Оралхан ҚОЖАНОВ
Өзбекстанда бокстан өткен әлем чемпионатында ел намысын қорғаған жерлесіміз Серік Теміржанов туған жеріне оралып, кезекті жарысына дайындалып жатыр. Жеке бапкері Азамат Мақажанов ақыл-кеңесін айтып, Париж Олимпиадасына берілетін жолдамаға қол жеткізудің амалын қарастыруда. Жаттығу залына арнайы барып, көк Туымызды әлемге танытып жүрген Серіктің алдағы жоспарын біліп қайттық.
– Биыл қыркүйек айында Қытайда Азия чемпионаты өтеді. Онда Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынады. Сондықтан да, біріншіліктің маңызы зор. Кіл мықтылар лицензия алуға барын салатыны түсінікті. Азия құрлығында менің салмағымда бәсеке өте жоғары. Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Филиппин, Тайланд сияқты елдердің боксшылары жүлдеден үмітті. Мен де аянып қалмаспын. Дайындықты бастап кеттік. Екінші Олимпиадама баруға барымды саламын! – деді боксшы. Серік халықаралық жарыстарда Әнұранның шырқалуы, Көк Тудың желбірегені кәдімгідей рух беретінін айтады. Кейде еріксіз көзден жас та шығып кететінін жасырмайды. Бұл – Отанға деген махаббаттың көз жасы.
– Біздің спорттағы жетістіктерімізге орай еліміздің көк Туы желбіреп, әнұранымыз шырқалатыны баршаңызға мәлім. Сол жерде тұрған кезде ғана бастан кешетін бұл сезімді сөзбен жеткізу өте қиын. Көңілің босап, еліміздің бүкіл әлемге танылып жатқанын сезінесің. Тұғырда тұрған сәтте бойыңдағы күшжігер, намыс оянады. Бойыңды ерекше бір қуаныш пен мақтаныш сезімі кернейді. Ондай сәттерді ата-бабаларымыз «қуаныштан төбесі көкке екі елі ғана жетпеді» деп суреттеген. Отаныма адал қызмет етіп, Туын көтеріп, xалқымның беделін арттырып, атын шығару бала кезімнен арманым еді. Париж Олимпиадасына жолдама алып, көк Туды желбіретіп, Әнұранның шырқалуына күш саламын, – дейді Серік. Естеріңізге салсақ, Серік Теміржанов Токио Олимпиадасына қатысып, бағын сынаған болатын. Бұл – Тәуелсіздік алған жылдардан кейін Павлодар бокс тарихындағы Олимпиаданың тұңғыш лицензиясы. Серік — 2021 жылы Сербия астанасы Белград қаласында өткен әлем чемпионатының және 2022 жылы Иордания астанасы Амман қаласына өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Бұл жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген ол жеңімпаз өзге елдермен қатар көк Туымыздың желбіреуіне үлес қосты.