Аққулы ауданының Тілектес ауылындағы жалпы орта білім беру мектебінің қазіргі сапасы сын көтермейді. 1972 жылы 80 орынға лайықталып ашылған мектеп ғимараты типтік үлгіде емес. Таяуда апатты жағдайдағы нысан ретінде қарастырылған ғимаратқа сараптама жүргізіліп, нәтижесінде оған күрделі жөндеу жүргізу қажет деген қорытынды шығарылған.

 

Десек те, Тілектес ауылының тұрғындары бұл шешіммен толық келіспейді. Мектептің қазіргі жағдайына байланысты алаңдаушылық білдірген олар балаларының қауіпсіздігі үшін жаңа мектеп салуды сұрап отыр. Алайда, арнайы сараптама жүргі-зілген соң, қамыстан салынған ескі мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі деп шешім қабылданған.

Бір қабатты ғимараттың жалпы ауданы 447,4 шаршы метрді құрайды. Бүгінде мектепте 1-11-сыныпта барлығы 47 оқушы және мектепалды даярлық сыныбында 5 оқушы білім алуда. Оқушыларға 18 мұғалім білім береді. Мектепте сегіз оқу кабинеті бар. Оқыту екі ауысымда жүргізіледі.

Аққулы ауданы білім беру бөлімінің басшысы Ерсін Еркеновтің айтуынша, 2022 жылғы 20 маусымда мектеп ғимаратына техникалық тексеру жүргізілген.

– Техникалық тексеру нәти-жесінде зерттелген нысанның конструкциялары жарамды екендігі анықталды. Нысанды сенімді пайдалану үшін күрделі және ағымдағы жөндеулер жүргізу талап етіледі. Биыл жөндеу жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталады. Мемлекеттік сараптаманың қоры-тындысына сәйкес жөндеу жұмыстары үш айға созылады, – дейді Ерсін Еркенов.

Бөлім басшысының айтуынша, ағымдағы жылы мектепті күрделі жөндеуге 150 миллион теңге сомасында қаражат бөлінді. Конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер ретінде «Namys Stroy» ЖШС анықталды. Күрделі жөндеу жүргізу кезінде қасбетті әрлеу, терезе және есік блоктарын, шатырды, еденді, электр сымдарын, жылыту жүйесін ауыстыру, ішкі әрлеу жұмыстары, абаттандыру және аумақты қоршау көзделген.

— Шағын жинақты мектебіміздің ғимараты типтік үлгіде болмағандықтан мұнда спорт зал және мәжіліс залы жоқ. Негізі, бұл – кезінде көп пәтерлі үй ретінде салынған ғимарат. Ауылда мектеп болмағандықтан, осы ғимараттың негізінде мектеп ашу жөнінде шешім қабылданған. Бастапқыда негізгі мектеп болып жұмыс істеді, кейін орта мектеп болып өзгертілді. Әрбір ата-ана балаларының жақсы жағдайда білім алғанын қалайды. Сондықтан ауыл тұрғындарының жаңа мектеп ғимаратын салу жөніндегі ұсынысы орынды деп білемін, — дейді мектеп директоры Айнұр Бекбауова.

Айнұр Баритқызының айтуынша, ауылдың болашағы бар. Арнайы мониторинг көрсеткендей, ауылда жылына 3-4 бала дүниеге келеді. Қандастар да көшіп келіп жатыр. Ауыл тұрғындары билік тарапынан түйінді мәселеге қатысты дұрыс шешім шығарылады деген үмітте.

Торғын ОРАЗАЛЫ.