«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөздің түпкі мәні тереңде жат-
қаны даусыз. Алдағы уақытта жасыл желегі жайқалған жас көшеттер Павлодар өңірінің көркіне айналмақ. Соңғы жылдары көктем келе сала жергілікті атқарушы билік көктемгі дала жұмыстарымен қатар көшет егу ісіне де айрықша назар аударып келеді.

«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын ұстанған халқымыз үшін тал егу көктем көзі шыққандағы  маңызды істердің бірі. Әрбір ағаш қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асса, бір құс ұя салып, жемістерін жесе, бір адам көлеңкесін саялап, кәдесіне жаратса, осының өзі үлкен сауапты іс. Осылайша барша жұртты жұмылдыратын тал егу жұмысы арқылы баланың табиғат анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындырары сөзсіз. Биыл да бұл ілкімді істер ілгері басып, көшелер мен саябақтарға егілетін жас көшеттердің саны арта түспек.

Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның мәліметінше, ағымдағы жылы 1560 гектар алқапқа 9,6 миллион көшет отырғызылмақ. Кешенді жоспар аясында 5 жыл ішінде жасыл желектердің аумағы 5,3 мың гектарды құрайды.

— Павлодар облысы әкімдігінің 3 орман қорғау мекемелері үшін жалпы алаңы 127,5 мың гектар, оның ішінде 89,8 мың гектар аумақта көгалдандырудың Кешенді жоспары шеңберінде 32 миллионға жуық көшет отырғызу қажет. Биыл көктемде 800 гектар алқапқа 4,5 миллион көшет отырғызу жоспарланса, қалған жас талдарды күзде отырғызу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жауапты мекемелерде дайындық жұмыстары жүргізілуде, — деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі биыл облыс орталығында «Ағаш және бұта отырғызу» шарасы аясында көктемде 10 мыңға жуық жас көшет егу жоспарланғанын жеткізді. Қазіргі таңда «ZNH Group» ЖШС-мен ағаш және бұта отырғызу бойынша үш жылдық келісімшарт жасалды.

— 2023 жылы «Жастар» шағын ауданында күзде 11 гектар аумаққа 10 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Оның ішінде, терек – 3000, тал – 1900, қарағай – 3800, шырша – 800. Бұл отырғызылған жасыл екпелердің қаншалықты жерсінгендігін анықтау үшін Павлодар қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және авто-
мобиль жолдары бөлі-мінің қызметкерлері мен эколог мамандар ағымдағы жылдың күзінде түгендеу жұмыстарын жүргізеді. Ал 2024 жылы Павлодар қаласының бас жоспары бойынша «Фрегат-1» бау-бақшасы мен «Қазақстан алюминийі» АҚ арасындағы аумаққа ағаш отырғызу жоспарлануда, — делінген хабарламада.

Бұдан басқа, бүгінгі таңда Павлодар қаласындағы орталық саябақтар мен бірнеше көшелерге де көшет отырғызу орындары анықталды. Атап айтсақ, биыл «Орталық» шағын саябағында — 100 дана, Луначарский көшесіндегі шағын саябақта – 50 дана, Н.Назарбаев даңғылы (Ладожская көшесінен «Greenwich» сауда үйіне дейін) – 150 дана, Н.Назарбаев даңғылы (Торайғыров көшесінен Лермонтов көшесіне дейін) – 100 дана, Н.Назарбаев даңғылы (Толстой көшесінен Шөкин көшесіне дейін) – 125 дана, Н.Назарбаев даңғылы (Ломов көшесінен Амангелді көшесіне дейін) – 95 дана, Н.Назарбаев даңғылы (Назарбаев даңғылынан Ворушин көшесіне дейін) – 150 дана, Н.Назарбаев зияткерлік мектебінде – 100 дана, Жаңа жағалауда («Қаз қонақ») – 75 дана, химқалашық шағын ауданындағы айналма жолда – 50 дана, Российская көшесі (Геринг көшесінен Щедрин көшесіне дейін) – 175 дана және  Металлургтер саябағында – 130 дана жас екпелер отырғылмақ.

 

А.МҰҚЫШЕВ.