдауға ие болғанымызға қуаныштымыз. Бұл –
біз үшін зор мәртебе, – дейді филармония басшысы.

Филармонияның жұмысы концерт өткізумен ғана шектел-мейді. Өнер ордасы жас талант-тарды тәрбиелеуге, жергілікті шығар-
машылық иелерін қолдауға және өнерді ел ішінде кеңінен насихат-тауға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – «Алтын бесік – туған ел» жобасы. Оның басты мақсаты – үлкен сахнаға шығуға мүмкіндігі бола бермейтін жергілікті ақындар мен сазгерлердің шығармашылығын анықтап, қолдау көрсету және көпшілікке таныту. Өткен жылы екінші рет ұйымдастырылған жоба биыл да жалғасын таппақ. Ал «Самға» жобасы – жас әншілердің қанатын қатайтуға бағытталған бастама. Музыкалық колледжбен бірлескен жоба аясында музы-калық мектеп оқушыларына филармонияның кәсіби әншілері дәріс оқып, өз тәжірибелерін бөлі-седі. Кәсіби сахнаның қыр-сырын ерте таныған жас өреннің өнерге деген талпынысы да биіктей түспек. «Тағылым» жобасы арқылы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары қамтылады. Филармония мамандары балалардың музыкаға деген қабілетін байқап, оларды өнерге баулиды. Түрлі музыкалық аспаппен таныстырып, шеберлік сабақтарын өткізеді. Бастысы, жас ұрпақтың бойына өнерге деген сүйіспеншілікті сіңіруге күш салады. Ал «Сазды керуен» – өнерді ел ішіне жеткізетін ерекше жоба. Оның мақсаты – облыстың елді мекендерін концерттік бағдарламалармен қамту. Осылайша кәсіби сахнаның сәні мен сазы қалада ғана қалып қоймай, ауылдағы ағайынға да жетеді.

Өнер ордасында бірнеше кәсіби шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Симфониялық оркестр, камералық хор, ұлт-аспаптар оркестрі және өзге де өнер ұжымдары әр маусым бойы көрерменге түрлі концерттік бағдарламасын ұсынып келеді. Биыл да жылдағы дәстүрден жаңылмай, көрерменге қызықты бағдарламаны дайындау үстінде.

Сазы үзілмеген шаңырақтың сахнасы да, өнері де, өнегесі де ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бергей.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттер газет мұрағатынан алынды.