Павлодар облысының 10 ауруханасының пациенттері тамақсыз қалуы мүмкін. Емдеу мекемелеріне қызмет көрсететін кәсіпкер Арман Мұстақовтың айтуынша, бұған тамақтану тарифінің төмен болуы себеп. Жеткізушілердің алдында миллиондаған қарызды төлейтін де мүмкіндік жоқ.
Кәсіпкер ауруханаларда тамақтанудың өте төмен тарифін басты проблема деп атайды. Егер оқушыларға бір түскі асқа 450 теңге қарастырылса, ауруханада бір пациентке бес мезгіл тамақтануға 1100 теңге ғана бөлінеді.
— Біз барлық инстанцияларға жүгіндік. Өткен жылдан бері осы мәселе үнемі көтеріліп келеді. Бір жылдан астам уақыт бойы біз бір орында тұралап тұрмыз. Мәселенің түйінін шешу қиындап кетті. Қазір жеткізушілер алдында 30 миллион теңгеден астам қарызым бар. Күннен-күнге шығынға батып жатырмыз, — дейді Арман Мұстақов.
Кәсіпкер күн сайын Павлодар облысының он ауруханасында 2,5 мыңға жуық науқасты ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Оның айтуынша, науқастар жақын арада тамақсыз қалуы мүмкін.
Асхананың бас аспазы Елена Пантелеева жалақысы үш жылдан бері көтерілмегенін алға тартып отыр.
— Мен мұнда 2019 жылдан бері жұмыс істеп келемін және осы уақытқа дейін жалақым өскен емес. Бізде кадрлар жетпейді. Себебі жалақы төмен, аспаздар мен асхана көмекшілерін таба алмай отырмыз. Келгендер жалақының аздығына байланысты тұрақтамайды. Сондықтан бірнеше қызметті біріктіруге тура келеді, — дейді Елена.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, инфляцияға байланысты ауруханалардағы тамақтану тарифі жеткізушілерге жыл сайын 4 пайызға көтеріледі. Сонымен қатар, өткен жылы кейбір ұйымдар оны 8 пайызға көтерді, ал жыл басынан бастап бұл сома 7,5 пайызға өсті. Тарифті одан әрі жоғарылатуға болмайды.
Ведомство басшылығының айтуынша, кәсіпкер келісім-шартқа қол қойған кезде бағаның өсуіне байланысты барлық қосымша тәуекелдерді өз мойнына алды.
— Тараптардың қосымша келісімге қол қоюы жеке серіктестің осы шарттарға келіскенін растайды. Бұдан басқа, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шартына сәйкес серіктестер жеке әріптес инфляция тәуекелін толық мойнына алды, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Раушангүл Кенжетаева.
Кәсіпкер тарифтің өсуін 12 маусымға дейін күтеді. Денсаулық сақтау басқармасы атап өткендей, егер кәсіпкер шартты бұзғысы келсе, онда ол бұл туралы бір ай бұрын хабарлауы керек. Әйтпегенде, барлық мәселелер сот тәртібімен шешілетін болады.
Өз тілшіміз.