Екібастұз қаласында тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Биыл 552 адамға тұрақты жұмыс табылып, әр салада табысты еңбек етіп жүр. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табуда. Бастысы, жұмыс орындары жетерлік.
Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы басшысының міндетін атқарушы Тоғжан Ихсанғалиеваның айтуынша, жұмыс орындары көбіне азық-түлік, сауда, өндіріс, қызмет көрсету бағытында ұсынылған.
– Тұрғындарға өз кәсібін бастауға мемлекеттік гранттар берілетіні белгілі. Биыл 300-ден астам адам «Бастау» бағдарламасы шеңберінде білім алды. Отыз адамға грант үлестірілді. Гранттың жалпы сомасы – 1,4 миллион теңге. Барлық жобалар тартымды. Десе де, шоколад жасау жобасын атап өтуге болады. Жоба авторы әр мерекеде шоколадтың дәмін де, түрін де өзгеше дайындап, өнім екібастұздықтардың тарапынан зор сұранысқа ие болып отыр, –дейді ол.
Тұрғындарға екі қолға бір күрек тауып беру үшін адам көп жиналатын орындарға, шалғай ауылдарға орталықтың мобильді тобы арнайы барып, ақпараттандыру жұмыс-тарын жүргізуді дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектерімен байланыс орнатылған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасының бірі – жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты тұрақты жұмыспен қамту. Яғни халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – негізгі міндет. Бұл ретте, біздің өңірде де 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы жүйелі түрде жүзеге асуда. Тұрғындардың әлеуеті жақсармай, жұмыссыздар саны азаймай, еліміздің алға қарай қарыштап дами алмайтыны, экономикамыздың көтерілмейтіні белгілі. Жоба шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқу, «Бастау» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін оқыту, қоғамдық жұмыстарға тарту, жастар тәжірибесін ұйымдастыру, «Алғашқы жұмыс орнына орналастыру» және «Күміс жас» жобасы сияқты бағыттар бойынша жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Күміс жас» жобасы шеңберінде 59 адам жұмысқа орналасса, 16 адам жастар тәжірибесін ұйымдастыру бағытында еңбектенуде. Ал 230 адам қоғамдық жұмысқа тартылды, – дейді Тоғжан Ихсанғалиева.
Оралхан ҚОЖАНОВ,