Біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде Баянауыл ауданына қарасты Торайғыр ауылындағы тау-тастың арасында қарақұрттың қаптап кеткені жайлы бейнежазба жарияланған болатын. Бұл жөнінде біз де мамандардың пікірін біліп, газетімізде мәселе көтерген едік. Алайда, аудандағы атқамінерлер аталмыш ақпарат ақиқаттан алшақ екенін айтқан еді. Енді Алматыдан арнайы шақырылып, тексеру жұмыстарын жүргізген зоология институтының мамандары Торайғыр көлінің солтүстік аумағында қауіпті жәндіктің пайда болғанын растады.

 

Биыл шілде айының ортасында Торайғыр ауылында қарақұрттың қаптап кеткені жайлы ақпаратты көрген көпшіліктен маза кеткен болатын. Себебі, дүйім жұртты дүрліктірген бейнежазбада тастың үстінде, қуысында өрмекші тәріздес қарақұрттардың қаптап жүргені түсірілген. Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген энтамолог ғалымдар аталмыш жәндіктер еліміздің оңтүстік өңірлерінен тасымалданатын түрлі жеміс-жидек, көкөністермен еріп келуі мүмкін деген болжам жасады. Олардың айтқаны айдай анық келді. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы Динара Күншуақованың айтуынша, Торайғыр көлінің солтүстік тасты жағажайында қарақұрт ошағы табылған.

— Оның анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Алматыдағы зоология институтының мамандарымен бірлесіп, жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Өрмекші тәрізді жәндіктердің үлгілері алынып, зертханалық тексеруге жіберілді. Соның қорытындысы бойынша зоология институтынан хат келді. Онда бұл өрмекшілердің қарақұрт екені анықталғаны туралы хабарланған. Қазіргі таңда Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері қарақұрт өрмекшілерін жою жұмыстарымен қызу айналысып жатыр, — дейді Динара Күншуақова. Оның айтуынша, қарақұрттардың тез таралып кетуінің алдын алу мақсатында тұрғындар мен демалушылар арасында да түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

— Қауіпті жәндіктердің көбейіп кетуіне жол бермеу үшін тазалық шараларын қатаң сақтаудың маңызы зор. Осыған орай, елді мекенге демалуға келетіндерге отыратын орындарын тазалап, айналасындағы аумақты тұрмыстық қоқыстардан арылтып тұру керек-тігін түсіндірудеміз. Тазалық жұмыстары да қолға алынуда. Өйткені, қоқыс жерлер қарақұрттар үшін қолайлы орын болып табылады, — дейді бөлім басшысы. Сондай-ақ, ол бұл жәндік біздің өңірімізге оңтүстік жақтан әкелінген жеміс-жидектермен ілесіп келгенін айтады. Аталған мәселеге байланысты Торайғыр ауылына алыс-жақыннан келушілерге сақтық шараларын ұстану керектігі қатаң ескертілуде. Мамандар қарақұрттарды жою жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр. Әзірге мұндағы демалыс аймағын карантинге жабу туралы шешім қабылданған жоқ. Ақ желеңділер қарақұрттың өте улы әрі қауіпті жәндік екенін ескертеді. Ол шағып алған жағдайда адамның іші мен кеудесі қатты ауырсынып, екі аяғы жансызданып, құрысып қалу қаупі бар. Сонымен қатар, басы айналып, құсқысы келіп, терісінде қызыл дақтар пайда болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну қажет. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, демалушылар осындай жағдайға тап болса, Торайғыр демалыс аймағында медициналық пункт бар, сонда барып ем-дом алу қажет. Мамандардың айтуынша, қарақұрт шағып алған жағдайда ауруды басатын дәрі және көп мөлшерде су ішкен дұрыс. Сұйықтық арқылы у ағзадан табиғи жолмен шығарылады. Ал денедегі зақымдалған орынды құрамында спирті бар заттармен немесе сутегі тотығымен залалсыздандыру керек. Айта кетерлігі, облысымызда осыдан 16 жыл бұрын қарақұрт қаптап, тұрғындарды әбігерге салған болатын. Соның кебін кимес үшін қауіпті жәндіктің таралып кетуіне жол бермеген жөн.

 

Нұржайна ШОДЫР.