Азық-түлік бағасы қымбаттаған сайын тұрғындар тығырықтан шығудың түрлі амалын қарастырып жүр. Бұл ретте, соңғы кездері қаз бен үйректің балапанын өсіріп, қысқы азығын қамдайтындар көп. Күтім болмаса, күткен нәтиже шықпайтыны белгілі. Құс шаруашылығынан құт тапқан жеке кәсіпкер Владимир Реймен әңгімелесіп, кәсіптің қыр-сырына қанықтық.

Бүгінде Мичурин ауылдық округіне қарасты Үміт апа ауылында жеке кәсібін дөңгелетіп отырған азамат үйрек пен қаздың жұмыртқасын инкубаторға салып, балапандарды сату арқылы табыс тауып отыр. Ал Ақсу қаласы аумағында орналасқан шаруашылығында тауық өсіріледі екен. Кішкентай кезімізде үлкендер «балапан басқан тауықты үркітпеңдер» деп, астындағы жұмыртқасын санап жүретін. Бұл кәсіптің ерекшелігі сол, құстың ұясында балапан басқаны тиімсіз. Дереу жұмыртқасын инкубаторға салып, қажетті температураны қосып, балапандарды сатып отырады. Жұмыс тәртібі – осы.

– Қаз суыққа төзімді келеді. Қыста 30 градус аязда да далада жайылып жүреді. Тауықтың өзі 40 градусқа шыдайтыны белгілі. Ал үйрек болса 8 градусқа дейін алаңсыз жайылады. Бірі білсе, бірі білмес, қаз жылына бір рет қана, атап айтсақ, көктемде 20-25 жұмыртқа береді. Үйрек те негізінен бір мезгілде, кейде екі мезгілде шамамен 50-60 жұмыртқа басады. Иелігімізде 3 инкубатор бар. Кеңес дәуірінен бері келе жатқан қондырғылардың сапасы жоғары. Кейінгі шығып жатқан қытайлық инкубаторлардан әлдеқайда жақсы. Ара-тұра кейбір құрылғыларын жаңартып отырамыз. Инкубаторда жұмыртқалар + 37,5 градус температурада сақталады. Қаздың балапаны 28 күнде, үйректікі 30 күнде, тауықтың балапаны 20 күнде шығады, – дейді В.Рей.

Жоғарыда жазғанымыздай, сатып алушылардың барлығы дерлік ауласында балапанды өсіріп, қысқыға азық ретінде семіртеді. Ермек қылатындары да бар шығар, десе де, басым бөлігі құстың сорпасын ішіп, етін жегенді тәуір көреді. Нарық қос бүйірден қысқан заманда күнде жылқы мен сиыр етінен дәм тату қиындап жатқаны жасырын емес. Қазір мал асыраудың өзі — қиын шаруа.

Ал қаз суыққа төзімді, тез жетіліп, оңалады. Владимир Рейдің айтуынша, қазды 6 ай бойы жемдеуге болады. Күнделікті 80 пайыз шөпте жүреді, жемді көп талап етпейді. Ал үйректі 70 күннен кейін сою керек. Себебі, кейін түлеу кезеңі басталып, құс ашушаң болып, көп азық жейді. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

Балапан өсіргіңіз келсе, құстың жем-азығын реттеп алған дұрыс. Мәселен, қаз күніне 450 грамм, үйрек 250 грамм, тауық 120 грамм жем жейді. Жем дегеніңіз – әртүрлі микроэлементтерден тұратын құрама азық. Мұны арнайы дүкендерден табасыз. Алғашқы кезде берілетін жем-азықтың бағасы 220 теңгеден (1 келі) басталады. Мұны балапан өсірген жағдайда есебіңіз дұрыс болсын деген оймен мысал ретінде келтірдік.

Владимир Рей болса, ірі шаруашылықтармен байланыс орнатып, түрлі дақылдарды сатып алып, құрама жемді өзі әзірлейді. Үйрек пен қаз балапандарының алғашқы қорегі  – ұсақтап туралған пісірілген жұмыртқа, салат, пісірілген күріш немесе тары.  Екі аптаға дейін оларға әрбір екі сағат сайын жем беру керек. Одан кейін жем беруді тәулігіне 5-тен 3 ретке дейін қысқартуға болады. Бұдан кейін үйрек пен қаз балапандары қанаттанып, шамамен 2 айдай өсіп-жетілген уақытта оларды жетілген құстардың қорегіне көшіруге болады. Ал ересек үйрек-қаздарды жаз бен күзде көбінесе жайылымда ұстап, кешкі мезгілде ғана қоспа жеммен немесе дәнмен қоректендіруге болады. Үйрек пен қаз балапандарының тиімділігі сол, олар бар болғаны алғашқы 1,5-2 ай мерзімде ғана айтарлықтай калоритті жемді қажет етеді де, бұдан кейінгі уақытта оларды негізінен жайылымда өсіруге болады.

Жоғарыда үйректі 70 күнге дейін семірту керек екенін жаздық. Үйрек ең көп дегенде 2 келі салмақ жинайды. Қазір нарықта үйрек етінің бағасы 2500 теңгеден басталатынын ескерсек, етті дүкеннен сатып алғаннан гөрі құс өсірген тиімді екені анық. Кем дегенде 20 үйрек асырасаңыз, 40 келі етті қысқыға азық қыласыз. Бұл – 100 мың теңгенің өнімі. Жем-азықтың шығынын есептегеннің өзінде біраз қаржы қалтаңызда қалады. Ал қаз болса, 6 келі салмақ жинайды. Көбіне жайылымда жайылатынын ескерсек, оның пайдасы тіптен көп.

Бизнеспен айналысатын азаматтар көп нәрсені айта бермейтіні белгілі. Владимир Реймен әңгімелескен сәтте бар білгеніміз осы. Түсінгеніміз, құс өсіру тиімді. Табыс табу мақсатымен асырамасаң да, қысқы азықты қамдау тұрғысынан дұрыс кәсіп. Екінші жағынан, кешке жұмыстан келіп, диванға қисая кетіп, қозғалыс азайып кеткен қоғамда өзіңді, ұрпағыңды еңбекке баулу денсаулыққа қажет-ақ.

Оралхан ҚОЖАНОВ

Павлодар ауданы.