«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім — мектептің жүрегі» деп Ұлы дала ұстазы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, дүниедегі мамандық атаулының төресі — ұстаздық. Ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Осындай дана ұстаздарымыздың бірегейі — ұлтына еңбегі сіңген, ақылман жан, Социалистік Еңбек Ері Мәжен Қабылбеков еді. Бұл адамның тағдыры ауыр болса да, ерен еңбекпен, балаға деген сүйіспеншілікпен өз бақытын тапқан жан.
Қарт Ертістің бойында берекесі мен ынтымағы жарасқан, халқы еңбекқор, бауырмал, білімге құштар ұрпағы бар ауыл бар. Бұл ауылдың тұрғындары қос батырдың ауылынанбыз деп мақтанады. Иә, шындығы солай, бұл ауылдан екі батыр — Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзин және Социалистік Еңбек Ері Мәжен Қабылбеков шыққан. Қанаш Қамзин Отан соғысында көзсіз ерлік көрсетіп, батыр атанса, Мәжен Қабылбеков ерен еңбек батыры болды. Мәжен ағамыз 1923 жылдың 10 қыркүйегінде дүниеге келген. Павлодар қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген. 1938 жылы Павлодар педагогикалық училищесін тәмамдап, 1938-1941 жылы Жолқұдық бастауыш мектебінің мұғалімі болып, ұстаздық қызметін бастайды. 1941-1942 жылдары Жолқұдық орталау мектебі оқу ісінің меңгерушісі, 1942 жылдан Жолқұдық орта мектебінің директорлық қызметін бастап кетеді. Соғыс кезінде ауылдың оқу–ағарту ісін дамытуда, ел мәдениетін көтеруде бар жанын салып еңбек етеді. Ол әрқашан өзінің де өзгенің де білімін жетілдіруде зор талап қоятын. Соғыстан кейін ел есін жиып, жаңа заман бастауына бағыт алғанда Мәжен ағамыз 1956 жылы Семей педагогикалық институтында оқып, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі атты дәрежесін алады. Ол бар өмірін ұстаздыққа арнайды. Қанаш Қамзин атындағы мектептің оқу-тәрбие жұмысында республикалық және халықаралық педагогикалық озат тәжірибиелерді қолданып, оны кең таратумен танылған басшылардың бірі болуымен ерекшеленді. Мектепте терең білім берумен қатар ұлттық тәрбиенің әр шәкірт бойында дұрыс болуын қатты қадағалайтын. Ол әр шәкірттің бойындағы қабілетті көре білетін және оған бар жан шуағын төгіп, әкелік, аталық, ұстаздық мейірімімен бағыт-бағдар беретін. Ал ұстаздар қауымына маман ретінде қалыптасуына зор қолдау көрсетіп, оның білімі мен біліктілігінің жоғары болуына, ұстаздық ісіне ыждағаттылықпен қызмет жасауына зор талап қоя білетін білікті басшы болды. Әр ұстазының отбасылық жағдайынан бастап, қызмет мәртебесіне дейінгі тағдырына дұрыс жол көрсетіп, бақытты жан иесі болуларына себепші болатын дархан жүректі жан еді. Мектеп басшысы ретінде жарты ғасырдан астам жасаған қызметінде Мәжен ағамыз өзіне де өзге де адал еңбек, еңбекқорлық, тазалық, ұлтжандылық, жаңашылдық, көшбасшылық қасиеттерін талап ете білетін. Ұлықты ұстазымыздың ерен еңбегі бағаланып, «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» орден-медальдарымен және Социалистік Еңбек Ері атағымен марапатталды. Өкінішке қарай, ұстазымыз Мәжен Қабылбеков қазір ортамызда жоқ. Оның жарқын бейнесі, әуезді дауысы жүрегімізде мәңгі сақтаулы. Ағымдағы жылдың тоғызыншы қыркүйегінде Мәжен ағамыздың ғасырлық 100 жасқа толу мерейтойы тойланды. Осы ретте өзі қызмет жасаған Қанаш Қамзин атындағы орта мектеп ұжымының және ел ағаларының өзіндік мерекелік жоспарлары болған еді. Мәселен, өткен жылдың 9 қарашасында мектеп директоры Қанат Шайғазиннің бастамасымен «Мәжен Қабылбеков бағы» ашылды. Аталмыш бақта Мәжен ағамыздың 100 жылдығына орай 100 қарағай – шырша ағаштары отырғызылды. Бақтың ашылуына облысымыздың әр жерінде жұмыс істеп, қызмет жасайтын әр жылдың мектеп түлектері келіп, мектеп оқушыларымен бірге ағаш отырғызу рәсіміне үлкен қуанышпен қатысты. Ұстаздың жарқын бейнесі туралы естеліктер айтылып, соңы әдеби – музыкалық концертке ұласты. 2001 жылы 24 шілдеде №1000 ҚР Үкіметінің қаулысымен Ақсу қаласы, Алғабас ауылындағы Алғабас орта мектебіне Мәжен Қабылбековтің есімі берілген еді. Аталмыш мектеп оқушылары да жырдан шашу шашып, мереке мерейін көтеріп тастады. Той тойға ұласып, ауыл атауы қайта жаңғырып, Жолқұдық ауылдық округы Қанаш Қамзин атындағы ауыл болып қайта өзгертілді. Бұл ретте осы іске белсенділік танытқан Қасенов Жоламан мен Исенов Серік, мектеп ұжымына, басқа да ел ағаларына алғысымыз шексіз. Облыстық ономастика бөлімінің қолдауымен жүзеге асқан бұл шара ауыл тұрғындарын қатты қуантты. Өйткені бұл – қос батырдың ауылы, Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзин мен Социалистік Еңбек Ері Мәжен Қабылбековтің ауылы. Жаужүрек батырлық пен ерен еңбек батырының рухы мекендеген ауыл. Аламан тойда әр көшенің ақ шаңқан киіз үйлері тігіліп, той дастарханынан дәм татылды, көкпар тартылып, мерекелік концерт болды. Қос батыр рухына арналған митинг өткізіліп, дұға оқылып, арнайы ас берілді. Әр жылдарда мектепті бітіріп кеткен түлектер, Әнуарбек Балғожин, Қаратай Жукенов, Мәдениет Омарғалиев, Рамазан Керімбеков, Назымбек Кудашев, Қайролла Марденов және тағы басқалары үлкен сезіммен, сағынышпен ұстаз туралы сыр шертіп, естеліктер айтылып, зор ризашылықпен сыйлықтарын тарту етті. Кеш соңында өмірі өнегелі ұстазымыздың мерейтойына арналып өткізілетін шаралар мазмұнына, атап айтсақ, оқушылар арасында ақындар айтысы мен мүшайра, ғылыми–практикалық конференция өткізу, ғалымдар дәрісін жүргізу, т.б. ұсыныстар айтылды. Бұл ұсыныстар келешекте де ұстаз рухын ұлықтау мақсатында жыл сайын аталып, жүзеге асады деген сенімдеміз.
Айман ЗЕЙНУЛИНА,
ф.ғ.к., профессор, ҚР ПҒА корреспондент–мүшесі, Торайғыров университеті Үштұғырлы тіл кафедрасының меңгерушісі, Ақсу қаласының Құрметті азаматы.