SONY DSC

Соңғы жылдары бірқатар әлеуметтік санаттағы азаматтарға қатты отын алу үшін бірреттік қаржылай көмек көрсетіліп келеді. Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері тұрғындарды осы мүмкіндікті мүлт жібермеуге шақыруда.

Бүгінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі көмекке мұқтаж отбасыларды анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, мамандар өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларын аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысуды дәстүрге айналдырған. Нәтижесінде, әлеуметтік көмекті қажет ететін шаңырақтарға тиісті қолдау көрсетілуде. Мәселен, жақында мамандар Павлодар қаласының іргесіндегі Ленин кентінде осындай екі отбасының бар екенін анықтап, оның біріне қатты отынға төлем алу үшін құжаттарын тапсыру керектігін түсіндірген. Айта кетерлігі, бұған дейін жазғанымыздай, бұл көмекті алушылар міндетті түрде пеш жағатын жеке үйде тұруы тиіс. Ал көпқабатты үйлердің тұрғындарына қарастырылмаған. Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар-ламалар бөлімінің бас маманы Жібек Тасқымбаеваның айтуынша, аталған көмек тек қана I, II, III топтағы мүгедектігі бар адамдар мен 18 жасқа дейінгі жарымжан бала тәрбиелеп отыр-
ған отбасыларға және көпбалалы шаңырақтарға көрсетіледі. Сонымен қатар, оны алуға табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар да үміткер бола алады. Ол үшін ағымдағы жылдың ІІІ тоқсанындағы есеп бойынша отбасындағы жан басына шаққандағы табыс мөлшері 51 221 теңгеден аспауы керек. Қатты отын алуға өтініш берген тұрғындардың әрқайсысының
есепшотына 69 мың теңге көлемінде қаржы аударылады. Олар осы қаражатқа көмір сатып алуы қажет. Аталмыш қолдауды иелену үшін әлеуметтік санаттағы азаматтар тиісті құжаттарын жинап, Павлодар қаласы, Кривенко көшесі, 25-үй мекенжайындағы «Open Pavlodar» фронт-кеңсесіне тапсырады. Ол үшін мүмкіндігі шектеулі адамдардан мүгедектігі бар екенін растайтын анықтама, өзі тұрып жатқан тұрғын үйге меншік құқығын дәлелдейтін құжат, банктен 20 таңбалы шот нөмірі және жеке куәлік талап етіледі. Сол сияқты көпбалалы отбасылары да әлеуметтік мәртебесін растайтын анықтама мен жоғарыда аталған өзге де құжаттарын жинайды. Егер жеке үйді жалдап тұрған жағдайда оның иесімен жалдау шарты немесе тексеру актісі жасалады. Бұл мәселе бойынша толығырақ ақпарат алу үшін Павлодар қаласы, Академик Шөкин көшесі, 29/1 үй немесе 67-09-93 телефон нөмірі бойынша білуге болады. Павлодар қаласының әкімдігі облыс орталығының жанашыр тұрғындарынан өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар туралы қандайда бір ақпарат білсе, бұл жөнінде 109 және 32-00-96 нөмірлеріне қоңырау шалуды немесе Instagram әлеуметтік желісіндегі @otdel_soczashita_pvl парақшасына жазуды сұрайды.

Нұржайна ШОДЫР.