Елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілдің майын тамызып сөйлеп, түрлі салада қызмет етіп жүрген жастар баршылық. Сондай жастардың
бірі — мемлекеттік тілді жетік меңгерген батыл қыз Инга Гросс. Бүгінде Инга Райнгольдовна қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін өзге ұлт балаларының бойына сіңіруде үлкен үлес қосуда.
— Қазақ халқын айрықша құрметтейтін атам мен апамның тәрбиесін алып, балалық шағым ауылда өткендіктен болар, қазақ тілін жақсы білемін. Ұлттық салт-дәстүрден де хабарым мол. Май ауданының Абай ауылынан түлеп ұштым, — дейді Инга Райнгольдовна. Талапты жас ауыл мектебін аяқтаған соң, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университе-
тінің қазақ филологиясы мамандығын үздік дипломмен аяқтайды. Кейін Инновациялық Еуразия университетінің магистратура бөлімінде оқуын жалғастырып, сол жерде қызмет етеді. Университет қабырғасында жүргенде студенттер арасында өткізілетін республикалық олимпиадаға қатысып, жүлделі орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдері арасында өткізілетін «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты облыстық Абай оқуларында жүлделі І орынға ие болды. №39 инновациялық үлгідегі гимназия сыныптары бар жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеуде.
— Әрбір адам өзінің туып-өскен жерін құрметтеуі тиіс. Сол елдің тіліне де, халқына да, жеріне де, дініне де үлкен құрметпен қарағаны дұрыс. Өз басым туып-өскен елімді сүйемін. Оның кәусардай таза ауасы қалай керек болса, тілі де сондай қажет. Жүрген жерімде тек қазақша сөйлеуге тырысамын, — дейді ол. Инга Гросс ұстаздық жолында оқушыларымен нәтижелі жұмыс жүргізіп, түрлі байқауларға жиі қатысады. Бәйгеден құралақан қайтқан кезі жоқ. Жақында облыстық «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты сайысқа қатысып 1-орынға ие болды. Мұғалімдерге арналған қазақ тілі пәнінен облыстық және республикалық олимпиадаларда оза шауып, алдыңғы қатарлы орындарды қанжығасына байлады. Оқушылары қазақ тілі пәнінен қалалық, облыстық олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленіп жүр. «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының «Тіл мектебі» авторлық курстар бағдарламасы бойынша мемлекеттік тілді тиімді оқытуға арналған нәтижелі әдістемелік жұмыста және жыл сайын өтетін Тамыз кеңесінде ұдайы тәжірибесімен бөлісіп жүр. Нәтижесінде өскелең ұрпақтың жоғары кәсібилігі мен рухани және зияткерлік деңгейін дамытудағы еңбегі бағаланып, қалалық білім беру бөлімінің құрмет грамотасымен, Павлодар қаласы әкімі және ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталған.
— Мұғалім мамандығын таңдаған жандар алдына келген әр шәкірттің қызығушылығын, таңдауын, сабақ үстіндегі көңіл-күйін, жалпы, оқуға деген ынтасын, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын түсіне білу үшін балаға етене жақын болуы қажет. Осындай нәтижелерге жету жолында мұғалім күнделікті жұмысын орындап қана қоймай, шәкіртін тану жолында көп еңбек етеді. Мен де осындай еңбек жолында жүрген мұғалімдердің бірімін, — дейді ол. Инга Райнгольдовна – мектепте өз бойындағы еңбекқорлығымен, білім беруге деген ынтасымен ерекшеленетін ұстаздардың бірі. Оқушылардың білім сапасын көтеру мақсатында ақпараттық-коммуникативтік технологияны, мемлекеттік стандарттан тыс білім материалдарын кеңінен пайдаланады. Соның арқасында білім көрсеткіштері бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр, — дейді әріптестері. Бүгінде мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, балаларды білім нәрімен сусындатып жүрген Инга Гросстың елеулі еңбегі — көпке үлгі.
Меруерт ШОМАНОВА,
№39 жалпы орта білім беру мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары, Павлодар қаласы.