Сауд Арабиясының қасиетті қаласы Мединаға жасаған сапарымыздың әсерлі сәттерінің бірі Пайғамбар мешітінің жанындағы сирек кездесетін қолжазбалар музейі болды. Ислам әлемінің рухани орталықтарының бірінде орналасқан бұл музей – тарихи құндылықтармен, көне қолжазбалармен және құнды діни жәдігерлермен тоғыстыратын ерекше орын.
Көне қолжазбалар музейіне Қазақстаннан барған жолаушыларға жолбасшы болып жүрген саяхатшы әрі ұстаз Жабад есімді азамат бастап барды. Музейге кірген сәттен-ақ сан ғасырлық тарихтың ізі сезіледі. Мұнда Ислам өркениетіне қатысты көне қолжазбалар, діни еңбектер мен тарихи құжаттар сақталған. Әрбір жәдігер – өз дәуірінен сыр шертетін, өткен мен бүгінді жалғайтын құнды мұра.
Мұнда Пайғамбарымыздың дүниеге келуінен бастап, Меккедегі өмірі, алғаш пайғамбарлық міндет жүктелген кездегі уахидың түсуі, Ислам дінін насихаттаудың алғашқы кезеңі жайлы деректер сақталған. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, Алла Елшісіне алғаш уахи түскен кезде оны жазатын қағаз құралдары болмаған. Сондықтан, Алла тарапынан естілген уахи сөздер, қасиетті Құранның аят-сүрелерінің барлығын алғашқы кезде сүйекке, ағашқа, тасқа және кепкен теріге жазып сақтаған. Мұражайда сол заманның көзіндей болған көп көне жәдігер тұр. Олардың қатарында түйенің жауырын сүйегіне, ортан жілігіне жазылған Құран аяттары мен сүрелерін оқуға болады. Одан бөлек, құрма ағаштарының жалпақ бұтақтары, аршылған қабықтары да қолданылған. Сол секілді, шөл далада кездесетін беті тегіс, жұқа тастар мен тақта тастарға да талай жазу түскен. Жазу үшін табиғи күйе мен арнайы қоспалардан дайындалған, уақыт өте келе өшпейтін қара сия қолданылған.
Барлық жәдігерлердің түсіндір-месі ақпараттық карточкаларда жазылған. Онда анықтамалық қысқаша ақпараттар бес тілде көрсетілген. Арабша, ағылшынша, французша, урдуша және индонезия тілінде жазылып тұр.
– Пайғамбар мешітінің аума-ғында орналасқан тарихи мұражай көне экспонаттармен ерекшеле-неді. Мұнда шыққанына бірнеше ғасыр болған Құран кітаптардың түпнұсқалары бар. Одан бөлек жазуға қағаз қолданылмай тұрған тұста аят-сүрелер жазылған көне жәдігерлер бар. Исламның алғашқы дәуірінде қағаз кеңінен қолданысқа енбегендіктен, Құран аяттарын хатқа түсіру үшін жануарлардың жалпақ сүйектері (жауырын, қабырға, жіліктер), иленген тері, құрма ағашының бұтақтары мен жалпақ тастар пайдаланылған, — деп түсіндірді бізге жетекшілік жасаған Жабад ұстаз.
Иленген терілердің де түр-түрі бар екен. Атап айтсақ, түйенің, ешкінің немесе киіктің арнайы өңделген терілері. Тері өте төзімді болғандықтан, маңызды мәтіндерді сақтауға қолайлы болды дейді зерттеушілер.
Мұнда ислам тарихының алғашқы ғасырларынан қалған 4000-нан астам түпнұсқа қолжазба, тасқа қашалған жазулар мен жәдігерлер жинақталған. Экспонаттардың маңында арнайы гидтер бірнеше тілде мәлімет береді. Көрменің орналасқан жері мен ерекшелігіне келер болсақ, Медина қаласындағы Пайғамбар мешітінің оңтүстік ауласында, 368-ші қақпаға қарама-қарсы орналасқан.
Тілеуберді САХАБА,
Сауд Арабиясы, Мекке қаласы.
