Cудың да сұрауы бар…

Қаз 8, 2026

Ауа райы солтүстік өңірде де соңғы жылдары күрт өзгеріп, жаңбырсыз аптап ыстық күндер көбейді. Сондықтан суармалы егін шаруашылығына диқандар да ден қойды. Осы ретте, су шаруашылығында тіршілік көзінің тиімді тұтынылуы аса маңызды. Бір қуантарлығы, аймағымызда суармалы алқапқа қажет тіршілік көзі тапшылығы жоқ. Облысымызға биыл суару кезеңіне  160 млн текше метр көлемінде су пайдалануға лимит бекітілген.

Ертіс бассейндік су инспекциясы басшысының су ресурс-тарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі орынбасары Елеусіз Қамбаровтың айтуынша, тұтынылған су көлемі бекітілген лимитке жеткен жоқ.

– Су ресурстарын уақтылы реттеу, жағдайды күнделікті бақылау және су пайдалану лимиттерінің сақталуын қадағалау нәтижесінде ауыл шаруа-шылығы тауар өндірушілері суармалы сумен қамтамасыз етілді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, суармалы алқаптардың көлемі 102,8 мың гектарды құрады. Маусым барысында суару қажеттілігіне нақты 108,3 млн текше метр су алынды, – дейді Елеусіз Аманжолұлы.

Бүкіл вегетациялық кезең бойы инспекция гидрологиялық жағдайды, судың нақты келу көлемін және аграршылардың қажеттіліктерін ескере отырып, су қоймаларының жұмыс режимін реттеп отырды.

Инспекцияның мәліметінше, маусымның тұрақты өтуіне жеткілікті су қоры да әсер еткен. Қазіргі уақытта облыстың су қоймаларында 36,3 млрд текше метр су жиналған. Бұл жобалық көлемнің 69,2 пайызын құрайды. Сонымен қатар маусым бойы суды заңсыз пайдаланудың алдын алу жұмыстары жалғасты.

Прокуратура органдарымен бірлесіп, инспекция белгіленген лимиттердің сақталуын күнде-лікті бақылап, шартсыз және рұқсатсыз су пайдалануға жол бермеуге күш салады.

– Биыл жыл басынан бері 17 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде су заңнамасының 17 бұзушылығы анықталған. Оларда рұқсат құжаттары болмаған. Заңнамаға сәйкес шаруашылықтардың кәсіпкерлік санатына қарай әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Айыппұл салынғаннан кейін келесі суару маусымына дейін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Рұқсат алу тәртіптері мен талаптарын көрсетіп, жол сілтейміз. Егер шаруашылық алдағы жылы суармалы егіншілікпен жалғастыратын болса, міндетті түрде рұқсат құжаттарын алу талап етіледі, – дейді инспекция өкілі.

Мұндай заңсыздықтар Ертіс өзені бойында егіншілікпен айналысатын аудандарда орын алған. Нақтысы, Ақсу қала-сының ауылдық аймақтарында, Павлодар ауданында тіркелген. Яғни, олар жер телімін белгілі бір дақыл егуге рәсімдеп, су нысанына сорғы орнатып, құбыр тартып, суды рұқсатсыз пайдаланып келген. Осы орайда, мамандар әрбір су пайдаланушыда белгілі бір дақылға қажетті су көлемі тиісті ережелерге сәйкес бекітіледі. Одан кем тұтынса, ешқандай шара қолданылмайды. Керісінше, диқан суды үнемдеді деп саналады. Ал артығымен тұтынса, айыппұл санкциялары қарастырылған. Сонымен қатар, су шаруашылығы саласының мамандары суармалы егіншілікте қолданылатын тәсілдердің әрқайсысының тиімділігін де атап өтті. Айтуларынша, бүгінде тамшылатып суару тәсілі суды айтарлықтай үнемдегенімен, шаруалар үшін тиімсіз көрінеді. Себебі, солтүстік өңірде құрылғыларды маусым аяқталған соң бұзып, жинап алу жұмысы, оның көп шығыны бар. Сондықтан өңіріміздің суармалы егін шаруашылығында 80 пайыз жаңбырлата суару техникалары кеңінен қолданылады.

Брифингте «ҚазСуШар» облыстық филиалына қарасты негізгі  су шаруашылығы нысандарының, «Қ.Сәтбаев атындағы канал» филиалының жұмыстары да айтылды. Соңғысы арқылы өңіріміздің 40 шақты ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі су алады. «Қ.Сәтбаев атындағы канал» филиалы директорының орын-басары Әділбек Шапатовтың айтуынша, су арнасының суымен 17 мың 384 суармалы алқап суарылады. Оның басым бөлігінде картоп өсіріледі. Шаруашылықтарға каналдан биылғы маусымда 27 млн текше метр су жіберілген. Шаруалар су ресурстарын тиімді пайдалану үшін ылғал үнемдейтін технологиялар қолдануға көшкен. Сондай-ақ, ол су жинағыш құрылғылар орнатуға техникалық шарттар беру жөнінде түскен өтініштерге қарап, мамандар алдағы жылдары суармалы алқап шамамен 5300 гектарға ұлғаяды деп күтілетінін атап өтті.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.