Ертіс-Баян өңірінің ұстаздар ордасы — Марғұлан университетінің тарихы тереңде. Ғылым мен білім кеңістігіндегі 60 жыл ішінде 40 мыңнан астам түлек осы қара шаңырақтан қанат қақты. Бүгінгі таңда білім ордасында 4 мыңнан астам студент білім алып, білікті педагогтердің тәлім-тәрбиесін бойына сіңіруде.
Марғұлан университетінде ұзақ жыл шәкірт тәрбиелеп, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып келе жатқан ұлағатты ұстаздардың бірі – педагогика ғылымдарының кандидаты, жаратылыстану жоғары мектебінің профессоры Бахтияр Найманов. Ол өзі де осы оқу ордасында математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алып, кейін ұстаздық жолын бастады. Яғни, 1970 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты физика-математика факультетін тәмамдап, 1972 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бүгінгі күнге дейін еңбек етіп келеді. Көп жыл физика-математика факультетінің және сырттай оқыту факуль-тетінің деканы болды.
— Мен 1966 жылы оқуға түстім. Міне, содан бері өмірім осы қара шаңырақта өтіп жатыр. Алғаш талапкер болып келген кезде Анатолий Катеринин деген кісі ректор болды. Екі емтиханның екеуін де беске тапсырып, университеттің бірінші курсына қабылдандым. Бір күні сол ректор кабинетіне арнайы шақырып, болашағыма сәттілік тілеп, арқамнан қақты. Ол кезде пединститут қабырғасында білім мен ғылымның биік шыңына шыққан өте білімді де білікті, тәжірибелі ұстаздар қызмет ететін. Соның арқасында біз де сапалы маман болып шықтық.1972 жылы ректордың қолдауымен физика-математика кафед-расында ұстаз болып қалдым, — дейді Бахтияр Аспандиярұлы. 1993 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А. Г. Мордковичтің жетекшілік етуімен кандидаттық диссертация қорғады. 2002 жылы доцент ғылыми атағына ие болды. Б.Наймановтың бүгінгі күнге дейін жалпы саны 70-тен астам ғылыми еңбегі жарыққа шықты. Оның қата-рында 8 оқу-әдістемелік құрал бар. Бахтияр Аспандиярұлы университеттің қоғамдық жұмыстарына да белсене атсалысып келеді. Ол қазіргі кезде Марғұлан университеті «Ақылдастар алқасының» төрағасы ретінде білім беруден тыс қоғамдық жұмыстармен де тұрақты айналысады. Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» (2000 ж.), «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2007 ж.), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2013 ж.), «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» (2012 ж.),
«Ы.Алтынсарин» (2017 ж.) белгілерімен марапатталды. Университеттің 55 жылдық мерейтойы қарсаңында Бахтияр Аспандиярұлы туралы «Өнегелі тұлғалар» сериясымен «Ұстаз жолы» атты кітап жарыққа шықты. Сонымен қатар, университеттің 60 жылдығына орай «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Тілеуберді САХАБА.