«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №6679 әскери бөлімінде қалтқысыз қызмет етіп жүрген жауынгер арулардың бірі — ефрейтор Ақерке Қажымұратова. Әскери бөлімнің байланыс қойма бастығы лауазымында қызмет ететін нәзікжандының жауынгерлік қабілеті жұрт сүйсінерлік.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген жауынгер ару мемлекеттік қызметшілер отбасында өсіп, өнген. Содан болар, жүктелген әр тапсырманы мұқият қарап, тыңғылықты орындайды.
— Менің әкем әскери қызметкер болды. Анам болса мұғалім. Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді. Бала кезімде барлығы мені анам сияқты ұстамды ұстаз болуды армандайтын болар деп ойлайтын. Өйткені, менің шешем мектепте үлгілі, көрген жанның көзі тойып, көзайымына айналатын тұлға ретінде жұртқа танымал еді. Ата-аналар қауымы да балаларына менің анамның ұстаздық еткенін қалап, мектеп директорына үнемі қолқа тастайтұғын. Өйткені, үй отанасынан сусындаған сан шәкірт, бүгінде өз ісінің білікті маманы атанып, атпал азаматтарға айналған. Әсіресе, білім нәрін менің анамнан алған оқушылар қалалық, облыстық түрлі сайыстарда топ жарып, мектеп мақтаныштары атанатын. Олардың шашбауын көтеру үшін, сырт жақта білім ошағының абыройын аспандатып, жетістікке жеткен оқушыларды мектеп басшылығы акт залында мұқым оқушылардың көзінше тағы бір марапаттап, мерейлерін үстем қылатын. Қолдарына мадақтау қағаздарын ұстаған мектеп озаттарының ар жағында «инемен құдық қазғандай» оқуды талмай үйреткен менің анамның тұрғандығын барлығы білетін, — дейді ефрейтор Ақерке Қажымұратова.
Қанша шәкірттің жүрегінен орын алған ұстаздың баласы болса, қару-жарақ асынып, ақсауыт киген әке жолын таңдаған екен. Алғашқы қызметін 2014 жылы Қарағанды қаласындағы Төтенше жағдайлар министрлігінің №52859 әскери бөлімінде құпия бөлім қызметінің маманы ретінде бастаған екен. Ал 2018 жылы Ұлттық ұланның №6679 әскери бөліміне ауысады. Жауынгер әйел қазіргі таңда Павлодар қаласындағы аталмыш әскери бөлімінің байланыс қойма бастығы лауазымында қызмет атқаруда. Бос уақытында тамақтың түр-түрін әзірлеуге жаны құмар. Қос атұстардың анасы Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуді мақтаныш санайды.
Айжан ЖАҚЫПОВА, кіші сержант, №6679 әскери бөлімінің кітапхана бастығы.