Тұрақтандыру күн тәртібінен түспеуі керек

Қаз 8, 2026

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың облыста бірқатар тетігі қолданылуда. Апта сайын бағасы бақыланады. Мұндай шаралардың нақты қандай нәтижесі бары облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.

Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Талғат Дұғаловтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда облыста бағасы бақыланатын 31 түрлі азық-түлік тауарының 21-і бойынша баға орташа республикалық мәннен төмен. Ал азық-түліктің 13 түрінің бағасының төмендігіне байланысты облыс бестікке кіреді. Аймағымызда облыстық орташа көрсеткіштен жоғары баға кейбір аудандарда тіркелген. Мәселен, Шарбақты ауданында тауардың 7 түрінің құны облыстық орташа бағадан жоғары. Облыс әкімі Асайын Байханов аталмыш аудан әкіміне тиісті шаралар қолданып, жағдайды оңалтуды тапсырды.

Құзырлы басқарма бағаны тұрақтандыру үшін бірнеше бағытта жұмыс атқарылатынын атап өтті. Оның бірі – тұрақтандыру қорын қалыптастыру. Бүгінде облыстың тұрақтандыру қорында 7,7 мың тонна болатын өнімнің 13 түрі сақтаулы. Жыл басынан бері 3 мың тоннадан астам өнім сатылған. Мұндағы азық-түлік өнімдері қордың серіктес 227 дүкені арқылы сатылады.

Тағы бір тұрақтандыру тетігі ретінде «айналым схемасы» қолданылатын көрінеді. Ол үшін «Ирвема» жеке кәсіпкерлігіне  азық-түліктің 13 түрін төмен сауда үстемесімен сатуға 190 млн теңге берілген. Сондай-ақ, «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасын жүзеге асыру мақсатында «Техноснаб ПВ» ЖШС-мен 180 млн теңгеге займ шарты жасалмақ. Жоба аясында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын атаулы әлеуметтік көмек алушыларға «Ваш» сауда желісі арқылы жеңілдікті бағамен сату жоспарланған. Алғашқы бір айда сауда желісінің бір нүктесінде тестілеу көзделген. Содан кейін қалған 9 филиалына енгізілмек.

Делдалдардың заңға қайшы әрекеттерімен күрес жүргізілуде. Яғни, тиісті сауда үстемесін тиісті мөлшерлемеден асырмау қадағаланады. Биыл мұндай 81 бұзушылық тіркелген. Оларға 1,5 млн теңге сомасында 105 әкімшілік айыппұл салынған.

Облыс әкімі Асайын Байханов аудан-қала әкімдеріне тұрақтандыру қорымен жұмысты белсендендіруді тапсырды. Баға өзге өңірлерден төмен дегенге тоқмейілсуге болмайтынын еске салды. Себебі, баға күн сайын құбылып, өзгеріп тұратыны бар. Сонымен қатар, күзгі уақытта тұрғындардың азық-түлік өнімдерін арзан бағамен алуына жағдай жаса, жәрмеңкелерді жиі ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

Жыл басынан бері облыста 408 ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткен.

Г.МАҒЖАН.